ҚАУЛЫ
2023 жылы 17 қазан 6001-23-00-6ап/430 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова,
судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
жауапкердің өкілі М[...] және «Муғалжар ауданы жер қатынастар бөлімі" «МСМТӨИҚҚРЖСҒАСОТҚ[...]»» шаруа қожалығының жауапкер Мұғалжар ауданының әкіміне жер комиссиясының қорытынды хаттамасын және әкімнің қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшы «Б[...]» шаруа қожалығының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, онда Мұғалжар аудандық жер комиссиясының қорытынды хаттамасын және Мұғалжар ауданы әкімінің «Н[...]» шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін пайдалану құқығын беру туралы қаулысын заңсыз деп тануды сұраған.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 23 қарашадағы шешімімен «Б[...]» шаруа қожалығының талап қою арызы қанағаттандырылған. Мұғалжар аудандық жер комиссиясының шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсының 2021 жылғы 16 шілдедегі №494 қорытынды хаттамасының №2 лоттың №1 және №2 жер учаскелеріне қатысты бөлігі және Мұғалжар ауданы әкімінің «Н[...]» шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін пайдалану құқығын беру туралы 2021 жылғы 22 шілдедегі №235 қаулысының күші жойылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім қабылданып, талап қоюшының жер комиссиясының қорытынды хаттамасын және әкімнің қаулысын заңсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы «Б[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымында материалдық заңның дұрыс қолданылмағанына байланысты апелляция қаулысымен келіспейтінің көрсетіп, бірінші сатыдағы сотының шешімін күшіне қалдыруды сұраған.
Жауапкер мен мүдделі тұлғаның өкілдерінің қарсы пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, сот алқасы келесідей тұжырымдарға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша осындай заң бұзушылықтар орын алмаған.
Бірінші сатыдағы сотпен анықталғаны, «Мұғалжар аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен № 2 лот бойынша Мұғалжар ауданының Еңбек ауылдық округінде орналасқан көлемі 77,2 гектар № 1 және көлемі 364,04 гектар № 2 жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беру жөнінде конкурстар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.
Конкурсқа қатысу үшін талап қоюшы, мүдделі тұлғалар Ж[...], О[...], Т[...], Е[...] өтінім білдірген. Мұғалжар аудандық жер комиссиясының (бұдан әрі – Жер комиссиясы) 2021 жылғы 16 шілдедегі № 494 қорытынды хаттамасына сәйкес № 2 лот бойынша жеңімпаз деп «Н[...]» шаруа қожалығының (басшысы Е[...]) өтінімі танылған.
Мұғалжар ауданы әкімінің 2021 жылғы 22 шілдедегі № 235 қаулысымен «Н[...]» шаруа қожалығына Е[...] ауылдық округі аумағында босалқы жер қорынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге қосымшаға сәйкес 439,36 гектар жайылым, 1,88 гектар басқа алқаптар, барлығы 441,24 жер учаскесі уақытша 20 жылға ортақ бірлескен өтеулі пайдалану құқығымен берілген.
Мұғалжар аудандық мәслихатпен 2018 жылғы 23 қарашада Мұғалжар аудандық жер комиссиясын құру және ережесін бекіту туралы № 245 шешім қабылданған.
Жер комиссиясының құрамы 40 адам болып бекітілген.
Мұғалжар аудандық мәслихатының 2021 жылғы 14 маусымдағы № 59 шешімімен жоғарыда аталған маслихат шешіміне өзгерістер енгізіліп, комиссия құрамынан Қ[...] мен А[...] шығарылып, орындарына аудан әкімінің орынбасары М[...] және ауданның қоғамдық кеңес мүшесі С[...] енгізілді. Дауланып отырған жер комиссиясының қорытынды хаттамасына сәйкес, комиссия отырысында 31 мүше болған, хаттамаға 20 адам қол қойған, ал № 2 лотқа қатысты аудио-бейнежазбадан жер комиссиясы құрамында 11 адам қатысқаны анықталған.
