КӨШІРМЕ
6 ап/24-16
ҚАУЛЫ
2016 жылғы 31 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қ. Қыдырбаева,
судьялар Н.Ө. Жолдасбеков, Ж.Б. Ермағамбетова,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министірлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әріДепартамент) басшысы Б[...] өкілі Б[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау Инспекция басшысының 2015 жылғы 1 қазандағы және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы қаулыларына келтірілген наразылығымен түскен
Б[...] қатысты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 207-бабының 13-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау Инспекциясының (бұдан әрі - Инспекция) 2015 жылғы 1 қазандағы қаулысымен Департамент басшысы Б[...] ӘҚБтК-нің 207-бабының 13-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған қатысты 198 200 теңге әкімшілік айыппұл салынған.
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 13 қазандағы қаулысымен әкімшілік іс жүргізу кезінде ӘҚБтК-тің процестік нормаларының бұзылуына байланысты Инспекцияның қаулысы
заңсыз деп танылып, әкімшілік іс тоқтатылған. Б[...] шағымы қанағаттандырылған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы бұзылып, Б[...] әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 2015 жылғы 1 қазандағы Инспекцияның қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Прокурордың кассациялық наразылығы қанағаттандырылған.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары наразылығында Б[...] қатысты Инспекция басшысының 2015 жылғы 1 қазандағы және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы қаулыларымен келіспей, олардың күшін жоюды, ӘҚБтК-тің 207-бабының 13-бөлігімен көзделген әкімшілік жауапкершілікке тартудың мерзімі өтіп кетуіне байланысты іс жүргізу өндірісін қысқартуды сұраған.
Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], Б[...] өкілі Б[...] прокурордың наразылығын қанағаттандыру туралы пікірін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен ішінара қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.
ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 4-бабы 1-тармағының 60) тармақшасына сәйкес, осы Заңның өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды реттейтін нормалары қолданылмай мемлекеттік сатып алу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады: егер мұндай біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетiн қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген жүз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспаса.
ӘҚБтК-тің 207-бабының 13-бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген жағдайларда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасының өнiм берушiнi таңдауды және онымен мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуды реттейтін нормаларын қолданбай мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру себепті жағдайларда әкімшілік жауапкершілік көзделген.
2015 жылғы 1 қазандағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, «Тапсырыс беруші» деп аталатын «Департамент» пен «Болашақ» халықаралық білім беру орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен картридж алу үшін жалпы сомасы 645 400 теңгеге 2015 жылдың 6 сәуірде
№11 келісім – шарты жасалған. Бұл ретте, Департамент аталған келісім - шартта ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 4-бабы 1-тармағының 60) тармақшасының талаптарын негізсіз басшылыққа алып, заң нормасын қолданбай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған.
Бірінші сатыдағы сот іс бойынша өндірісті қысқартып Инспекциямен жол берілген іс жүргізу кемшіліктерін көрсеткен, яғни ӘҚБтК-нің 722-бабына және 804-бабының 36) тармақшасына сәйкес, ӘҚБтК-нің 207-бабы бойынша әкімшілік істі қозғау және қарау Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі органының құзыретіне жатпайтындығы туралы.
Кассациялық сот алқасы, бірінші сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, ӘҚБтК-нің 207-бабымен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғау және қарау, ӘҚБтК-нің 722-бабына және 804-бабының 3 - бөліміне сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау Инспекциясының құзыретіне жататынын негіздеді.
ӘҚБтК-тің 819-бабына сәйкес, судья, орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалғанын-жасалмағанын, осы тұлғаның оны жасауға кiнәлiлiгiнкінәсіздігін, оның әкiмшiлiк жауаптылыққа жататынын-жатпайтынын, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлардың бар-жоғын, мүлiктiк залал келтiрiлгенiн-келтірілмегенін анықтауға, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға мiндеттi. ӘҚБтК-тің 62-бабының 3 - бөлігінде қаржы саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап бес жылдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатады, бiрақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екi ай өткеннен кейін әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылмайды делінген.
Жергілікті соттар істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық мәнжайларды анықтау үшін шара қолданбаған, атап айтқанда, Б[...] әкімшілік жауапкершілікке тартудың мерзімі өткендігі туралы шағымдағы уәждерін тексеру мақсатында Инспекциямен әкімшілік құқық бұзушылықтың анықталған күнін, әкімшілік жазаның қолдану мерзімін тоқтата тұратын мәнжайлардың болуын тексермеген.
Іс материалдарында тиісті құжаттардың болмауына байланысты аталған кемшіліктер мамандандырылған сот алқасымен жою мүмкін емес.
ӘҚБтК-тің 840 – бабының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес әкімшілік жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы және процестік нормаларының елеулі түрде бұзылуы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.
ӘҚБтК-тің 843-бабының 2 - бөлігіне сәйкес, іс бойынша іс жүргiзудiң бiржақтылығы немесе толық еместiгi iс үшiн маңызы болуы мүмкiн, зерттеуден жол берiлетiн дәлелдемелердi қателесіп шығарып тастаудың немесе дәлелдемелердi зерттеуден негiзсiз бас тартудың; мiндеттi түрде зерттелуге жататын дәлелдемелердi зерттемеудiң нәтижесi болып табылса, қаулының күшi жойылуға жатады.
Сондықтан, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 13 қазандағы және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы Б[...] қатысты кабылданған қаулылары заңсыз болғандықтан олардың күші жойылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Казақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840 – бабының 2) және 3) тармақшаларын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы
қ а у л ы е т т і :
Б[...] қатысты Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 13 қазандағы және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы қаулыларының күші жойылсын. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамында қайта қарау үшін жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар Н. Жолдасбеков Ж. Ермағамбетова Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермагамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.