ҚАУЛЫ
2025 жылғы 17 қыркүйек №6003-25-00-4к/348 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Əкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ə. Əбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
талап қоюшының өкілі А.К. Ахатованың, жауапкердің өкілі Ж.М. Мырзазияның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кəсіпкер Зауре Ибадуллаевна Бейсебаеваның жауапкер «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі – Басқарма) қатысты конкурстардың қорытындылары бойынша хаттамаларды заңсыз деп тану жəне күшін жою, конкурстардың қорытындыларын қайта қарау міндетін жүктеу туралы əкімшілік ісі бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан əрі – ƏІжСА) 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі берген кассациялық шағымы бойынша əкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған əкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, оны өткізілген конкурстардың заңсыздығымен, сондай-ақ шешімдер қабылдау кезінде кворумның болмауымен негіздеді. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Басқарманың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобасы бойынша жекеше əріптесті айқындау жөніндегі конкурс қорытындылары туралы №4493467-ОК1 лот бойынша №399426-1 хаттамасы, №4493466-ОК1 лот бойынша №399424-1 хаттамасы, №4493464-ОК1 лот бойынша №399422-1 хаттамасы, №4493463-ОК1 лот бойынша №399420-1 хаттамасы, №4493468-ОК1 лот бойынша №399428-1 хаттамасы, №4493469ОК1 лот бойынша №399430-1 хаттамасы, №4493470-ОК1 лот бойынша №399432-1 хаттамасы, №4493578-ОК1 лот бойынша №399615-1 хаттамасы, №4493571-ОК1 лот бойынша №399601-1 хаттамасы, №4493577-ОК1 лот бойынша №399613-1 хаттамасы, №4493560-ОК1 лот бойынша №399581-1 хаттамасы, №4493559-ОК1 лот бойынша №399577-1 хаттамасы, №4493557ОК1 лот бойынша №399575-1 хаттамасы №4493554-ОК1 лот бойынша №399565-1 хаттамасы заңсыз деп танылып, күштері жойылды.
Басқармаға аталған конкурс қорытындыларын қайта қарау міндеттері жүктелген. ƏІжСА-ның 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданды. Кассациялық шағымда талап қоюшының өкілі апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
«Зейнеп empire ofluck» ЖШС-ның, Б.Б.Калдыбектен, ЖК А.Н. Сарсенбекованың өкілдерінен Астана қаласына шығу мүмкіндігінің болмауын негізге ала отырып, сот отырысына бейнебайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхаттар келіп түсті. Алайда бұл өтінішхаттар қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен тағайындалған, бұл туралы барлық процеске қатысушылар алдын ала хабарландырылған. Көрсетілген мəн-жай соттың кассациялық сатысында сот отырысын өткізудің белгіленген форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Мүдделі тұлғалар ЖК Д.Ж. Калимбетовтан, ЖК Г.С. Байдрахмановадан, ЖК А.О. Умбетовадан істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтініштер түсті.
Бірінші жəне апелляциялық сатыларда іс жүргізуге қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты жəне өткізу форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеді жəне келмеу себептері жөнінде сотқа хабарламаған.
Қазақстан Республикасының Əкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ƏРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес, əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уəждерін талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дəлелдемелерді бағалаған кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ƏРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сəйкес, кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер ƏРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол берген. «Мемлекеттік-жекешелік əріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан əрі – Заң) 3-бабы 1-тармағының 1) жəне 2) тармақшаларына сəйкес мемлекеттік-жекешелік əріптестіктің негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстан Республикасының орнықты əлеуметтікэкономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік əріптес пен жекеше əріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдайлар жасау, инфрақұрылымды жəне халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік əріптес пен жекеше əріптестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекет экономикасына инвестициялар тарту болып табылады. Бұл міндеттер осы баптың 2-тармағының 2) жəне 6) тармақшаларында көрсетілген конкурстық, ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі қағидаттарының шеңберінде іске асырылады.