Сот алқасымен істі қарау барысында жауапкер, Мұғалжар аудандық мәслихаты және басқа мүдделі тұлғалардың өкілдерінің түсініктемелерінен анықталғаны, жер комиссиясының тұрақты құрамына 11 мүшелер кірген, олар: аудан әкімінің орынбасары М[...], ауданның қоғамдық кеңес мүшесі С[...], «Мұғалжар аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Е[...], «Мұғалжар аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ж[...], «Мұғалжар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы С[...], Ақтөбе фермерлік орталығының өкілі Б[...], жеке кәсіпкерлер А[...] пен А[...], «Нұр Отан» Халық демократиялық партиясының депутаты В[...], Қандыағаш қаласының әкімі Ө[...], Мұғалжар аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Д[...].
Сонымен қатар, Жер кодексінің 43-1-бабына сәйкес жер комиссиясының құрамына Еңбек ауылдық округінің әкімі Қ[...] пен осы ауылдық округтің жергілікті қоғамдастығының өкілі Ж[...] те кірген.
Алайда, дауланып отырған шешім қабылданатын күні Ж[...] пен Д[...] жер комиссиясының жұмысына қатыспаған.
Яғни, Еңбек ауылдық округ аумағында орналасқан жер учаскелерін беруге қатысуға құқылы 13 адамның 11-і дауыс берген. Демек, Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағының, 43-1-бабының талаптары сақталған.
Сондықтан, бірінші сатыдағы соттың комиссия отырысын өткізу ережесі бұзылған деген тұжырымы қате және ӘРПК-нің 84-бабының 1- бөлігінде мәні бойынша дұрыс әкімшілік акт бір ғана формальды негіздер бойынша заңсыз деп таныла алмайды деген қағидаға қайшы келеді.
№ 2 лот бойынша конкурсқа қатысушылар инвестициялардың болжамды көлемдерін келесідей көрсеткен: талап қоюшы – 895,6 млн теңге, Ж[...] – 420 млн теңге, О[...] – 39,5 млн теңге, Т[...] – 300 млн теңге, Е[...] – 120 млн теңге.
Осыған орай, жер комиссиясының 2021 жылғы 16 шілдедегі № 494 қорытынды хаттамасына қосымшасында көрсетілгендей, № 2 лотқа қатысушылардың барлығына ең жоғары 20 баллдан берілген. Осы нәтижеге байланысты, дауыс беруге қатысқан он бір комиссия мүшелерінің барлығы «Н[...]» шаруа қожалығын жеңімпаз деп таныған.
Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және (және) әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс.
Жер комиссиясы мүшелері дауыстарын өз қалауы бойынша заңнама шеңберінде берген, сондықтан олар бұл шешімдерін не себептен «Н[...]» шаруа қожалығының пайдасына қабылдағандарын бағалауға соттың құқығы жоқ.
Осыған орай, талап қоюшының оның инвестициялық жобасы толық ескерілмеген деген уәжі негізсіз.
Талап қоюшының бір лотпен екі жер учаскенің ұсынылуы заңға қайшы келеді деген уәжін сот алқасы негізсіз деп санайды. Өйткені жауапкер және мүдделі тұлғалардың өкілдері түсіндіргендей, алғашқыда бұл екі жер учаскесі бір бүтін болып, кейін арасынан жол өтіп бөлінген, сонымен қатар, заңнамамен екі жер учаскесін бір лотпен беруге тыйым салынбаған деп түсіндірді. Сот алқасы жауапкер мен мүдделі тұлғалардың бұл уәжімен келіседі және осы конкурсқа қатысуға талап қоюшының өзі де бір өтініш қана бергені ескеріледі.
Дауланып отырған Мұғалжар ауданы әкімінің «Н[...]» шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін пайдалану құқығын беру туралы қаулысы жер комиссиясының заңды шешіміне негізделген, сондықтан бұл қаулының күшін жоюға негіз жоқ.
Осындай жағдайда, апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдау туралы дұрыс тұжырымға келген.
Сот алқасы апелляциялық қаулысын өзгертуге не оның күшін жоюға негізсіз деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтобе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 желтоқсаныңдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Б[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ш.Даниярова Судьялар Е.Өміралиев Ғ.Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.