ВС РК - Постановление от 11.04.2023 по делу 6001-22-00-6ап/1701 (Административное)

6001-22-00-6ап/1701

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 11 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Н.Ү.Қайыпжан, судьялар Д.А.Токмурзина, Ж.Б.Ермағамбетова болып, талап қоюшы Н.Д, Б[...] өкілі - С[...], жауапкер «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Министрлік) өкілдері Ж[...], Ж[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі» мемлекеттік мекемесіне келтірген нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 сәуіріндегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Б[...] сотқа аталған әкімшілік талап арызбен жүгініп, «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі» мемлекеттік мекемесіне келтірген нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 сәуіріндегі шешімімен талап қоюшының талап арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы сот актілерімен келіспей, кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын бұзуға жол берген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2014 жылғы 30 шілдеде Маңғыстау облысының аумақтық нотариат палатасы мен Б[...] арасында тәжірибе өту жөніндегі шартқа сәйкес талап қоюшы 2014 жылдың 30 шілдесінен бастап 2015 жылдың 30 шілдесіне дейін Жаңаөзен қаласының жекеше нотариусы Д[...] тәжірибе сынағынан өткен. Тағылымдамадан өту туралы қорытынды 2016 жылдың 13 қыркүйегінде бекітілген.

2021 жылғы 17 тамызда талап қоюшы «Маңғыстау облысының Әділет департаменті» ММ-ге (әрі қарай - Департамент) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттауға жіберу туралы өтініш келтіріп, 2021 жылғы 30 тамызында өтінішті қарау қорытындысы бойынша комиссия аттестаттауға жіберу туралы дәлелді шешім шығарған.

Аттестаттау нәтижелері бойынша Б[...] тестілеу бойынша - 84 балл, емтихан билеті бойынша - 4 балл жинаған.

К[...] нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткерді аттестаттау туралы 2021 жылғы 07 желтоқсанында шешімімен К[...] Б[...] аттестаттауды шешті.

2021 жылы 13 желтоқсанда Б[...] нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беруге өтінішін "электрондық үкіметтің" вебпорталы арқылы (www.egov.kz, www.elicense.kz) Министрлікке жіберген. Алайда, 2022 жылғы 06 қаңтарда Министрлікпен талап қоюшыға нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беруден бас тартылды, оның себебі «өтініш берген сәтте тағылымдамадан өту туралы қорытындының қолданылу мерзімі аяқталды» деп көрсетілген.

Жергілікті соттар істі қарау барысында «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 7-бабының 10-тармағының ережелерін қолдана отырып, Б[...] лицензия алуға 2021 жылдың 13 желтоқсанында өтініш берген кезінде, оның 2016 жылдың 13 қыркүйегіндегі тағылымдамадан өткен мерзімнің аяқталуына байланысты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Алқа жергілікті соттардың қорытындыларымен келесі себептер бойынша келіспейді.

«Құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.

Осы баптың 1-тармағының қағидасының ерекшеліктері, ол нормативтік құқықтық актінің немесе оның бір бөлігінің кері күші осы нормативтік актінің қолданысқа енгізілуін қарастырған және де осы құқықтық актінің бір бөлігі азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайды немесе олардың жағдайларын жақсартады.

Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 5 шілдедегі №177-VІ Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістерге сәйкес, Заңның 7- бабының 10-тармағында тағылымдамадан өту туралы қорытынды бекітілгеннен кейін үш жыл бойы жарамды екендігі көрсетілген (2018 жылдың 22 шілдесінде қолданысқа енгізілген).

Заңның бұл нормасы азаматтардың жағдайын нашарлатады және оларға бұрын берілген қорытындының мерзімі өткеннен кейін тағылымдамадан өтуге жаңа міндеттер жүктейді. Сонымен қатар, заң шығарушы бұл норманың кері күшін көрсеткен жоқ.

Демек, қорытындының үш жылдық әрекет ету мерзімі туралы белгіленген талап жоғарыда аталған норма күшіне енгенге дейін берілген нотариустағы тағылымдамадан өту туралы қорытындыларға қолданылмайды.

Талап қоюшының нотариуста тағылымдамадан өтуі туралы қорытынды Заңның 7-бабының 10-тармағының нормасы қолданысқа енгізілгенге дейін 2016 жылғы 13 қыркүйекте бекітілгені анықталды.

Осыған байланысты талап қоюшыға нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беруден бас тарту негіздері заң талаптарына сәйкес келмейді.

Жауапкердің 2018 жылғы 22 шілдедегі тағылымдамадан өту туралы қорытындының әрекет етуінің үш жылдық мерзімін есептеу заңдылығы ретінде Азаматтық кодекстің 4-бабының 2-тармағына сілтеме жасауы негізсіз.

Азаматтық кодекстің 1-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтық заңдармен тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдiгiне негiзделген өзге де мүлiктiк қатынастар, сондай-ақ мүлiктiк қатынастарға байланысты мүлiктiк емес жеке қатынастар реттеледi. Қаралып отырған іс бойынша тараптар арасында азаматтық құқық нормалары қолданылмайтын жария-құқықтық қатынастардан туындады.

Сонымен қатар, алқа талап қоюшының жауапкерге жүгінгенге дейін жергілікті әділет органында қабылданған және оң аттестациядан өткеніне назар аударады.

Заңның 8-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия (нотариус лицензия) беруі үшін дәлме-дәл аттестаттау нәтижелері негіз болып табылады, тағылымдамадан өту мерзімі емес.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, алқа судьялары жергілікті соттар дауды қарау кезінде материалдық құқық нормаларын бұзған, қолдануға жатпайтын азаматтық құқық нормаларын қолданып, заңсыз сот актілерін шығаруға соққан деген қорытындыға келеді.

Жауапкердің талап қоюшыға нотариаттық қызметпен айналысуға лицензия беруден бас тартуға байланысты әрекеттері заңға негізделмеген, бұл ретте көрсетілген талап арыз бен талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандыруға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 сәуірдегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 шілдедегі қаулысының күштері жойылып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Б[...] нотариустағы тағылымдамадан өту туралы қорытындысының қолдану мерзімінің аяқталуына байланысты нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беруден бас тарту туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2022 жылғы 6 қаңтардағы №21680099 актісі заңсыз деп танылсын және күші жойылсын.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігін жіберілген заң бұзушылықтарды бір ай мерзімде жою міндеттелсін.

Талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Қайыпжан

Судьялар

Д.Токмурзина Ж. Ермағамбетова Көшірмесі дұрыс Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.