ВС РК - Постановление от 07.11.2022 по делу 6001-22-00-3Г/5260 (Гражданское)

6001-22-00-3г/5260

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 7 қараша

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Н.Қ.Сұлтанов,

талап қоюшы «Шымкент қаласы бойынша экология департаменті» РММ-нің (бұдан әрі – Департамент) жауапкер «СРМ[...]» ЖШС-не (бұдан әрі – Серіктестік) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжатын алғанға дейін сарқынды суларды өз бетінше сай жерге төгуін уақытша тоқтата тұру туралы талабымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 27 мамырдағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «СР[...]» ЖШС-нің келтірген өтінішхатын электрондық істің материалдарын зерделеу арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Департамент сотқа жүгініп, Серіктестік мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжатын алғанға дейін өз бетінше сай жерге төгуін уақытша тоқтатуды сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 27 мамырдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Серіктестік өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.

Электрондық іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты өтінішхатты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін беру керек деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Анықталғандай, 2021 жылғы 8 маусымда Департаментпен Серіктестікті жоспардан тыс тексеру тағайындалып, тексеру нәтижесі бойынша 2021 жылғы 22 маусымында №017-02-16 санды акті түзілген.

Аталған актімен Серіктестіктің 2021 жылғы 9 наурыздағы №KZ37VCZ00841491 санды мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының талаптарын сақтамай, Шымкент қаласы, Абай ауданы, Ынтымақ-2 шағынауданында орналасқан тазарту қондырғысынан оңтүстік бөлігінде 200 метрден астам қашықтықта орналасқан сай жерге сарқынды суларды төккені анықталған. Осыған байланысты Департаментпен заң бұзушылықты жою туралы 2021 жылғы 22 маусымда №017-02-16 санды нұсқама орындау үшін Серіктестікке жолданған.

2021 жылғы 2 шілдедегі Департаменттің қаулыларымен Серіктестік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328, 332-баптарында көрсетілген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, жауапкермен айыппұлдар өз еркімен төленген.

Сондай-ақ, талап қоюшының 2021 жылғы 16 шілдедегі нұсқамасымен Серіктестік экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды ерікті түрде өтеу міндеттелген. 2021 жылғы 26 шілдеде Серіктестік келтірілген залалды өтеу үшін ерікті түрде 497 976 теңге төлеген.

Департамент өз талабын жауапкерге қорғашан ортаға эмиссияға берілген 2021 жылғы 9 наурыздағы рұқсатында сарқынды суларды сай жерге төгу қарастырылмағандығымен негіздеген.

Жергілікті соттар Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 18 қазандағы шешімімен Департаментпен берілген нұсқаманың заңдылығы бекітілгені, Серіктестікпен өзіне тиесілі кәріз суларын тазарту қондырғысынан 200 метрден астам қашықтықта орналасқан сай жерге сарқынды суларды өз бетінше төгіп, қоршаған ортаны ластағаны анықталғанымен, Департаменттің зертханалықталдамалы бақылау бөлімінің 2021 жылғы 15 маусымдағы су сынамасын алу бойынша хаттамасымен дәлелденгенімен негіздеп, талап қоюды қанағаттандырған.

Өтініш беруші соттар іс үшін маңызы бар сот белгілеген мәнжайлардың дәлелденбеуіне, сондай-ақ сот тұжырымдарының осындай мәнжайларға сәйкес келмеуіне, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты, дауланған сот актілері заңсыз және негізсіз деп санайды. Серіктестік сарқынды сулардың рұқсат берілген «Албастысайдың» аумағына төгілгені жөнінде өтінішхатта көрсіткен.

Электрондық іс құжаттарынан анықталғандай, Серіктестікке 2021 жылғы 9 наурыздағы І санаттағы объектілерге арналған қоршаған орта эмиссиясына рұқсат пен мемлекеттік экологиялық сараптамасының оң қорытындысымен кәріз тұңбаларын сақтап, өңдеуге рұқсат берілген. Департаментпен жүргізілген тексеру нәтижесінде тазарту қондырғысынан оңтүстік бөлігінде 200 метрден астам қашықтықта орналасқан сай жерге сарқынды суларды төккені анықталған.