Мұндай конкурстарды өткізу тəртібі даулы құқықтық қатынастар туындаған сəтте қолданыста болған «Мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобаларын жоспарлаудың жəне іске асырудың кейбір мəселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 25 қарашадағы № 725 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобаларын жоспарлау, жекеше əріптесті айқындау жөнінде конкурс (аукцион) жəне тікелей келіссөздер жүргізу, мемлекеттік-жекешелік əріптестік шарттарының мониторингін жүргізу, мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобаларының іске асырылу мониторингін жүргізу жəне бағалау мəселелерін қамтитын мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобаларын жоспарлау жəне іске асыру қағидаларымен (бұдан əрі – Қағида) реттеледі (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 16 маусымдағы №52 бұйрығымен күшін жойған).
Қағиданың 87, 90-тармақтарына сəйкес жекеше əріптесті конкурс тəсілімен айқындау, оның ішінде екі кезеңдік рəсімдерді пайдалана отырып жүргізіледі.
Конкурсты ұйымдастырушы жекеше əріптесті айқындау үшін конкурстық комиссия (бұдан əрі – Комиссия) қалыптастырады. Кағиданың 93-тармағына сай, комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді. Комиссияның шешімі дауыс беру арқылы қабылданады жəне егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Осы Комиссияның кез келген мүшесі Комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда ерекше пікір білдіреді, оны Комиссия отырысы өткізілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Комиссияның жұмыс органына жібереді жəне хаттамаға қоса тіркеледі. Комиссияның отырысына Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса (кворум болса), Комиссияның отырысы заңды болып есептеледі. Комиссия отырыстарының хаттамаларына отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері, сондай-ақ Комиссияның хатшысы қол қояды. Басқарма басшының м.а. 2024 жылғы 9 тамыздағы №268 бұйрығына сəйкес конкурстық комиссияның құрамы бекітіліп (1-қосымша), оның құрамы 9 мүше мен 1 хатшы кірген:
- Тəжібаев Б.Д. – комиссия төрағасы;
- Маханбетов Ж.М. – комиссия төрағасының орынбасары;
- Касымбекова А.Е. – комиссия хатшысы;
- Намазбаева И.А. – комиссия мүшесі;
- Мырзазия Ж.М. – комиссия мүшесі;
- Каныбеков А.С. – комиссия мүшесі;
Жаппар К.Е. – комиссия мүшесі;
Нурманова Н.О. – комиссия мүшесі;
Ыдырыс Ə.Т. – комиссия мүшесі;
Басымбек Б.М. – комиссия мүшесі.
«Түркістан облысының коммуналдық орта (жалпы білім беретін) мектептерінде асханаларды жаңғырту жəне пайдалану (бұдан əрі – Мектеп)» мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобалары бойынша Конкурс құжаттамасының 13-тармақтарына сəйкес Конкурс өтінімінің «Бағалау» өлшемшарттарының жалпы бағасы əрбір өлшемшарт бойынша алынған балдарды қосу жолымен айқындалады: Бағалау = К1+К2+К3+К4+К5+К6... Өлшемшарттарды бағалау кезінде балдар тең болған жағдайда, басымдық білім алушылар мен тəрбиеленушілерді тамақтандыру қызметін ұйымдастыру саласында барынша көп тəжірибесі бар жеке əріптеске артықшылық беріледі. Бірнеше əлеуетті жекеше əріптестердің жұмыс тəжірибесі тең болған кезде, басымдық конкурсқа қатысуға өтінімі өзге əлеуетті жекеше əріптестердің бұрын келіп түскен жекеше əріптеске беріледі.
Дауланып отырған барлық конкурстар бойынша конкурс құжаттамасы мен олардың мазмұны бірдей.
