ВС РК - Постановление от 07.04.2022 по делу 6001-22-00-6ап/101 (Административное)

6001-22-00-6ап/101

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 7 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Ж.Б. Ермагамбетова болып, талап қоюшының өкілі К[...], жауапкердің өкілі Н[...],

мүдделі тұлға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер К[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Қазынашылық комитет) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қарашадағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) К[...] жауапкер Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 25 маусымдағы № 111564-06-21 мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы бұйрығының (бұдан әрі - Бұйрық) күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 тамыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, бұйрықтың күші жойылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қарашадағы қаулысымен шешімнің күші жойылып әкімшілік талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға берген қарсылығында дауланып отырған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық саты сотында мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – тапсырыс беруші) 357 142,86 теңгеге «спорттық және ұқсас іс-шараларды ұйымдастыру қызметтерін» мемлекеттік сатып алуды өткізген.

Әлеуетті өнім беруші ЖК К[...] бұл қызметке 10 000 теңге, ал ЖК «Иманали» 348 000 теңге ұсынған.

2021 жылғы 17 маусымдағы қорытынды туралы хаттамаға сәйкес ең төменгі баға ұсынған ЖК К[...] мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болып танылған.

2021 жылғы 21 маусымда тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шартты ЖК К[...] 2021 жылдың 25 маусымға дейін қол қою үшін жолдаған.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабына, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.

Бұл жағдайда Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.

ЖК К[...] шартқа заңда көзделген мерзімде қол қоймаған. Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің Бұйрығымен ол мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.

Бірінші сатыдағы сот ЖК К[...] 2021 жылғы 24-26 маусым аралығында дәрігердің көмегіне жүгініп, ем алғанынын көрсетіп, шартқа қол қоюдан қасақана жалтармағандығын жөнінде тұжырымға келіп, талап арызды қанағаттандырған.

Апелляциялық сатыдағы сот бұл негіздемемен келіспей ЖК К[...] науқас болған кезде («жедел тонзиллит») жағдайы қанағаттанарлық болғанын, келісім шартқа қол қоюға мүмкіншілігі бола тұра заң нормаларын сақтамағанын көрсетіп, талапты қанағаттандырусыз қалдырған.

Апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымы заңды және негізді болып табылады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 359бабына сәйкес борышқор кiнәлi болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны және (немесе) тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады.

АК-нің 8 бабының 4-тармақшасына сай азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.

Талап қоюшының әрекеті заңның бұл талаптарына сәйкес келмейді.

ЖК К[...] шартқа қол қоюға тиісті кезеңде науқас болғаны теріске шығарылмаған. Бірақ оның амбулаториялық жағдайда ем қабдылдауы шартқа қол қоюға кедергі болмаған деген апелляциялық саты сотының тұжырымы орынды.

Шартқа заңда көзделген мерзімде қол қоймауға дәлелді себептер болмаған.

Жоғарыда аталғандай тапсырыс беруші 357 142,86 теңгеге мемлекеттік сатып алуды жариялаған. ЖК К[...] бұл қызметке ақылға қонымсыз баға - тек қана 10 000 теңге ұсынған. Талап қоюшының өкілі сот алқасының мәжілісінде бұл баға қателікпен қойылмағанын бекітті.

Әлеуетті өнім беруші ЖК «Иманали» болса 348 000 теңге ұсынған.

Сот алқасы бұл мән-жайларды ЖК К[...] мемлекеттік тапсырысты өзі ұсынған бағаға орындаудан жалтаруы деп бағалайды.

Сондықтан дауланып отырған қаулы күшінде қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының осы іс бойынша қабылданған 2021 жылғы 10 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. ЖК К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Ж. Ермагамбетова

Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.