КСАД РК - Постановление от 17.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/2223 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 17 желтоқсан 6003-25-00-4к/2223 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:

төрағалық етуші – судья Е. Төлеев,

судьялар – Р. Айнакулова, Г. Дуйсенбаев,

талап қоюшының өкілі Ж.Ж.Жұманың,

«Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі Г.Ұ.Шоханованың қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Есенбике Казтугановна Серикбаеваның Атырау облысының әкіміне 2024 жылғы 5 желтоқсандағы № 32 хаттамалық шешімнің өзіне қатысты бөлігіне дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы ұйғарымына, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Жеке кәсіпкер Е.К.Серикбаева жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы ұйғарымымен Е.К.Серикбаеваның талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартылып, талап қоюы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 15)- тармақшасына сәйкес қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, ұйғарымдардың күшін жоюды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған жауапкер мен мүдделі тұлғалардың өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот талап қоюшының, мүдделі тұлғаның өкілдерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

ӘРПК-нің 100-бабының бесінші бөлігіне сай, егер шағымды қарайтын орган осы Кодексте белгіленген мерзімдерде шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап шағымды қарайтын орган шағымды қанағаттандырудан бас тартты деп есептеледі.

Төменгі саты соттарымен анықталғаны, 2024 жылғы 30 сәуірде Атырау қаласы әкімдігінің қаулысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккен деп тану бойынша комиссия құрылған.

Осы комиссияның 2024 жылғы 5 желтоқсандағы № 32 хаттамалық шешімімен ғимараттың шығындары техникалық зерттеу жасаған компания шығындарымен сәйкес келмеуіне байланысты, талап қоюшының арызын қанағаттандырудан бас тартылған.

Хаттамалық шешімді талап қоюшы 2024 жылғы 9 желтоқсанда Е-өтініш порталы арқылы алған.

Одан кейін Е.К.Серикбаева осы хаттамалық шешімге Е-өтініш порталы арқылы 2025 жылғы 25 қаңтарда Атырау облысының әкіміне шағым жолдаған.

Шағымға «Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» мемлекеттік мекемесі 2025 жылғы 4 ақпандағы хатымен жауап берген.

Демек, Е.К.Серикбаева хаттамалық шешімді даулау туралы талап қоюын шағымға жауапты алғаннан кейін бір ай ішінде сотқа табыстауы қажет еді. Алайда бұл мезгілді сақтамай, талап қоюшы сотқа екі айдан астам мерзім өткеннен кейін ғана, яғни 2025 жылғы 1 мамырда жүгінген.

Заңды жетік білмеу салдарынан уақтылы сотқа жүгінбегені туралы талап қоюшының уәждерін соттар дұрыс қабылдамаған. Өйткені Е.К.Серикбаева жеке кәсіпкер болып табылады, ал Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 10-бабының 1-тармағына сәйкес кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп есепетейді. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 мамырдағы ұйғарымы, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы жеке кәсіпкер Е.К.Серикбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші:

Е. Төлеев

Г. Дуйсенбаев

Судьялар:

Р. Айнакулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.