Дауды Департаменттің пайдасына шешкен кезде, соттар Департаментпен тексеру 2021 жылғы 22 маусымда жүргізілгенің, сол күні заң бұзушылықтар анықталғаның, сондықтан тексеру жүргізілген кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің (бұдан әрі - Экологиялық кодексі) 69, 156-баптарының талаптары бойынша сарқынды суларды төгу үшін рұқсат алу міндетті болғаның негізге алған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 25 қарашадағы №8 «Соттардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын азаматтық істер бойынша қолдануының кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысының 4, 5-тармақтарына сәйкес қоршаған ортаға эмиссияларға белгіленген лимиттер, яғни белгілі бір мерзімге және объектінің санатына қарай қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейтін қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтік көлемі шегінде жол беріледі.

Нәтижесінде қоршаған ортаға эмиссияларға жол берілетін шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар ЭК-нің 69-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, эмиссиялардың нақты түрлерін жүзеге асыруға арнайы табиғат пайдалануға арналған лицензияны және (немесе) экологиялық рұқсатты не кешенді экологиялық рұқсатты алуға міндетті, оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған өтініш негізінде береді (ЭК-нің 12-бабының 3-тармағы, 20, 68, 69 және 79-баптары). Шаруашылық және өзге де қызметті қоршаған ортаға эмиссияларға экологиялық рұқсатсыз (кешенді экологиялық рұқсатсыз) жүзеге асыру не мұндай рұқсатты уақтылы ресімдемеу экологиялық заңнамада көзделген жауаптылыққа әкеледі және шаруашылық және өзге қызметті тоқтата тұру не қоршаған ортаны ластау көзі болып табылатын объектіні пайдалануды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады. Алайда, 2021 жылғы 1 шілдесінен күшіне енген Экологиялық кодексі нормаларына сәйкес сарқынды сулардың коммуналдық қалдықтарға кірмейтіндігі, оған рұқсат алудың қажеттісіз екендігі көрсеткен. Яғни, Департаментпен бұрыңғы Экологиялық кодексінің қолданған 69, 156-баптары, қазіргі таңда күшін жойған және тұжырымдары негізсіз болып табылады.

Аталған норманың талаптары бойынша сарқынды суларды төгу үшін рұқсат алу міндеті Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы №

400-VI ҚРЗ Экологиялық Кодексінің нормаларына қайшы келеді. Экологиялық Кодексінің 416 бабына сәкес, осы Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Департаментпен Серіктестік тарапынан Экологиялық кодексінің 69, 225-баптарының талаптары бұзыулына байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін хаттама түзіліп, Серіктестік өз еркімен 291 700 айыппұл төлеген.

Департаменттің 2021 жылғы 16 шілдедегі нұсқамасы орындалып, Серіктестік қоршаған ортаға келтірілген экономикалық залал 497 976 теңгені де өз еркімен төлеген. Соттар Серіктестіктің 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа Экологиялық кодексінің күшіне енгені және сарқынды сулардың коммуналдық қалдықтарға кірмейтіндігі, оған рұқсат алудың қажеттілігі жоқтығы туралы уәждерін негізге алмаған, заң талаптарын өрескел бұзған.

Серіктестік өз қызметін Департаменттің 2021 жылғы 9 наурыздағы І санаттағы объектілерге арналған қоршаған ортаға эмиссиясына рұқсаты негізінде және 2021 жылғы 13 қаңтардағы берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негізінде жүзеге асырады.

Экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алдын ала берілетін ескертулерге негізделе отырып беріледі. Алайда, Департаменттің 2021 жылғы 15 ақпанның берілген ескеруіне сәйкес «Албастысайдың» сайының тазарту қондырғыларынан ара қашықтығына байланысты және орналасу ерекшеліктеріне қатысты ешқандай ескертулер берілмеген.

Өтінішхатта дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін келтірген негіздер бар болуына орай, өтінішхатты электрондық іс материалдарымен бірге азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін беру қажеттігін ескере отырып, АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 27 мамырдағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты электрондық азаматтық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарауға берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушыларға жолдансын.

Судья

Н. Сұлтанов

Көшірмесі дұрыс

Н. Сұлтанов судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.