ВС РК - Постановление от 14.07.2021 по делу 6001-21-00-3гп/92 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/92

ҚАУЛЫ

14 шілде 2021 жыл Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы М.Таймерденов, судьялар Б.Д.Мақұлбеков және Н.Қ.Сұлтанов,

прокурор Д[...],

талап қоюшының өкілдері Б[...] және М[...], жауапкер Х[...] өкілдері М[...] және Д[...],

мемлекеттік органның өкілі Р[...],

аудармашы М[...] қатысуларымен мобильді бейнеконференц байланыс арқылы, ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер М[...], Н[...], Д[...], Х[...], У[...], Сайрам ауданының әкімдігіне, «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының тіркеу және жер кадастры бойынша Сайрам аудандық бөлімшесіне, нотариус А[...], нотариус А[...], дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Сайрам ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне Сайрам ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 23 маусымдағы №464 санды қаулысын, жер учаскесіне өтеулі уақытша қысқа мерзімді жер пайдалану құқығын беретін кадастрлық №[...] санды сәйкестендіру актісін, «Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мен М[...], Х[...], Н[...], Д[...] арасында жасалған 2015 жылғы 26 маусымдағы №243 санды келісім шартын, М[...], Н[...], Д[...] пен Х[...] арасында жасалған 2015 жылғы 3 қарашадағы №2751 санды сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Сайрам аудандық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 27 тамыздағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Х[...] өкілдері Д[...] және М[...] кассациялық өтінішхатын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Сайрам аудандық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымымен Басқарманың жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін жер актісін жарамсыз деп тану туралы талап қою арызының бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Аталған соттың 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған, №464 санды қаулы жарамсыз деп танылып, Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі (бұдан әрі - Бөлім) мен М[...], Х[...], Н[...], Д[...] арасында 2015 жылы 26 маусымда жасалған келісім шарты және М[...], Н[...], Д[...] пен Х[...] арасында жасалған сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкерлердің өкілдері өтінішхатта іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, олардың күшін жойып, талап арызды толығымен қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Азаматтық істің материалдарын, өтінішхаттың уәждерін, талап қоюшының, жауапкердің өкілдерінің, мемлекеттік органның өкілінің пікірлерін, прокурордың сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген. Жергілікті соттармен қаралып отырған жер дауына байланысты келесі мән-жайлар анықталған:

Сайрам ауданы әкімдігінің 26 ақпан 2015 жылғы №161 санды қаулысына сәйкес жауапкерлер Х[...] (0,72 га), М[...] (2,07 га), Н[...] (2,22 га), Д[...] (1,92 га) Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі, «Рабочий» өндірістік кооперативінің пайдалануындағы жалпы жер учаскесінен көлемі 6,93 га жер телімі алынып, шаруа қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жерді ортақ үлестік жер пайдалану (жалдау) құқығымен ұзақ 48 жыл мерзімге берілген.

Бөлінетін жер учаскесінің мәртебесі иеліктен шығарылмайтын өтеулі уақытша ортақ үлестік жер пайдалану түрінде белгіленген.

Көрсетілген қаулыда Бөлімге аталған азаматтарға уақытша өтеулі жер пайдалану туралы келісім шарт жасасу және азаматтарға жер учаскесіне

уақытша өтеулі жерге ортақ үлестік пайдалану құқығын беретін акт беру міндеттелген.

Аталған жер учаскесіне (6,93 га) берілген қадастрлық нөмірі [...] жер пайдалану құқығын беретін 2015 жылғы 12 наурызда тіркелген сәйкестендіру актісінде жердің санаты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, нысаналы мақсаты шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген деп көрсетілген.

Тиісінше, Бөлім мен жауапкерлер Х[...], М[...], Д[...], Н[...] арасында 2015 жылғы 27 ақпанда №77 санды жер учаскесін жалға беру шарты жасалған. Ары қарай, Сайрам ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 23 маусымдағы №464 санды қаулысына сәйкес Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі, 042 кварталында орналасқан жоғарыда аталған жауапкерлердің пайдалануындағы шаруа қожалығын жүргізу үшін уақытша (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілген, жалпы көлемі 6,93 га жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертіліп, ауыл шаруашылығы базарының, мал дәрігерлік дәріхананың, қоғамдық дәмхананың, құс фабрикасы және әкімшілік ғимаратының құрылысын жүргізу үшін ортақ үлестік меншік түрінде белгіленген.

Жоғарыда көрсетілгендей, жауапкерлер Х[...] жалпы көлемі 0,72 га, М[...] жалпы көлемі 2,07 га, Д[...] жалпы көлемі 1,92 га, Н[...] жалпы көлемі 2,22 га бөлінетін жер учаскесінің мәртебесі ортақ үлестік меншік түрінде айқындалған.