Анықталған мəн-жайлардан Түркістан облысының мектептерінде асханаларды жаңғырту жəне пайдалану жөніндегі мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобасы бойынша жекеше əріптесті айқындау үшін Басқарма 14 лот бойынша конкурстар өткізгені көрінеді. Дауланып отырған 2024 жылғы 2 қыркүйектегі конкурстың хаттамаларына сəйкес:
№399426-1 хаттамаға сəйкес №4493467-ОК1 лоты бойынша №63, №42 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК А.О. Умбетова айқындалған;
№399424-1 хаттамаға сəйкес №4493466-ОК1 лоты бойынша №58, №20 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК А.О. Умбетова айқындалған;
№399422-1 хаттамаға сəйкес №4493464-ОК1 лоты бойынша №54, №21 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК Д.Ж. Калимбетов айқындалған;
№399420-1 хаттамаға сəйкес №4493463-ОК1 лоты бойынша №45, №28 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК А.О. Умбетова айқындалған;
№399428-1 хаттамаға сəйкес №4493468-ОК1 лоты бойынша №66, №1 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК А.О. Умбетова айқындалған;
№399430-1 хаттамаға сəйкес №4493469-ОК1 лоты бойынша №70, №65 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК А.О. Умбетова айқындалған;
№399432-1 хаттамаға сəйкес №4493470-ОК1 лоты бойынша №71, №6 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде «Зейнеп empire ofluck» ЖШС айқындалған;
№399615-1 хаттамаға сəйкес №4493578-ОК1 лоты бойынша №61, №60, №4, №78 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК Г.С. Байдрахманова айқындалған;
№399601-1 хаттамаға сəйкес №4493571-ОК1 лоты бойынша №38, №50, №39, №48 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК Арсен айқындалған;
№399613-1 хаттамаға сəйкес №4493577-ОК1 лоты бойынша №3, №5, №10, №2 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК А.Н. Сарсенбекова айқындалған;
№399581-1 хаттамаға сəйкес №4493560-ОК1 лоты бойынша №17, №24, №53, №18, №51 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде «TEC-SAPA GARANT» ЖШС айқындалған;
№399577-1 хаттамаға сəйкес №4493559-ОК1 лоты бойынша №14, №31, №46 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде ЖК Арсен айқындалған;
№399575-1 хаттамаға сəйкес №4493557-ОК1 лоты бойынша №68, №8, №9, №15 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде «Hot Meal» ЖШС айқындалған;
№399565-1 хаттамаға сəйкес №4493554-ОК1 лоты бойынша №64, №22, №11, №76 мектептер бойынша жеңімпаз ретінде «Зейнеп empire ofluck» ЖШС айқындалған.
Дауланып отырған 14 лот бойынша конкурстық комиссияның қорытынды хаттамаларына сəйкес барлық əлеуетті жекеше əріптестерге 49 баллдан берілген, оның ішінде жұмыс тəжірибесі бойынша əрқайсысына 10 баллдан тағайындалған.
Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандыра отырып, мынадай мəнжайларды негізге алды:
конкурстық комиссия отырысы шешім қабылдауға өкілетті болмаған, себебі конкурстық комиссияның 9 мүшесінің ішінен іс жүзінде тек 5 мүшесі ғана дауыс беруге жəне шешім қабылдауға қатысқан, ал кемінде 6 мүше қатысуға тиіс болған;
конкурстық комиссия тарапынан рəсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жол берілген, өйткені конкурстық құжаттамаға сəйкес балдар тең болған жағдайда, оның ішінде жеке əріптестің жұмыс тəжірибесі бойынша тең түскенде, басымдықты бірінші болып конкурсқа қатысуға өтінім берген үміткер алуға тиіс;
конкурстық құжаттамада белгіленген бағалау ережелері мен нақты бағалау процесі арасындағы əртүрлі тəсілдерге (қайшылықтарға) байланысты əлеуетті жекеше əріптестердің өтінімдері қандай тəртіппен қаралғаны жəне жеңімпаздың қалай айқындалғаны мүмкін болмаған.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің күшін жойып, іс бойынша талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдай отырып, мынадай мəн-жайларды негізге алды:
конкурстық комиссия отырысын өткізу үшін кворум болған, барлық 9 мүше қатысқан, ал жеңімпаздар конкурстық комиссия мүшелерінің жəне төрағасының дауыс беруі негізінде айқындалған;
заңнама нормаларында да, Қағидалар нормаларында да балдар тең болған жағдайда конкурсқа қатысуға өтінімді бірінші болып берген ықтимал жеке əріптеске артықшылық беру туралы ережелер көзделмеген.
