ВС РК - Постановление от 01.10.2024 по делу 6001-24-00-6ап/487 (Административное)

6001-24-00-6ап/487

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 1 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып, талап қоюшының өкілі А.А.Тажимишевтің, жауапкердің өкілі Е.А. Алимбаевтың қатысуларымен,

талап қоюшы Нурлан Салимович Демисиновтің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Ақтөбе облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп танып, оны бұзу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Ақтөбе гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 2 қазандағы шешіміне және Казақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қаңтардағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н.Демесинов жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгініп, оны жауапкердің ағымдағы тұрғын үй төлемдерін басқа үйді ипотекалық несиемен сатып алуына байланысты тоқтатуының заңсыз екендігімен негіздеген. Ақтөбе гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 2 қазандағы шешімімен талапкер Н.Демисиновтің талап арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Казақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшының өкілі А.Тажимишевтің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер өкілі Е.Алимбаевтың іс бойынша қабылданған кассациялық шағыммен келіспеген уәждерін тыңдап, шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Н.Демисинов «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі - Департамент) келісім-шарт бойынша «Әйтеке би» шекара бөлімінің старшинасы қызметінде әскери қызмет атқарады.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Н.Демисинов ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алушы болып табылады және ол төлемдермен Ақтөбе қаласы, Мәңгілік ел көшесі, 20-үй, №36 пәтерді сатып алу туралы 2018 жылғы 24 қазандағы шартта көзделген банк алдындағы ипотекалық несие міндеттемелерін орындап отырған.

2023 жылғы 14 сәуірдегі Департаменттің тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен талап қоюшының жұбайы С.Шаденбаева 2022 жылғы 22 қыркүйекте Ақтөбе қаласы, Қарғалы шағын ауданы, 5В-үй, №113 пәтерді ипотека арқылы сатып алуына байланысты Н.Демесинов пен оның отбасына ағымдағы тұрғын үй төлемдерін тоқтату туралы шешім қабылданған.

Төменгі саты соттары талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі анықтамасына сәйкес Н.Демисиновтің атында жоғарыда көрсетілген екі пәтерге меншік құқығы тіркелген, яғни өзге тұрғынжай сатып алғаннан бастап екінші пәтерге де меншік құқығы туындауына байланысты ағымдағы тұрғын үй төлемдері тоқтатылуы тиіс деген тұжырым жасаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келесі негіздер бойынша келісе алмайды.

Әскери қызметшілердің тұрғынжайға құқығы мен оған сәйкес төлемдер мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік маңызы бар кепілдік болып табылады.

Мемлекет әскери қызметшілерге тұрғын үй заңнамасының нормаларында белгіленген тәртіппен және шарттарда, атап айтқанда, олар тұрғын үйге мұқтаж деп танылған кезден бастап әр түрлі нысандарда, олардың тұрғын үй-жайларын қамтамасыз етуге кепілдік береді.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 101-2-бабы 1-тармағына сәйкес егер осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде өзгеше көзделмесе, әскери қызметшілердің тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады.

Заңның 101-3-бабына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың, әскери қызметшілерді тұрғынжайға мұқтаж деп танудың негіздері көзделген.

Заңның 101-4 бабының 2 тармағы 7) тармақшасында, тұрғын үй төлемдерін тоқтату негіздері толық тізімі белгіленген, яғни Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өзге тұрғынжай сатып алған жағдайларда тоқтатылады, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы не мұраға қалдырылған меншік құқығындағы тұрғынжайдың пайда болуы есепке алынбайды.

Іс құжаттарынан талап қоюшының тұрғын үйге мұқтаж ретінде заңды түрде танылғаны, ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алып, 2018 жылғы 24 қазандағы шарт бойынша банк алдындағы ипотекалық несие міндеттемелерін төлеп отырғаны көрінеді.

Сонымен қатар, талап қоюшының аталған ипотекалық несие бойынша банк алдындағы міндеттемелері толық орындалмаған, қалдық берешек сома 3 969 387 теңгені құрайды.

Жергілікті соттардың өзге тұрғынжай сатып алуына байланысты ағымдағы тұрғын үй төлемдері тоқтатылуы тиіс деген тұжырымы заңды әрі негізді деп санауға болмайды, себебі талап қоюшы қазіргі уақытта да әскери қызмет атқарады, тұрғын үй төлемдері белгілі бір мақсатқа ие және оны тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы құқығын жүзеге асыра отырып, оны сатып алу үшін төлемдерді жүзеге асыруға бағытталған.

Сондай-ақ, жергілікті соттармен Н.Демисиновтың және оның жұбайының атынан алынған пәтерлер ипотека шарты арқылы алынғанын, яғни аталған пәтерлерге меншік құқығы толық көлемде тиесілі емес екені ескерілмеген.

Сонымен қатар, талап қоюшының отбасы құрамы 6 адамнан тұратыны, ал тұрғын үй заңнамасы нормаларына сәйкес әр адамға он сегiз шаршы метр пайдалы алаң болуы тиісті екендігі назардан тыс қалдырылған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес талап қоюшының 6 адамнан тұратын отбасына 108 шаршы метр пайдалы алаңы тиесілі.

Н.Демисиновтың ипотека шарты арқылы алған пәтерінде 67,4 шаршы метр пайдалы алаң, ал оның жұбайы С.Шаденбаеваның ипотекаға алған пәтерде 38,3 шаршы метр пайдалы алаңы бар екені расталады. Екі пәтердің пайдалы алаңы қосылғанда 105,7 шаршы метр құрайтыны, яғни отбасына тиесілі алаң көлемінен аспайтыны байқалады.

Аталған мән-жайлар жауапкердің тұрғын үй төлемдерін тоқтатуға заңды негіздер болмағанын көрсетеді,

Сондықтан кассациялық шағымда көрсетілген осы жөніндегі уәждер негізді болып табылады. Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актілерінің күштері жойылып, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға толық негіздер бар деп санайды. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының 2023 жылғы 2 қазандағы шешімі және Казақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.

Талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Ақтөбе облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 14 сәуірдегі Демисинов Нурлан Салимовичке тұрғын үй төлемдерін тоқтату туралы шешімін заңсыз деп танып, күші жойылсын,

Талап қоюшынің өкілі Тажимишев Аманбек Амантаевичтің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б.

Судьялар Әлжанов Ғ.Ө. Нұрбаев Г.К.

Көшірмесі дұрыс Судья Г.Б.Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.