ВС РК - Определение от 11.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/10 (Административное)

6001-24-00-6ап/10

ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ

2024 жылғы 11 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,

талап қоюшы М[...], жауапкер өкілі Б[...] қатысуымен,

өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару туралы 2021 жылғы 22 маусымдағы №03-03/103 бұйрығын заңсыз деп тану және тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап арызы бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешіміне және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

М[...] жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде 2014 жылдың 22 шілдесінде «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне тұрғанын, алайда Басқарманың 2021 жылғы 22 маусымдағы №03-03/103 бұйрығы негізінде тұрғын үй алу кезегінен заңсыз шығарылып тасталғанын көрсеткен.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, Басқарманың талап қоюшыны тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару Бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Басқармаға М[...] 2014 жылғы 22 шілдесінен бастап «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қою міндеттелген.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 67-бабының 1-тармағының 1-1) тармақшасына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған жетiм балаларға пайдалануына беріледі.

Заңның 73-бабының 1-тармағының талаптары бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныс аудару тәртібімен Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар есептен шығарып тасталуға жатпайды.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, М[...] 2014 жылғы 22 шілдесінен бастап «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған, 2016 жылдың 16 шілдесінде тұрмысқа шығып, некеден кәмелетке толмаған екі балалы болған.

2019 жылғы 26 ақпандағы сатып алу - сату келісім шарты бойынша талап қоюшының жұбайы М[...] Астана қаласы, [...] мекен-жай бойынша тұрғын үй алып, оны 2021 жылдың 10 қыркүйегінде сатып алу-сату келісімшарты негізінде сатып жібергеніп басшылыққа алып, Басқарманың бұйрығымен М[...] тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығарылып тасталған.

Алайда, Басқарма істің мән-жайын мүлдем зерттемеген, жоғарыда көрсетілген заң нормаларына сәйкес тұрғынжайға мұқтаж деп танылған жетім балалар мемлекеттен өздеріне тиесілі тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарылуға жатпайтынын назарға алмай, тұрғын үй қатынастары туралы заңнама талаптарын өрескіл бұзушылуына жол берген.

Сот алқасы осы заңдылықтардың бұзылу фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдап, келешекте болдырмау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің назарына жеткізу қажет деп санайды. АПК-нің 270-бабын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

ҰЙҒАРДЫ:

Талап қоюшы М[...] жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару туралы 2021 жылғы 22 маусымдағы №03-03/103 бұйрығын заңсыз деп тану және тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қалпына келтіруді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша орын алған заң бұзушылықтарды келешекте болдырмау мақсатында және тиісті шаралар қабылдау үшін Астана қаласы әкімдігінің назарына жеткізілсін.

Осы жеке ұйғарымды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына хабарлансын.

Жеке ұйғарым жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

С.Ү. Баймаханов

Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.