6кп/77
2022 жылғы 4 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева,
судьялар А.С. Стыбаев, Б.Б. Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы аға прокуроры Т[...],
әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Т[...],
Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік аудит департаменті республикалық мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - Департамент) өкілі Е[...] қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,
Т[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 207-бабының 11-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Түркістан облысы Шардара аудандық сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы қаулысымен Т[...] Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 207-бабының 11-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 306 300 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Түркістан облыстық сотының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгертіліп, Т[...] ӘҚБтК-нің 207-бабының 11-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 2 250 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 6 891 750 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарау көрсетілген. Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі Т[...], прокурордың, ұсынуға қарсы болған уәкілетті орган өкілінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Т[...] Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «№16 колледж» МКҚК-ның директоры лауазымын атқарған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігінің және Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2020 жылғы 12 наурыздағы № 20-пгвр қаулысы негізінде барлық колледждер пандемияға байланысты онлайн оқуға жіберілген.
Алайда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 31 тамыздағы хатына сәйкес 2021-2022 оқу жылында 1 қырқүйегінен бастап колледж студенттерінің дәстүрлі оқыту форматына көшуіне нұсқау берілген.
Т[...] колледж директоры бола тұрып, колледж студенттерін тегін тамақтанумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен тікелей келісім жасасу туралы бұйрық шығара отырып, « Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы заңының 39-бабы 3-тармағының 50) тармақшасының тәртібімен 9 635 701 теңгеге азық түлік тауарларын 55 лотпен сатып алу шарттарын жасаған.
Өтінішхаттың уәждеріне сәйкес, істі соттар қараған кезде колледж студенттерінің дәстүрлі оқыту форматына көшуіне орай оларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету құқығын іске асыру бойынша жедел қажеттілік туындағанын, ал жалпы тәртіппен мемлекеттік сатып алу өткізуге 56 күн қажет болғанын, осы ретте сатып алу шарттарының жасалу мән-жайларын, нұсқауды орындаудың басқа мүмкіндіктерінің болмағанын, ӘҚБтК-нің 37-бабының ережесі бойынша әкімішік құқық бұзушылық аса қажеттілік жағдайында жасалынғанын тексермегенін көрсеткен.
ӘҚБтК-нің 737-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің міндеттері мыналар:
- әрбiр iстiң мән-жайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективтi анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу;
- іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету;
- әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.
ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 1,2-бөліктерінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде сот әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалды ма, осы тұлға оны жасауға кiнәлi ме, ол әкiмшiлiк жауаптылыққа жата ма, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар бар ма, мүлiктiк залал келтiрiлген бе, осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және осы Кодексте көзделген басқа да хаттамалар дұрыс жасалған ба, істің өзге де материалдары дұрыс ресімделген бе, іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар, тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар бар ма, соны анықтауға, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға мiндеттi.
Сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталғанын ескере отырып, өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғалған адамға салынған және осы Кодекстің 44-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес есептелетін әкімшілік айыппұлдың мөлшерін қысқартуға, бірақ айыппұлдың жалпы сомасының отыз пайызынан асырмай қысқартуға құқылы.
ӘҚБтК-нің 13-бабында бекітілген гуманизм қағидатына сәйкес құқық бұзушылық жасаған адамға қолданылатын әкiмшiлiк жаза дене азабын келтіруді немесе адами қадiр-қасиетті қорлауды мақсат тұтпайды.
ӘҚБтК-нің 40-бабының 2,3,4-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Әкiмшiлiк жаза әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадiр-қасиетiн қорлауды, сондай-ақ заңды тұлғаның iскерлiк беделiне зиян келтіруді мақсат тұтпайды. Әкiмшiлiк жаза мүлiктiк залалдың орнын толтыру құралы болып табылмайды.
Өтінішхаттың дәлелдері осы істі соттар қараған кезде жоғарыда көрсетілген заң талаптары толық көлемде орындалмады деп пайымдауға негіз болады. Сот салған айыппұл 6 891 750 теңгені құрады, ал шарттардың жалпы сомасы 9 635 701 теңгені құрайды.
Кассациялық сатыдағы сотқа қосымша құжаттар: Т[...] жалақысы туралы анықтама, асырауында төрт кәмелеттік жасқа толмаған балаларының туу туралы куәліктері ұсынылған. Сот жаза тағайындау барысында Т[...] жалақысының мөлшерін, асырауында төрт кәмелеттік жасқа толмаған балаларының барын, жазаның көлемі жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлi адамның жеке басына, мүлiктiк жағдайына сәйкес келмейтінін ескермеген. Осы орайда ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігі негізсіз қолданылмаған.
ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3)-тармағының негізінде құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділік бұзылғандықтан жергілікті соттың сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады. Істі жаңадан қарау кезінде сот заң бұзушылықтарды жоюға, қосымша материалдарды сұратуға, істің барлық мән-жайларын мұқият зерделеуге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша процеске қатысушылардың дәлелдерін тексеруге, оларға дұрыс құқықтық баға беруге және белгіленген мән-жайлардың негізінде іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
Түркістан облысы Шардара аудандық сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы және Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А.Қыдырбаева Судьялар А.Стыбаев Б.Шермұхаметов Көшірмесі дұрыс Судья А. Қыдырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.