Аталған қаулыға сәйкес жауапкерлерге Бөліммен жер учаскесіне құқық беру туралы қаулы қабылданған күннен бастап он жұмыс күні мерзімінде сатып алу-сату туралы келісім шартын жасасу (4 тармақ) және жер учаскесінің бекітілген қадастрлық (бағалау) құны 12 370 050 теңге қаржыны «Қазақстан Республикасының Қазынашылық комитеті» мемлекеттік мекемесінің есеп шотына, Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына төлеу (5 тармақ) міндеттелген.

Қаулының 1 тармағына сәйкес жауапкерлерге жерді ауыл шаруашылығына қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшін ауыл шаруашылығының жерінен алынуға байланысты өндіріске келтірілген 1 987 524 теңге зиянды жоғарыда көрсетілген тәртіп бойынша, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі шығасы жер учаскесіне құқық беру туралы қаулы қабылданған немесе ауыл шаруашылығы алқаптарының нысаналы мақсаты өзгерген кезден бастап алты ай мерзім ішінде Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына төлеу (6 тармақ) міндеттелген. Қаулының 7 тармағына сәйкес уақытша (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін №2950422876 актісі жарамсыз деп танылған.

Аталған 2015 жылғы 23 маусымдағы №464 қаулының негізінде 2015 жылғы 26 маусымда Бөлім мен жоғарыда көрсетілген жауапкерлердің арасында Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан жалпы көлемі 6,93 га нысаналы мақсаты – ауылшаруашылық базарының, мал дәрігерлік дәріхананың, қоғамдық дәмхананың, құс фабрикасы мен әкімшілік ғимаратының құрылысын жүргізу үшін №243 санды жер учаскесін сатып алусату келісім шарты жасалып, жер учаскесінің сатып алу құны 12 370 050 теңге деп белгіленген.

Көрсетілген қаулы мен сатып алу-сату шарты Сайрам аудандық әділет басқармасында 2015 жылғы 29 қазанда тіркеуден өтіп, жауапкерлер жалпы көлемі 6,93 га жер учаскесіне меншік құқығын иемденген.

Ары қарай, 2015 жылғы 3 қарашадағы нотариалды куәландырылған жер телімін сатып алу-сату келісім шартына сәйкес жауапкерлер М[...], Д[...], Н[...] даулы 6,93 га жер телімінің өздеріне тиесілі 6,2100 га жерді азамат Х[...] 12 500 000 теңгеге сатқан.

Жергілікті тұрғындардың мал базарын ауыл сыртына көшіру туралы ұсыныстарына сәйкес ауылдық әкімдік пен жеке кәсіпкер Х[...] арасында 2016 жылдың 20 қаңтарында ауылшарушылық базарын [...] кварталға көшіру туралы меморандум жасалған.

Осы меморандумға сәйкес Х[...] 143 693 000 теңге мөлшерінде қаржы жұмсап, ауылшаруашылық базарының құрылысын салып, мемлекеттік сәулет құрылысы басқармасының қаулысымен 2018 жылғы 16 тамыздағы объектіні пайдалануға қабылдау актісі жасалып, аталған акт аудандық әділет басқармасында 2019 жылғы 23 қаңтарда тіркеуден өтіп, объектіге Х[...] меншік құқығы пайда болған.

Жергілікті соттар аталған дауды қарау және шешу барысында Сайрам ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 23 маусымдағы №464 қаулысын және даулы жер учаскесін жауапкерлерге сатып алу-сату туралы 2015 жылғы 26 маусымдағы №243 келісім шартын, сол сияқты 2015 жылғы 3 қарашадағы №2751 санды жауапкерлер мен жеке кәсіпкер Х[...] арасындағы сатып алу-сату шарты қолданыстағы материалдық заңнама нормаларына сәйкес қабылданбаған деген тұжырымға келіп, оларды жарамсыз деп таныған.

Кассациялық сот алқасы өтінішхатта көрсетілген жергілікті соттардың қабылдаған сот актілері даудың мән-жайына сәйкес келмейді, соттармен материалдық және процестік нормалар дұрыс қолданылмаған деген уәждері назар аударуға жатады деген тұжырымға келеді. Сонымен қатар, істі қарау барысында осы жер қатынастарынан туындайтын іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымы дұрыс айқындалмаған және анықталмаған. Атап айтқанда, жауапкер Х[...] ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жердің нысаналы мақсатын заңнама нормаларын бұза отырып, өз бетінше өзгертпеген.

