6001-23-00-3г/2222(2)
Қ А У Л Ы
Астана қаласы
2023 жылғы 7 маусым
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы С[...] «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының Полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Департамент) бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жою және жұмысқа қайта орналастыру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы С[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
С[...] жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгініп, онда оның іс-әрекетінде тәртіптік жаза түрінің жоқ екеніне қарамастан, қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасаған деген негіздермен атқарып жатқан өз лауазымдық қызметінен босатылған Департаменттің бұйғырын заңсыз деп тануды сұраған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы шешімімен С[...] талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
С[...] өзінің өтінішхатында жергілікті соттармен іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін көрсете отырып, істі қарау барысында жергілікті соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай және толық анықтамай жасалған, ал, іс біржақты қаралып, жергілікті соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданбаған деп есептейді. Сондықтан кассациялық өтінішхатта аталған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот актісін кассациялық тәртіпте даулаудың заңмен белгіленген мерзімі арыз берушімен бұрын уақытында берілген өтінішхат кемшіліктерді жою мақсатында қайтарып беруіне байланысты өткізіп алғандықтан, судья өтінішхаттың уәждерін тиісті түрде тексеру үшін АПК-нің 126-бабы 2-бөлігінің негізінде өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге болады деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Азаматтық іс материалынан анықталғандай, С[...], 2019 жылғы 19 желтоқсандағы № 1404 ж/қ бұйрығының негізінде Шымкент қаласының Қаратау аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарған.
Департаменттің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы жазалау туралы № 1093 ж/қ бұйрығымен өзінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарап, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелмеген арыз бойынша қылмыстық іс-әрекеттері әшкере болмаған тұлғаларды заңсыз ұстап, олардың конституциялық құқығын бұзды деген себептермен Қазақстан Республикасы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының (әрі қарай - Заң) 80-бабының 1-тармағының 12), 13)-тармақшаларын негізге ала отырып, қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін С[...] ішкі істер органдарынан шығарылған.
Жергілікті соттармен анықталғандай, 2021 жылдың 8 желтоқсанында кешкі сағат 17:42 - 18:30 шамасы кезінде Шымкент қаласы полиция департаментінің ғимаратында орын алған заң бұзушылыққа байланысты Департаменттің бірнеше қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергептексеру жүргізілген. Нәтижесінде басқа да қызметкерлерімен бірге С[...] өз қызметтік міндеттеріне немқұрайлық қарап, жағымсыз қоғамдық резонанс тудырған қарым-қатынастары құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін ішкі істер органынан шығару туралы тіртіптік комиссияға ұсыныс енгізілген.
Тергеп-тексерудің қорытындысы бойынша 2021 жылдың 10 желтоқсандағы №1093 ж/қ жазалау туралы бұйрықтың негізінде Департаменттің бірнеше жауапты қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі қаралып, онда бірнеше қызметкерлер, оның ішінде С[...] қызметтік тергеп-тексеру жүргізу барысында тәртіптік теріс қылықтарын анықтауымен негіздеп, полиция подполковнигі арнайы атағынан айыру туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне ұсыныс енгізе отырып, Ішкі істер органдарынан шығарылсын деген шешім қабылданған. Департамент мұндай шешім шығаруда С[...] бұл іс-әрекеті қоғамдық резонанс тудыратын, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады деген қорытындыға келген. Осылайша, талап қоюшының атқарып отырған лауазымынан босатылуына аталған мән-жайлар негіз болған.
Д[...].С[...], Департаменттің аталған бұйрығымен келіспейтінін көрсете отырып, тергеп тексеру барысында қызметкерлердің тәртіптік теріс қылық жасауларының мән-жайлары толық, жан-жақты және объективті түрде анықталмаған деп есептейді. Себебі, өзі Қаратау АПБ-нің қызметкері бола тұрып, Шымкент қаласы полиция Департамент тарапынан күдіктілерге жедел іздестіру шараларының жүргізіліп жатқанынан мүлдем хабарсыз болғанын, ал, Департамент ғимаратына күдікті ретінде жеткізілген азаматтарға қарсы ешқандай іс - әрекет жасамағанын атап көрсеткен.