Кассациялық сот істің материалдарындағы дəлелдемелерді бағалай отырып, іс бойынша анықталған мəн-жайларды ескере келе, апелляциялық сатыдағы соттың қорытындылары мынадай негіздер бойынша негізсіз деген тұжырымға келеді.
Іс материалдарынан Түркістан облысының мектептерінде асханаларды жаңғырту жəне пайдалану жөніндегі мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобасы бойынша жекеше əріптесті айқындау үшін Басқарма 14 лот бойынша конкурстар өткізгені көрінеді. Бастапқыда конкурстық құжаттамалар бекітіліп, онда біліктілік талаптары мен жеңімпаздарды айқындау тəртібі көзделген, сондай-ақ конкурстық комиссияның сандық жəне сандық-құрамдық құрамы белгіленген.
Басқарманың 2024 жылғы 9 тамыздағы №268 бұйрығына сəйкес құрамында 9 мүше жəне 1 хатшы бар конкурстық комиссия бекітілген.
Қағиданың 93-тармағына сəйкес Комиссияның отырысына Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса (кворум болса), Комиссияның отырысы заңды болып есептеледі. Комиссия отырыстарының хаттамаларына отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері, сондай-ақ Комиссияның хатшысы қол қояды.
Алайда қаралып отырған жағдайда конкурстық комиссияның отырысы кворум болмауына байланысты шешім қабылдауға өкілетті болмаған, өйткені конкурстық комиссияның 9 мүшесінің ішінен іс жүзінде тек 5 мүше ғана дауыс беруге жəне шешім қабылдауға қатысқан. Қабылданған шешімді заңды деп тануға болмайды, себебі шешім қабылдауға кемінде 6 мүше қатысуға тиіс болатын.
«Электрондық қаржы орталығы» АҚ ұсынған мəліметтерге сəйкес, іс жүзінде конкурстық комиссияның тек 5 мүшесі – Б.Д. Тəжібаев, И.Ə. Намазбаева, Ж.М. Маханбетов, А.С. Каныбеков, Ж.М. Мырзазия қатысқан. Конкурстық өтінімдерді бағалау мен шешім қабылдауды тек жоғарыда аталған 5 комиссия мүшесі жүзеге асырған.
Аталған мəн-жай дауланып отырған хаттамалар бойынша комиссия отырысын, қабылданған шешімді заңды деп тануға болмайтынын дəлелдейді, өйткені конкурстардың қорытындысын шығару кезінде кворум болмаған. Шешім қабылдау барысында Комиссия жарияланған конкурстардың нəтижелері бойынша шешім қабылдау үшін қажетті кворумға жете алмаған. Апелляциялық сатыдағы соттың бұл бөліктегі тұжырымдары негізсіз, оған кері дəлелдер ұсынылмаған. Жауапкер де, апелляциялық сатыдағы сот та көрсетілген мəн-жайларды жоққа шығармаған.
Электрондық веб-порталды жүргізуге уəкілетті ұйым «Электрондық қаржы орталығы» АҚ ұсынған мəліметтерде шешім қабылдауға тек 5 комиссия мүшесі ғана қатысқаны расталған, ал комиссияның өзге мүшелері туралы мəліметтер жоқ.
ƏРПК-нің 129-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сəйкес, дау айту жөніндегі талап қою бойынша дəлелдеу ауыртпалығын ауыртпалық түсіретін əкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді.
ƏРПК-нің 12-бабына сəйкес, Қазақстан Республикасының əкімшілік рəсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмəндар, қайшылықтар мен көмескіліктер əкімшілік рəсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.
Басқарма тарапынан талап қоюшының уəждерін жоққа шығаратын шынайы əрі жол берілетін дəлелдемелер ұсынылмаған, талап қоюшы келтірген аталған мəн-жайлар теріске шығарылмаған. Жоғарыда көрсетілгендей, бастапқыда конкурстық құжаттамада конкурстың қорытындыларын шығару жəне жеңімпаздарды айқындау тəртібі белгіленген.
