6001-25-00-3гп/175
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10-маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - төраға Н.К.Шәріповтің, судьялар М.Т.Балкеннің, Б.Р.Ералиеваның, талап қоюшының өкілі - Л.Жәмиеваның, жауапкердің өкілі - А.К. Бекболатовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Қармақшы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «ӨМІРЗАҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6-қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы Серіктестіктің келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Мекеме сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 3-қыркүйектегі шешімімен Мекеменің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6-қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, Мекеменің талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Өтінішхатта арызданушы істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкердің уәжін, өтінішхат уәждерін талқылап, тыңдап, электрондық ісқұжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттармен жол берілмеген деген пікірге келуге болады.
Мекеме мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабын Серіктестіктің шарт бойынша міндеттемесін толық орындамауына негіздеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 17-наурызда тараптардың арасында құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалған. Серіктестік аталған Шартқа сәйкес «Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы» жұмыстары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға міндеттенген. Шарттың құны 531 308 122 теңгені құраған. Шарттың орындалу мерзімі рұқсат алынған күннен бастап 11 ай ішінде орындалуға тиісті болған. 2022 жылғы 16маусымда, 2-желтоқсанда, 2023 жылғы 13-сәуірде, 4-маусымда және 2024 жылғы 4-наурызда қосымша шарттар жасалған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуын Мекеме сотқа жүгінген кезде Серіктестік өзіне жүктелген міндеттемелерін толықтай орындағанын, яғни Мекемеге жағымсыз салдарлар туындамағанын, сол себепті әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттары басшылыққа алынуға жататынын көрсеткен. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, жаңа шешім қабылдап, құрылыс жұмыстарының толық аяқталмағанын, Мекеменің тарапынан берілген кемшіліктерді жою бойынша нұсқамалардың Серіктестікпен орындалмағанын көрсеткен.
Кассациялық сатыда іс қарау барысында жауапкермен тұрақсыздық айыбы сомасының төленгені, құрылыс нысанының толық көлемде аяқталып, акт бойынша тапсырыс берушіге тапсырылғаны анықталды. Бұл мән-жайларды талап қоюшының өкілі мойындап, жұмыс аяқталғаннан кейін Мекеменің жауапкерге талаптары жоқ екені туралы түсінік берді.
«Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2022 жылғы 21-сәуірдегі № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы өнім берушілермен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қоюларды қарау кезінде соттар АК-нің 359-бабына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізі ретінде өнім берушінің кінәсін және АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, Тапсырыс беруші үшін туындаған жағымсыз салдарларды назарға алуы қажет. Шарт тарабына шартты жасасу кезінде үміт артуына құқылы болғанынан едәуір дәрежеде айырылуына келтірген залалды жағымсыз салдарлар деп түсінген жөн (АК-нің 401-бабының 2-тармағы).
Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында осы жайттарды ескермеген деген қорытындыға келуге болады.
Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы апелляциялық сатыдағы сотпен осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген
қорытындыға келе отырып, іс бойынша қабылданған даулы сот актісін заңды және негізді деп табуға болмайды.
Сондықтан сот алқасы апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыру туралы түйінге келді.
Алқа, іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін ескере отырып, даудың мән-жайы толық анықталғанын, алайда апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда қателік жібергенін анықтады.
АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы,
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6-қарашадағы қаулысының күші жойылсын. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 3-қыркүйектегі шешімі күшінде қалдырылсын.
Бюджет қаражатынан «ӨМІРЗАҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыс сомасы өндірілсін.
«ӨМІРЗАҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н.К.Шәріпов
Судьялар Б.Р.Ералиева
М.Т. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.