Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 14.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1353 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 14 қазан 6003-25-00-2к/1353 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор О.С.Пернеевтің, аудармашы С.Кенесовтың, талап қоюшының өкілі Ғ.О.Әзімбайдың, жауапкерлер А.А.Пэдурец, Ю.Н.Пэдурец және олардың өкілі О.И.Сермягинаның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - ММ) жауапкер Антонина Андревна Пэдурецке, Юрий Николаевич Пэдурецке өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының және жауапкерлердің Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылған.

А.А.Пэдурецке 41 439 223 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлеу арқылы, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Биші қайың тұйық көшесі, №23 үй, кадастрлық нөмірі 21-324-029-800, жалпы ауданы 0,0582 га жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

А.А.Пэдурецке ақшалай өтемақы төлегеннен кейін, А.А.Пэдурец және Ю.Н.Пэдурец Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Биші қайың тұйық көшесі, №23 үй мекенжайында орналасқан тұрғын үйден шығару туралы шешім қабылданған. Сот шығыстары мәселесі шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, өндірілген 41 290 889 теңге ақшалай төлемді 30 048 514 теңге мөлшеріне дейін азайтуды сұраған.

Жауапкерлердің кассациялық шағымында іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сараптаманың қорытындысымен келіспейтінін көрсетті. Сонымен қатар, Биші қайын көшесінде іздестіру және жобалау жұмыстарының мерзімі аяқталмаған, жобалау жұмыстары басталмаған, алып қоюға жататын аумақтың тек бір бөлігі кіреді дей келе, талап қоюшының талабы мерзімнен ерте берілгендіктен, талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.

Кассациялық сот тараптарды тыңдап, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 510-2763, 2024 жылғы 19 ақпандағы № 510-440 қаулыларына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Биші қайың көшесі, Шара Жиенқұлова көшесінен Асан қайғы көшесіне дейін жалпы алаңы 1,5387 га жер учаскесі «Көше» объектісін іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Жоғарыда көрсетілген жер учаскесінің шеңберінде А.А.Пэдурецке 2007 жылғы 10 мамырда Астана қаласы, «Алматы» ауданы бойынша мүлікті жария ету комиссиясының шешімі, 2008 жылғы 24 шілдедегі Астана қаласы, Алматы ауданы сотының шешімі негізінде меншік құқығына тиесілі Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Биші қайың тұйық көшесі, 23-үй, кадастрлық нөмірі 21324-029-800 жер учаскесімен жылжымайтын мүлік енген.

Уәкілетті органмен жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 30 048 514 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкерлер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2024 жылғы 12 қарашадағы № С.119-10.24 сот сараптама қорытындысына сәйкес 23-үй мекенжайында орналасқан меншік құқығы тиісті түрде ресімделген және мемлекеттік органда тіркелген, меншік құқығымен А.А.Пэдурецке тиесілі көпжылдық екпелер мен құрылыстардың нарықтық құны 41 290 889 теңгеге бағаланған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының

(бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде Сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен. Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі үшін өтемақы мөлшерін 41 290 889 теңге деп анықтауы заңды.

Осыған байланысты талап қоюшының шағымда келтірген уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген, заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.

Жауапкерлердің Биші қайын көшесінде іздестіру және жобалау жұмыстарының мерзімі аяқталмаған, жобалау жұмыстары басталған жоқ, алып қоюға жататын аумақтың тек бір бөлігі кереді, сондықтан талап қоюшы талабы мерзімнен ерте берілген деген уәжі келесі себептермен негізсіз болып саналады.

Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 510-2763 қаулысына қосымша болып табылатын тізбеге жауапкердің жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жататын жер учаскелеріне енгізілген (24-жол). Қаулы заңсыз деп танылмаған, күші жойылмаған.

Жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару үшін іздестіру және жобалау жұмыстарының мерзімі аяқталуын немесе

жобалау жұмыстары басталуын қажет етпейді, ал алып қоюға жататын аумақтың тек бір бөлігі кіретіндігі жөнінде нақты дәлел табысталмады. Жауапкерлердің сараптама қорытындысына келтірген уәждері жергілікті соттармен толығымен негізделген, заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімі, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің сенімді тұлғасы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің, жауапкерлер А.А. Пэдурецтің, Ю.Н.Пэдурецтің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

В.Е.Тохтарбаева

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.