ВС РК - Постановление от 05.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2822 (Административное)

6001-24-00-6ап/2822

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірəлиев,

өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мəжіліс залында талап қоюшы Мирамбек Жауынгерұлы Баяхметтің жауапкер «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасының Үкіметінің Аппараты» мемлекеттік мекемесіне бір пəтерді жекешелендіріп беру туралы əкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымына жəне Астана қалалық сотының əкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен əкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы М.Ж.Баяхмет жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, министірліктің балансында тұрған бір пəтерді жекелендіріп беруді сұраған.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымымен талап арыз қараусыз кері қайтарылған.

Астана қалалық сотының əкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған жауапкер өкілдері кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мəні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы кассациялық шағым уəждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сəйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қаралатыны қарастырылған.

ӘРПК-нің 4-бабының 1-бөлігінің 4) тармақшасына сəйкес, əкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда əкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Яғни əкімшілік іс жүргізу тəртібінде əкімшілік рəсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе іс-əрекет қаралуға жатады.

ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігі 11) тармақшасына сəйкес іс əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қарауға жатпаса сот талап арызды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы 1995-2020 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Астана қаласы бойынша Полиция департаментінде қызмет атқарып, 2020 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шыққан.

Ішкі істер органдарында қызмет атқарған жылдарда қызметтік тұрғын үй немесе пəтер жалдау үшін төлемақы алмаған.

Сонымен қатар, талап қоюшы қызмет атқарған жылдар ішінде тұрғын үйге мұқтаж қызметкер ретінде қызметтік тұрғын үй немесе тұрғын үйді жалға алуға ақы төлеу туралы баянатпен ішкі істер органына жүгінбеген.

Талап қоюшы мемлекеттік қызметкер, бюджет қызметкері ретінде коммуналдық тұрғын үй қорынан үй алуға өз құқығын жүзеге асырған, яғни 2014 жылы 1 наурыздан бастап коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде «мемлекеттік қызметші, бюджет ұйымдарының қызметкері» санаты бойынша кезекке тұрған.

Жергілікті соттар талап арызды кері қайтару туралы шешім қабылдағанда, тараптардың арасындағы дау əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қаралуға жатпайды деген тұжырымға келген.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, əрі негізді қабылданған деп санайды, себебі тараптар арасындағы дау жария-құқықтық қатынастардан туындамаған, жауапкерлердің тарапынан талап қоюшыға қатысты тұрғын үй беру не бермеу жөнінде əкімшілік акт қабылданбаған.

Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уəждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымы жəне Астана қалалық сотының əкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Мирамбек Жауынгерұлы Баяхметтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Дуйсенбаев Г.Б.

Нұрбаев Г.К.

Судьялар

Өмірəлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.