Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.08.2025 по делу 6003-25-00-2к/165 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 21 тамыз №6003-25-00-2к/165 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов,

судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов болып,

прокурор О.С.Пернеевтың, талап қоюшы өкілі А.Ж.Жумабековтың, жауапкерлер өкілдері Ж.Е.Каршыгаеваның және Б.М.Бейсембаевтың, үшінші тұлға өкілі Е.Е.Олжановтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Мұнайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жауапкерлер «TY-NYR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «TY-NYR» ЖШС-і), «Каспий Берекет Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Каспий Спец Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне,

жауапкер жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Мұнайлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - үшінші тұлға),

кемшіліктерді және ақауларды қалпына келтіруі міндеттеу туралы электрондық форматтағы азаматтық іс бойынша шығарылған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) жауапкердің кассациялық шағымын қарап,

Бөлім аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер ақауларды жөндеуден бас тартып жүргенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкерлерге Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылы, №4 өндірістік аймақ, №40 үй мекенжайында орналасқан барлығы 30 пәтерде пайда болған кемшіліктерді және ақауларды қалпына келтіру міндеттелген және олардан ортақтасқан тәртіпте мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

«TY-NYR» ЖШС-і кассациялық шағымында талап қоюшымен шартқа отырмағанын, құрылыс нысаны бойынша кепілдік мерзімі өтіп кеткенін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Бірінші және апелляциялық саты соттары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 386, 616, 633-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2021 жылғы 27 қыркүйекте үшінші тұлға жауапкерлермен Маңғыстау ауылында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу туралы №№68, 69, 70 мемлекеттік сатып алу шарттарын (бұдан әрі - Шарт) жасаған, әр Шарттың құны 84 000 000 теңге, барлығы 252 000 000 теңге құраған.

Шарт талаптарына сәйкес үшінші тұлға жауапкерлерден 30 пәтер сатып алып, оларды 2021 жылғы 20 қазан және 29 қараша күндері қабылдап алған.

2021 жылғы 1 желтоқсанда алыс-беріс актісіне сай үшінші тұлғамен сатып алынған пәтерлер Бөлімнің теңгеріміне берілген.

Шарттардың 6.1-тармағының 1) тармақшасына сай өнім беруші осы Шарт шеңберінде жеткізілетін Тауардың сапалы және сатып алынатын тауарларға ұлттық стандарттардың, ал олар болмаған жағдайда мемлекетаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келетініне кепілдік береді.

Алайда, сатып алынған пәтерлерді тұрғындармен пайдалану кезінде көптеген ахаулар анықталып, бұл фактілер 2023 жылғы 17 қазандағы №1 пәтерлердің жәй-күйін тексеру туралы актімен және фотосуреттермен бекітілген.

Бөлім тарапынан 2024 жылғы 14 маусымда жауапкерлерге кемшіліктерді қалпына келтіру туралы хаты жолданған, бірақ соңғылармен ол жұмыстар толық жүргізілмеген.

Содан кейінде Бөліммен бірнеше рет жіберілген кемшіліктерді жою туралы ескертпелер нәтиже бермей, жауапкерлер тарапынан орын алған кемшіліктер жойылмаған.

Бұл жағдайда жергілікті соттар жауапкерлердің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы).

Істің мұндай тұрғысында, яғни жауапкерлер өздерінің міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері жергілікті соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз, жауапкер «TY-NYR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулы жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.