Сайрам ауданы әкімдігінің 26 ақпан 2015 жылы қабылдаған №161 санды қаулысының 4 бөлігінде «қаулының 1 тармағында көрсетілген азаматтарға жер учаскесінің нысаналы мақсатын өз бетінше өзгертуге құқығы жоқ екендігі» туралы шектеулерге қарамастан, Сайрам ауданының әкімдігі 23 маусым 2015 жылы №464 санды кезекті қаулы қабылдап, азамат

Х[...] және басқа да жер пайдаланушыларға даулы жердің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат берген, яғни аудандық әкімдік өзіне Қазақстан Республикасы Жер кодексінде (2003 жылы 20 маусымда №442 қабылданған) көрсетілген өкілеттіктер шеңберінде әрекет жасаған.

Азаматтық істің материалдарына сәйкес мал базарының және басқа да нысандардың құрылысы 2015-2016 жылдары жүргізілгені анықталып отыр. Қазақстан Республикасында жер қатынастарын реттейтін заңнамалардың талаптарына сәйкес жергілікті ауылдық округтердің, аудандардың (қалалардың) әкімдері өздері қабылдаған шешімдердің заңдылығына, ал өкілетті органдар жерді беру, пайдалану туралы мәселелерге мемлекеттік бақылауды ұйымдастыруға, жүргізуге және жер мониторингін өткізуге міндетті.

Алайда, Сайрам аудандық әкімдігі мен Түркістан облысының жерді пайдаланудағы заңдылықтарды қадағалайтын өкілетті мемлекеттік органдары, заңнама бұзушылық туралы ұсыну келтірген прокуратура органдары 2015 жылдан бастап, талап қою арызы берілген 2020 жылға дейін жауапкер Х[...] салынып жатқан құрылыс нысандарын тоқтату туралы өз өкілеттіктері шеңберінде ешқандай шара қолданбаған.

Керісінше, жауапкер Х[...] аталған әкімдік пен өкілетті органдардан тиісті құжаттар мен рұқсаттар алып, құрылыс жұмыстарын ашық және жариялы түрде жүргізген. Аталған органдардың нұсқауымен жауапкер даулы жердің 12 370 050 теңге қадастрлық бағалау құнын және жерді ауыл шаруашылығына қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшін алынуына байланысты шығын – 1 987 524 теңгені төлеген.

Қарабұлақ ауылы тұрғындарының мал базарының ауылдың ортасында қалып қойғандығы және мал базарын ауылдан тыс жерге көшіру туралы ұсыныстары ескеріліп, жергілікті әкімдік пен жауапкердің арасында 2016 жылдың 20 қаңтарында ауыл шаруашылық базарын ауыл сыртына көшіру жөнінде меморандум жасалған.

Қазіргі уақытта 14 тамыз 2018 жылғы «объектіні пайдалануға қабылдау актісіне сәйкес» мал базарының және басқа да нысандардың құрылыстары толық аяқталып, пайдалануға қабылданған.

№051/0.08/2019 жылғы бағалау есебіне сәйкес жоғарыда көрсетілген құрылыс нысандары 143 693 000 теңгеге бағаланған.

Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 65бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес жеке-дара қолданылатын құқықтық акт оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды осы құқықтық акт өздеріне арналған тұлғалар орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатуы тиіс.

Дауланып отырған әкімдіктің қаулысының негізінде жер учаскесін сатып алу-сату туралы шартының жасалуына байланысты қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сәйкес, әкімдіктің қаулысы сот тәртібімен даулануға жатпайды.

Осы азаматтық істі қарау және шешу барысында жауапкердің өкілдері дауланып отырған әкімдіктің қаулысының қабылданғанына 5 жылдан астам уақыт өтіп кеткендігін көрсетіп, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы өтініш келтірген.

Бірінші сатыдағы сот осы өтініштерді қараусыз қалдырып, олар жөнінде процестік шешім қабылдамаған.

Облыстық соттың алқасына берілген апелляциялық шағымда да жоғарыда көрсетілген өтініштерді қанағаттандыру туралы уәждер келтірілген.

Кассациялық сот алқасы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 178, 179-баптарының нормалары назарға алынуы тиіс деген қорытындыға келеді, яғни талап қойғанға дейін талап қою мерзімінің өтіп кетуі соттың талаптан бас тарту туралы шешім шығаруына негіз болады.

Жоғарыда айтылған мән-жайларды және көрсетілген қолданыстағы заңнама нормаларын негізге ала отырып, сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімінің және апелляциялық алқаның қаулысының күші жойылуға жатады, іс бойынша жаңа шешім қабылданып, талап қою арызы толық көлемде қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп есептейді.

АПК-нің 451 бабының 2-бөлігінің 8 тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Сайрам аудандық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімінің және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 27 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша талап қою арызын толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Жауапкерлердің өкілдерінің кассациялық өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М.Таймерденов

Судьялар Б.Мақұлбеков Н.Сұлтанов Көшірмесі дұрыс Судья Б.Мақұлбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.