ВС РК - Постановление от 11.03.2025 по делу 6001-25-00-6ап/493 (Административное)

№6001-25-00-6ап/493 №6001-25-00-6ап/493 (2) №6001-25-00-6ап/493 (3) №6001-25-00-6ап/493 (4)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

  • Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Басқарма прокуроры

  • Б.Саттыбаевтың,

талап қоюшының өкілі Қ.Ә.Шакиевтің,

жауапкерлердің өкілдері П.Т.Балгаринаның, А.Н.Адилованың, мүдделі тұлғалардың өкілдері А.Е.Абильдиновтың, М.Қ.Теміржанның, П.Л.Бабареньнің

аудармашы Ш.Ерболатқызының қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Дорстрой» ЖШС-ның (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Солтүстік - Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қаржы бөлімі) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны, конкурс қорытындысы туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысы мен жеке ұйғарымына жауапкерлер Департаменттің, Қаржы бөлімінің, мүдделі тұлға «Кокшетау Жолдары» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Департаменттің 2024 жылғы 25 шілдедегі №591010000-4-7-301839 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Қаржы бөлімінің 2024 жылғы 8 тамыздағы №12524030-ОК1 конкурсының қорытынды хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған. 2024 жылғы 9 тамыздағы №49 шарт жарамсыз деп танылған.

Осы соттың 2024 жылғы 12 желтоқсандағы жеке ұйғарымымен Әкімшілік істі қарау барысында анықталған бұзушылықтар жөнінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің назарына жеткізілген.

Арызданушылар кассациялық шағымдарында апелляциялық сот алқасының іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысымен жеке ұйғарымның күшін жойып, бірініші сатыдағы сот шешімін қалпына келтіруді сұраған. Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, Қаржы бөлімі «Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» комм~уналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі- Тұрғын үй бө~~ лімі, тапсырыс беруші) тапсырысы бойынша электрондық веб-портал арқылы «КТ-АК-1 А-13 автомобиль жолы Көкшетау - Кішкенекөл-Бидайық - РФ шекарасы (Омбыға) -Бостандық - Кіші Қараой 0-48,213 шақырымына орташа жөндеу» бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастырған.

Аталған конкурсқа қатысуға Серіктестік, «Көкшетау жолдары» ЖШС, «Ленинград жолдары» ЖШС өтінімдер тапсырып, конкурсқа қатысуға «Көкшетау жолдары» ЖШС мен Серіктестік жіберілген.

2024 жылғы 1 шілдедегі конкурс қорытындысы туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз ретінде Серіктестік танылған.

Конкурс нәтижесімен келіспеген әлеуетті өнім беруші «Көкшетау жолдары» ЖШС Департаментке шағым берген.

Департамент шағымды қарау нәтижесімен 2024 жылғы 25 шілдеде №591010000-4-7-301839 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама (бұдан әрі -Хабарлама) қалыптастырған.

Хабарламада Серіктестіктің жұмыс тәжірибесіне 10% шартты жеңілдік негізсіз есептелгені, Серіктестіктің 2014,2015,2017,2018,2021 жылдардағы жұмыс тәжірибесіне 7% ғана шартты жеңілдік есептелуі тиіс екені келтіріліп, «Шартты жеңілдіктерді қолданбау немесе құқыққа сыйымсыз қолдану» бұзушылық анықталғаны көрсетілген.

Серіктестік Хабарламамен келіспей Комитетке шағым беріп, нәтижесінде Комитеттің 2024 жылғы 19 қыркүйектегі хатымен шағым қанағаттандырудан бас тартылған.

Хабарламаға сәйкес 2024 жылғы 8 тамызда конкурс қорытындылары туралы хаттама қалыптастырылып, «Көкшетау жолдары» ЖШС-ы жеңімпаз деп танылған.

2024 жылғы 9 тамызда тапсырыс беруші Тұрғын үй бөлімі мен «Көкшетау жолдары» ЖШС арасында №49 құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты жасалған.

Серіктестік сотқа жүгінген талабында камералдық хабарламаның және конкурс қорытындысы туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. Оған негіз ретінде соңғы 10 жылдағы жалпы жұмыс тәжірибесі 12,6 балды құрайтыны, конкурсқа қатысты құжаттары толық тапсырылғаны, соған қарамастан жұмыс тәжірибесі дұрыс есептелмегені жөнінде уәждер келтірген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, талап қоюшыға шартты жеңілдіктерді есептеу барысында кемшіліктер орын алғанын анықтай келе, бұл бұзушылықтар конкурс қорытындысының нәтижелерінің заңдылығына әсер етпейді және жұмыстар ішінара орындалып, сәйкесінше ақша қаражаты аударылған деген қорытындыға келген.

Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, даулы хабарламада Серіктестіктің есепке алынуға жатпаған жұмыс тәжірибелері элект~рондық депозитарийге «Расталды» мәртебесімен енгізіліп тұр~~ деп көрсеткен. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 274-тармағына сәйкес (сол уақытта қолданыста болған редакциясы) құрылыс саласындағы жұмыстарды (құрылысмонтаждау жұмыстары және жобалау жөніндегі жұмыстар) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде «Расталды» мәртебесі бар электрондық депозитарийдегі әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесін растайтын мәліметтер мен құжаттарды веб-портал автоматты түрде есептейді және Заңның 47-бабының тәртібімен шағымдануға жатпайды. Қағиданың 275-тармағында, егер конкурс нысанасы автомобиль жолын орташа жөндеу болып табылған жағдайда, онда автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жұмысының тәжірибесі ескерілетіні көзделген.

№648 Қағиданың 4-қосымшасына сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстары мемлекеттік сатып алу саласында электрондық депозитарий қалыптастырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесіне енгізілген.

Сондықтан, Серіктестіктің электрондық депозитарийге енгізілген автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жұмысының тәжірибесі есепке алуынуы тиіс болған.

Осыған қоса, Серіктестіктің 28-реттік санымен ұсынған жұмыс тәжірибесінің де есепке алынбауын апелляциялық сот алқасы негізсіз деп көрсеткен, себебі Хабарламада бұл жұмыс тәжірибесін есепке алмаудың негізі ретінде актінің толық көлемде ұсынылмауы, яғни тапсырыс беруші мен мердігердің қолдары мен мөрінің болмауы көрсетілген.

Алайда Конкурстық құжаттамаға 10-қосымшадан бұл позиция бойынша Серіктестіктің ұсынған актілерінде тапсырыс беруші мен мердігердің қолдары қойылып, мөрлері басылғаны көрінген.

Серіктестіктің 5-реттік санымен ұсынған жұмыс тәжірибесін есепке алудан бас тартқанда Департамент орындалған жұмыстар актісінің 2015 жылы жасалғанын көрсеткен.

Алайда, бұл жұмыс тәжірибесі реконструкциялауға байланысты болғандықтан, сәйкесінше №648 Қағиданың 271-тармағында көзделген ереже қолданылуға жатады. Яғни мерзімі бір жылдан асатын шарттар бойынша жұмыс тәжірибесін есептеу кезінде объектіні пайдалануға қабылдау актісінің күніне сәйкес құрылыстың аяқталған жылы танылады. Осы позиция бойынша Серіктестік ұсынылған объектіні пайдалануға қабылдау актісінің күні 2016 жылғы 21 қараша деп көрсетілген. Сондықтан, бұл Серіктестіктің 2016 жылғы жұмыс тәжірибесін бекітеді. Сәйкесінше оған 2016 жыл бойынша 1 % шартты жеңілдік берілуге жатады.

46-реттік санмен көрсетілген жұмыс тәжірибесін бекіту мақсатында Серік~тестік Қағиданың 257-тармағының талабына сәйкес объе~~ ктіні пайдалануға қабылдау актісінің және сертификаттың электрондық көшірмелерін ұсынған. Аталған жұмыс тәжірибесі реконкструкциялау жұмысына қатысты болғандықтан, бұл жұмыс тәжірибесін бекітетін құжаттар тізімі Қағидалардың 257-тармағында көзделген құжаттармен расталады. Сонымен бірге, бұл расталған жұмыс тәжірибесі Қағидалардың 275-тармағына сай есепке алынуға жатады деп көрсеткен.

Жоғарыдағы көрсетілгендей, апелляциялық сот алқасымен талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымы негізді болып саналады.

Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасының жеке ұйғарымымен жоғарыда анықталған заң бұзушылықтар жөнінде, мұндай бұзушылықтарды келешекте болдырмау мақсатында шара қолдану үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің назарына жеткізілуі заңды болып табылады.

Кассациялық шағымдар өздерінің мазмұндары мен мәндері пікірлерде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымдарда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысы мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Солтүстік - Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің, «Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, мүдделі тұлға - «Кокшетау Жолдары» ЖШС-нің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев~Ш. Даниярова~~

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.