ВС РК - Постановление от 06.02.2020 по делу 6001-20-00-6КГ/3 (Об административном правонарушении)

КӨШІРМЕСІ

6кг-3-20

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 06 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Рахметулин,

судьялар Г.Әлмағамбетова, Ж.Ермағамбетова, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...], Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілі К[...] (бұдан әрі – уәкілетті орган),

Ақтөбе қаласының білім бөлімінің өкілі Т[...], аудармашы Ж[...],

әкімшілік жауапқа тартылған М[...] қатысуларымен, кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 18 шілдедегі және Ақтөбе облыстық сотының 2019 жылғы 8 тамыздағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокурор орынбасарының наразылығы бойынша келіп түскен

М[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ақтөбе қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) тексеру жүргізіп, «№35 «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорында (бұдан әрі – Балабақша) бала саны 190, ал балабақшаның сыйымдылығы 150 орын деп, яғни санитариялық нормаларға сәйкес келмейтіні туралы қортынды жасап, 2019 жылғы 17 мамырдағы қаулымен Балабақшаның меңгерушісі М[...] ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 230 АЕК мөлшерінде – 580 750 теңге айыппұл салған.

Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының мамандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 18 шілдедегі қаулысымен Басқарманың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Ақтөбе облыстық сотының 2019 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Бас Прокурор орынбасарының наразылығында М[...] әрекетінде құқық бұзушылық құрамы жоқ, өйткені, бала санының толықтығы мен артуы қала әкімдігі мен білім бөлімінің әрекетінен пайда болған деп, қаулыларды бұзу көрсетілген.

Алқа М[...] мен прокурордың наразылықты қолдаған, уәкілетті органның қаулыларды күшінде қалдыру жөнінде пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, наразылықтың уәждерін талқылап, қаулылар өзгеріссіз қалдыруға жатады деп есептейді.

Іс құжаттарына сәйкес Ақтөбе қаласы әкімінің 2012 жылғы 22 қазандағы қаулысымен «№35 «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылған . Балабақшаның жобалық сыйымдылығы 150 орын деп белгіленген.

Осыған байланысты Ақтөбе қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізіп, Балабақшада бала саны 190, ал балабақшаның сыйымдылығы 150 орын деп, яғни санитариялық нормаларға сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасады.

Сол себептен Балабақша меңгерушісі М[...] ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылған.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы №615 бұйрығы бойынша «Мектепке дейінге ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялықэпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 2 және 4 – қосымшасына сәйкес ойын бөлмесінің көлемі бөбектер мен мектепке дейінге топтар үшін 1 балаға кемінде 2,0 м² есебінен болуы, бір топта 25-тен артық бала болмауы қажет.

Балабақшаны тексеру кезінде көрсетілген санитариялық талаптар бұзылғандығы анықталған. Осы заң бұзушылық фактісі жөнінде наразылықта дау айтылмайды. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 48-бабының 1, 2, 6 – тармақтарына сәйкес білім беру ұйымдарында білім алушылардың, тәрбиеленушілердің науқастануын болдырмау, денсаулығын нығайту, тән саулығын жетілдіру, салауатты өмір салтына қалыптастыру жөніндегі қажетті шаралардың орындалуы қамтамасыз етіледі, оқу жүктемесі, сабақ режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитариялық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде әзірленген білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады. Білім беру ұйымдарында оқытудың, тәрбиелеудің, еңбек пен тынығудың салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасау үшін жауапкершілік олардың басшыларына жүктеледі.

Сонымен бірге осындай талаптар Балабақша меңгерушісінің бекітілген лауазымдық міндеттерінде көрсетілген. М[...] міндеттерімен танысқан.

Яғни, Балабақшаға санитариялық-эпидемиологиялық ережелерге сәйкес сыйымдылық нормасы бойынша балаларды орналастыру және қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілік басшыға жүктелген.

Білім бөлімі өкілінің жауаптары бойынша М[...] жыл сайын Балабақшаға қанша бала қабылдайтын индикативті жоспар тапсырады, 2018 жылдан бері балаларды қабылдау электронды түрде жүзеге асырылады, Білім бөлімі оған қатыспайды.

Мұндай жағдайда М[...] ӘКБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп шығарылған қаулылар заңға сәйкес келеді. ӘҚБтК-тің 30-бабына сәйкес лауазымды адам өз қызметтiк мiндеттерiн орындамауына немесе тиiсiнше орындамауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жағдайда әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылады.

Б.М[...] балалардың сыйымдылығы санитариялық нормаларға сәйкес келмеген жағдайда, балаларды қабылдаудан бас тартуға тиісті шаралар қабылдауды қажет еді. Бірақ іс құжаттарында осы мәселе бойынша дәлелдемелер анықталмаған.

Сондықтан прокурордың наразылығын қанағаттандыруға негіз жоқ.

Сонымен қатар жаза тағайындағанда уәкілетті орган мен соттар заңды дұрыс қолданбаған.

ӘҚБтК-нің 40-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат тұтпайды

Балабақша меңгерушісінің жалақысы 94 344 теңгеден аспайды, ал салынған айыппұлдың мөлшері оның жалақысынан 6 есе көп, ол М[...] отбасын асырауына зиян келтіреді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сондықтан алқа ӘҚБтК-нің 819-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұл мөлшерін отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады деп есептейді.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І : Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша М[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 18 шілдедегі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 8 тамыздағы қаулылары өзгертілсін.

М[...] қатысты ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл 406 525 (төрт жүз алты мың бес жүз жиырма бес) теңгеге дейін төмендетілсін.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурор орынбасарының наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

А.Рахметулин

Судьялар Г.Әлмағамбетова Ж.Ермағамбетова Көшірмесі дұрыс: А. Рахметулин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.