6001-21-00-3Г/3460
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 12 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ж.М.Қашқынбаева талап қоюшы «Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорына (бұдан әрі – Қоғамдық қор) 160 000 000 теңге ақшалай соманы бюджетке қайтару туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау туралы Қоғамдық қордың келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Мекеме Қоғамдық қорға қатысты жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Қоғамдық қорыдан мемлекет кірісіне 160 000 000 теңге ақшалай сома және 4 800 000 теңге сот шығындары өндірілген.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта Қоғамдық қор сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты өтінішхат кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін берілуге жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
2018 жылғы 19 желтоқсанда Мекеме мен Қоғамдық қорыдың арасында мемлекеттік сатып алу туралы № 81 шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалған.
Шарт мемлекеттік тіркеуден 2018 жылғы 20 желтоқсанда өткізілген.
Шарттың жалпы құны 160 000 000 теңгені құрап, міндеттемелердің орындалу мерзімі 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп белгіленген.
Шарт бойынша Қоғамдық қор Атырау облысының құрама командасын 2018 жылғы маусымдағы футболдан республикалық чемпионатқа және Қазақстан Республикасының кубогына дайындау және қатыстыру қызметін көрсетуге, ал Мекеме аталған қызметтерді көрсеткені үшін ақы төлеуге міндеттенген.
2018 жылдың 26 қыркүйегі мен 19 желтоқсаны аралығында көрсетілген қызметтер үшін 2018 жылғы 20 желтоқсанда орындау актісі жасалып, тараптармен қол қойылған.
Жергілікті соттар талап қою арыздың қанағаттандырылуын:
-Шарттың 8.1-тармағына сәйкес Тапсырыс беруші оны қазынашылық органында тіркегеннен кейінгі күннен бастап күшіне енетіні көзделген, ал шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшада қызметтерді көрсету мерзімі 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп белгіленгенімен;
- Шарт мемлекеттік тіркеуден 2018 жылғы 20 желтоқсанда өткізілуіне байланысты тараптардың міндеттемелері 2018 жылғы 21 желтоқсанда ғана туындап, 2018 жылғы 31 желтоқсанда аяқталуы тиіс болғанымен;
-талап қоюшының ұсынған есебіне сәйкес Қоғамдық қордың 2018 жылғы 31 желтоқсан аралығында көрсетілген қызметі үшін Мекеме төлем жасауға міндетті болғанына қармастан, 2018 жылдың 26 қыркүйегі мен 19 желтоқсаны аралығында көрсетілген қызметтер үшін заңсыз 160 000 000 теңге төлем аудару фактісіне жол берілгендігімен тұжырымдаған.
Алайда арызданушының пікірінше сот актілерінде іс үшін маңызы бар сот анықтаған мән-жайлардың дәлелденбеуіне, сондай-ақ сот тұжырымдарының осындай мән-жайларға сәйкес келмеуіне, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты заңсыз және негізсіз деп санайды.
Соттармен келесі дәлелдерге назар аударылмаған:
-2018 жылдың қыркүйек - желтоқсан аралығында қызмет көрсеткен кезде Шарт тараптармен келісілген;
-тараптар арасында жасақталған атқарылған жұмыс актісі соттың шешімімен жарамсыз деп танылмаған;
-ақша қаражаттары мақсатқа сай жұмсалған, сондықтан оны қайтаруға негіз жоқ.
Бюджет қаражаттары мақсатсыз жұмсалғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған, мемлекетке залал әкелмейтін формалдық бұзушылықтармен ғана шектелген.
Тараптар арасында жасалған Шартпен көрсетілген қызметтердің актісі жарамсыз деп танылмағандығы туралы соттардың уәждері негізсіз болып табылады, себебі азаматтық-құқықтық дау олардың мәніне емес, қызметтерді көрсету мерзіміне қатысты туындаған.
Алайда, Шарт жасағанға дейін көрсетілген қызметтер үшін бюджет қаржысын аудару мемлекетке залал әкелмеген, өйткені аталған қаражаттар мақсатқа сәйкес жұмсалған.
Арыз берушінің жоғарыда аталған және өтінішхатта көрсеткен басқа уәждері сот отырысында тексерілуге жатады.
АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешіміне, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысына келтірілген өтінішхат іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ж.Қашқынбаева
Көшірмесі дұрыс
Судья Ж.Қашқынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.