ҚАУЛЫ
2023 жылғы 15 маусым 6001-22-00-6ап/2041,(2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып, талап қоюшылардың өкілі – Д[...],
жауапкер «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (РММ) өкілі – Е[...],
мүдделі тұлағалар:
«ГШЦК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілдері – Қ[...], Ә[...],
«К[...]» ЖШС-нің өкілдері – Д[...],
«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Комитет) өкілі –Қ[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...], М[...], Ә[...], М[...], Т[...], С[...], Ү[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Департамент) санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 12 сәуірдегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 тамыздағы қаулысына мүдделі тұлғалар «ГШЦК[...]» ЖШС мен «К[...]» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Департаменттің 2021 жылғы 6 желтоқсандағы №N.08.X.KZ06VBZ00031566 санды санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы (бұдан әрі – даулы қорытынды) заңсыз деп танылып, күші жойылған және оны қайтарып алуға міндеттелген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлғалар «ГШЦК[...]» ЖШС және «К[...]» ЖШС кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтіндерін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа құраммен қарау үшін жолдауды сұраған.
Талап қоюшылар және мүдделі тұлға Комитеттің өкілдері кассациялық шағымға қарсы пікірлерінде сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Мүдделі тұлғалар өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған түсініктерін, талап қоюшылар мен басқа мүдделі тұлға өкілдерінің қарсылығын, жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Даудың мән-жайларына қарағанда талап қоюшыларға Шиелі ауданы Қ[...] ауылынан 2001-2010 жылдар аралығында жер учаскелеріне меншік құқығын беретін актілер рәсімделіп, олар тұрғын үйлер салып, отбасы мүшелерімен тұрып келеді. Олардың жылжымайтын мүлікке меншік құқықтары заңда көзделген тәртіппен тіркелген.
2017 жылы цемент зауытының құрылысы үшін Қ[...] ауылынан жер учаскесі белгіленіп, 2018 жылғы 20 қарашадағы қабылдау актісіне сәйкес зауыт құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп, 2019 жылы іске қосылған.
2021 жылғы 6 желтоқсандағы даулы қорытындымен бекітілген жобаға сәйкес «ГШЦК[...]» ЖШС-нің цемент зауытының есептік санитарлық қорғаныш аймағына (бұдан әрі – СҚА) 500 метр болып белгіленген.
Талап қоюшылар даулы қорытындымен келіспей цемент зауытының СҚА белгіленген 500 метр санитарлық нормаға сай еместігін, цемент зауыты тұрғын үйлерден [...] метрлік қашықтық өлшемі сақталмай салынғанын көрсетіп, жоғарыда аталған талаптармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді басшылыққа алған.
2022 жылғы 11 қаңтарға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 237 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік объектілердің санитариялыққорғаныш аймағын белгілеу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) 5-тармағына сәйкес санитариялық-қорғаныш аймағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында белгіленеді, оның өлшемі ластанудың атмосфералық ауаға әсерін (химиялық, биологиялық, физикалық) санитариялықэпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес белгіленген мәндерге дейін және, ал қауіптіліктің І және ІІ сыныбы объектілері үшін-санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарына сәйкес белгіленген мәндерге дейін, сондай-ақ халықтың денсаулығы үшін қолайлы тәуекелдің шамасына дейін азайтуды қамтамасыз етеді.
Қағидаға сәйкес цемент зауыты І қауіптілік сыныбындағы объектілерге жатады, сол себепті цемент зауытының СҚА-ның ең аз өлшемі 1000 метрден кем болмауы тиіс.
Алайда іс құжаттарына қарағанда цемент зауытының Қағидаға сәйкес белгіленген СҚА-сы болмаған, тек дауланып отырған қорытындымен бекітілген жоба бойынша есептік (алдын ала) СҚА 500 метр болып белгіленген.
Жобамен және даулы қорытындымен цемент зауытының ІІ сыныпқа жатқызылуы Қағида талаптарына сәйкес келмейді. Яғни жауапкер тарапынан СҚА өлшемін белгілеу барысында Қағиданың талаптары сақталмаған.
Жауапкердің заңсыз қорытындысы жергілікті халықтың денсаулығы мен өмірі үшін неғұрлым үлкен қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді.
Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иелерінің келтірген уәждеріне жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптардың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
Сондықтан дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіздер
жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 12 сәуірдегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлғалар «ГШЦК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С.Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Е.Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.