Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1558 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 23 қазан №6003-25-00-2к/1558 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы Б.Д.Аманбаеваның және оның өкілі К.С.Даткаеваның, жауапкер өкілі Б.Қ.Жақсылықтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Аманбаева Ботакоз Джанибековна (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер Халелов Мәдениет Партизановичтен (бұдан әрі - жауапкер) мүлікті талап ету туралы азаматтық істі жауапкердің Алматы қаласының Алатау аудандық сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкер мүлікті қайтарудан бас тартып жүргенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына «Lexus LX 570» үлгісіндегі, мемлекеттік тіркеу номері 570 АJК 02, автокөлігі (бұдан әрі - даулы көлік) алынып берілген.

Жауапкер кассациялық шағымында даулы көлік өзінің меншігі екенін, талап қоюшының атына формальды түрде тіркелгенін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, уәкілетті органдарда даулы көлікке талап қоюшының меншік құқығы тіркелген, бұл көлікті талап қоюшы 2022 жылғы 30 мамырда «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамымен берілген 8 865 000 теңге банктік қарыз шарты негізінде сатып алған және олар арасында сол күні көлікті кепілге қою туралы келісім шарт жасалған.

Талап қоюшы талап қоюында даулы көлікті танысы болып келетін жауапкерге уақытша пайдалануға бергенін, соңғысы мүлікті қайтармай жүргенін көрсетіп, даулы көлікті жауапкерден алып беруді сұраған. Соттар талап қоюды қанағаттандыру барысында Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 260-бабының негізінде даулы көлік

меншік иесі болып табылатын талап қоюшыға алып берілуге жатады деген дұрыс қорытындыға келген.

«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы №2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).

Алайда, жауапкердің уәждері сотта нақты дәлелдемелермен бекітілген жоқ және талап қоюшының талаптарын теріске шығаратын мәліметтер ұсынылмады.

Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы қаласының Алатау аудандық сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысы күшінде, жауапкер Халелов Мәдениет Партизановичтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.