Сондай-ақ, оқиға болған күні яғни, 2021 жылдың 8 желтоқсанда сағат 14-30-дан бастап Қаратау ауданы полиция басқармасының басшысымен
бірге Шымкент қаласы полиция Департаментінің ғимаратында халықпен кездесу жүргізгендіктен, сағат 15-00-де Шымкент қаласының полиция департаментінің ғимаратына сол Департаменттің полиция қызметкерлерімен жеткізілген күдіктілерді құрықтау іс-шараларына қатыспағанымен негіздеген.
Сонымен қатар, аталған ғимаратта жәбірленушілермен бірге басқа да қызметкерлер яғни, А[...], Ж[...], И[...] және О[...] да болғандарын және оларға қатысты қылмыстық істің қозғалғанын түсіндірген. Арызданушының пікірінше,Департамент тарапынан орын алған қудалау әрекеттерінің салдарынан өзімен еңбек қатынастары заңсыз бұзылған деп есептейді. Осылайша, С[...] өзінің ішкі істер органынан заңсыз босатылғанын уәждеп, конституциялық құқығын қалпына келтіру мақсатында сотқа жүгінген.
Д[...], жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешiм шығаруына С[...] сотқа талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi және тәртіптік жаза қолдану тәртібі мен мерзімін сақтамады деген уәждерін растайтын дәлелдемелерді сотқа ұсынбағаны негiз болған.
Бірақ арызданушының көрсетуінше Департамент бастығының оған тәртіптік комиссияның неліктен жұмыстан шығару туралы шешім қабылдағаны туралы сұрағына, оның тек қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілгенін және тергеу біткен соң оның жұмысқа қайта қабылданатынын айтып түсіндірген. Талап қоюшының талап қоюмен жүгіну мерзімінің өту себептерінің бірі, ол, оның бұл қылмыстық іске қатысым жоқ деген оймен осы уақытқа дейін өзін жұмыстан уақытша шеттетілген деп жүргенімен байланысты болған, ал, оның бұл уәждері тәртіптік комиссияда айтылғанын атап көрсеткен.
Сонымен қатар, С[...] өзінің өтінішхатында оның талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыруға негіз болған Департаменттің бұйрығы қол қою арқылы таныстырылмағанымен немесе оның пошта арқылы жіберілгені туралы хабарламаның жауапкермен істі қарау барысында сотқа ұсынылмағанымен уәждеген. Өйткені, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 61-бабының 3-бөлігінде көзделген яғни, жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі жұмыс берушінің актісі шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жұмыскерге табыс етіледі немесе оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы оған жіберілетіні көрсетілген. Бұл тұрғыда С[...] даулы бұйрықпен таныстырып, оны табыстау бойынша жоғарыда көрсетілген заңның талаптары Департаментпен сақталмаған деп есептейді.
Одан басқа С[...], сот практикасының біркелкілігіне сот актілерінің сәйкес келмейтіні туралы уәжіне негіз ретінде Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының Ж[...] және А[...] қызметіне қайта орналастыру туралы шешімдерін тіркеген. Оның үстіне, аталған тұлғалар полиция Департаментінің тікелей қызметкерлері және күдіктілерді құрықтау кезінде қатысқан, бұл туралы 2021 жылғы 10 желтоқсандағы қызметтік тергеп-тексеру қорытындысында көрсетілген. Бірақ жергілікті соттар, аталған қызметкерлердің бір бұйрықпен жазаға тартылғанына қарамастан, талап қою мерзімін қалпына келтіріп, олардың іс-әрекеттерінде тәртіптік теріс қылықтар құрамын анықтамаған.
Осылайша, жұмыстан шығару туралы бұйрықтың негізділігін мұқият және жан-жақты тексермей, талап қоюшының қандай әрекеті тәртіптік теріс қылық болып табылатыны анықталмай сот актілері шығарылғаны туралы кассациялық өтінішхаттың уәждері тексерілуге жатады.
Сондай-ақ, арызданушы 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № 1093 ж/қ жазалау туралы бұйрықпен адвокаттық сұрау хатына берілген Департаменттің 2022 жылғы 9 маусымдағы жауап хатымен танысу кезінде көргенін өтінішхатта көрсеткен. Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Кассациялық тәртіппен шағым жасау мерзімі қалпына келтірілсін. Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы С[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.