Конкурс құжаттамаларының 13-тармақтарына сəйкес өлшемшарттарды бағалау кезінде балдар тең болған жағдайда, басымдық білім алушылар мен тəрбиеленушілерді тамақтандыру қызметін ұйымдастыру саласында барынша көп тəжірибесі бар жеке əріптеске артықшылық беріледі. Бірнеше əлеуетті жекеше əріптестердің жұмыс тəжірибесі тең болған кезде, басымдық конкурсқа қатысуға өтінімі өзге əлеуетті жекеше əріптестердің бұрын келіп түскен жекеше əріптеске беріледі.
Дауланып отырған қорытынды хаттамаларға сəйкес конкурстық комиссия барлық əлеуетті жекеше əріптестерге 49 баллдан берген, оның ішінде жұмыс тəжірибесі бойынша əрқайсысына 10 баллдан тағайындалған.
Қаралып отырған жағдайда конкурстардың қорытындылары бойынша да (барлығында – 49 балл), жұмыс тəжірибесі бойынша да (барлығында – 10 балл) балдардың теңдігі байқалады. Осыған байланысты конкурстық құжаттаманың 13-тармағының ережелеріне сəйкес қорытындылар өтінімді кім бірінші бергеніне қарай шығарылуға тиіс болатын.
Бұл ретте ЖК З.И. Бейсебаеваның барлық дауланып отырған 14 лот бойынша конкурстық өтінімдері басқа қатысушыларға қарағанда ертерек берілген.
Алайда конкурстық комиссия бұл тəртіпті бұзып, қорытындыларды қандай өлшемшарттарға сүйене отырып шығарғаны белгісіз, нəтижесінде қорытындылардың қандай тəсілмен жасалғаны мен жеңімпаздың қалай айқындалғанын анықтау мүмкін емес.
Апелляциялық сатыдағы соттың жəне жауапкердің конкурстық комиссия төрағасының ұстанымына сүйене отырып шешім қабылданғаны жөніндегі сілтемелері (Қағидалардың 93-тармағы) негізсіз, өйткені бұл жағдайда дауыстар тең түспеген, тиісінше комиссия төрағасының дауысы мəнге ие болмайды.
Қалыптасқан жағдайда конкурстық комиссияның қажетті мүшелері мен кворумы болмаған, сондықтан мұндай құрам бастапқыда қорытынды шығаруға құқылы емес еді.
Жауапкер ұсынған жəне апелляциялық сатыдағы сот қабылдаған ұстаным қолданылуға жатпайды, өйткені бұл жерде дауыстар теңдігі емес, балдардың теңдігі орын алған. Ал конкурстық құжаттамада балдар тең болған жағдайда туындайтын даулы жағдайларды шешуге мүмкіндік беретін нақты өлшемшарттар көзделген.
Алайда конкурстық комиссия мен апелляциялық сатыдағы сот Қағидалардың 93-тармағын қате түсіндіріп, оны дұрыс қолданбаған.
Конкурстық құжаттамада осы бөлікте жеңімпазды айқындаудың нақты тəртібі белгіленген. Мұндай жағдайда жеңімпаз конкурстық өтінімді ертерек тапсырған қатысушы болып айқындалуы тиіс. Сондықтан апелляциялық сатыдағы соттың бұл бөлікке қатысты тұжырымдары негізсіз болып табылады, өйткені мұндай нормалардың Заңда жəне Қағидаларда көзделмеуі конкурстық құжаттамадағы ережелердің қолданылуын жоққа шығармайды. Уəкілетті орган – Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті де сот отырыстарында Басқарма жіберген құқық бұзушылықтарға назар аударған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сотының шешімінің күшін жойып, істі қайта қараған кезде талапты қанағаттандырудың негізіне алынған дəлелді тұжырымдарды теріске шығарған жоқ. Жоғарыда көрсетілген іс бойынша нақты мəн-жайларға тиісті құқықтық баға берілмеген.
Осыған байланысты кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сотының шешімін күшінде қалдыру туралы қорытындыға келеді. Апелляциялық сатыдағы сот нормаларды қолдануда елеулі материалдық жəне процестік құқықтарын бұзған, оның тұжырымдары істің нақты мəн-жайларына сəйкес келмейді. ƏРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Əбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.