№6001-23-00-6ап/3248 №6001-23-00-6ап/3248 (2) №6001-23-00-6ап/3248 (3)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 13 тамыз
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Ш.Т.Даниярова,
талап қоюшының өкілі Ж.Ж.Мелдешов,
жауапкердің өкілі Н.М.Майлышевтің қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Нұрболат» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі - «Нұрболат» ӨК) жауапкерлер Сарыағаш қаласының әкіміне (бұдан әрі – қала әкімі), «Сарыағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Құрылыс бөлімі), «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі) Сарыағаш ауданының жер комиссиясының 2023 жылғы 28 ақпандағы №11-06 қорытындысын, Сарыағаш қаласы әкімінің 2023 жылғы 28 ақпандағы №87 шешімін заңсыз деп танып, күшін жою және жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту жөнінде қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысына жауапкерлер - қала әкімімен, Құрылыс бөлімімен, Жер қатынастар бөлімімен келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгертілген.
Сарыағаш ауданының жер комиссиясының 2023 жылғы 28 ақпандағы №11-06 қорытындысы және қала әкімінің 2023 жылғы 28 ақпандағы №87 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Жауапкер қала әкімінің «Нұрболат» ӨК-нің Сарыағаш қаласы, Сулейменов көшесі №6 мекен-жайда орналасқан тұрғын үй құрылысы және оған қызмет көрсету үшін берілген жалпы алаңы 0,0999 га жер учаскесінің (кадастрлық №19-306-011-568) нысаналы мақсатын үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету деп өзгертіп беру туралы өтініші бойынша оң қорытынды қабылдау міндеттелген.
Жауапкер қала әкімін және Жер қатынастар бөлімін «Нұрболат» ӨКнің Сарыағаш қаласы, Сулейменов көшесі №6 мекен-жайда орналасқан тұрғын үй құрылысы және оған қызмет көрсету үшін берілген жалпы алаңы 0,0999 га жер учаскесінің (кадастрлық №19-306-011-568) нысаналы мақсатын үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету деп өзгерту жөнінде қолайлы әкімшілік акті, оң шешім қабылдау міндеттелген.
Жауапкерлер кассациялық шағымдарда іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілген.
Істің мән-жайларына қарағанда «Нұрболат» ӨК-і 2022 жылғы 18 қазандағы Ж.Мелдешовпен арадағы жасалған №4615 келісім-шарт негізінде Сарыағаш қаласы, Сулейменов көшесінде орналасқан №6 үй мен оған тиесілі кадастрлық №19-306-011-568 жалпы алаңы 0,0999 га, нысаналы мақсаты «тұрғын үй құрылысы және оған қызмет көрсету үшін берілген» жер учаскесін сатып алып, оны тіркеуші органда өз атына тіркеуден өткізген.
2022 жылғы 24 қарашада талап қоюшы қала әкіміне аталған жер учаскесінің «тұрғын үй құрылысы және оған қызмет көрсету» нысаналы мақсатын «үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін» деп өзгерту жөнінде өтінішпен жүгінген.
Жер комиссиясының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы №49-20 қорытындысымен аталған жер учаскесінің нысаналы мақсатын ауыстырып, 580 419 теңгеге сатып беру туралы қала әкіміне ұсыныс енгізген. Қала әкімі 2022 жылғы 7 желтоқсандағы №334 шешімімен талап қоюшыға аталған жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстырудан бас тартқан.
2023 жылғы 16 ақпанында талап қоюшы қала әкіміне осы жер учаскесінің нысаналы мақсатын ауыстыру туралы өтінішпен жүгінген. Жер комиссиясының 2023 жылғы 28 ақпандағы №11-06 қорытындысынан анықталғандай, Құрылыс бөлімі талап қоюшыға аталған жер телімінің мақсатын өзгертуіне келісім бермей, қала әкіміне талап қоюшының өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы ұсыныс жолдаған.
Қала әкімі 2023 жылғы 28 ақпандағы №87 шешімімен талап қоюшыға жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстырудан бас тартып, даулы жер учаскесінің орналасқан аумағында аз қабатты тұрғын алабы қаралғанымен негіздеген.
Бұл әрекетпен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, даулы жердің нысаналы мақсатын өзгерту әкім құзыретіне кіретіндігімен және жеке немесе заңды тұлғалардың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініштерін қанағаттандыру жөнінде заңнамаларда көзделмегендігімен негіздеген.
Сонымен бірге, қала әкімі әкімшілік қалау құқығын қолданып, даулы жер учаскесінің орналасқан аумағында аз қабатты тұрғын алабы қаралғандықтан, даулы жер учаскесінің нысаналы мақсатын ауыстырудан бас тарту шешімін қабылдаған деп көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері талап қоюшының заңда көзделген құқықтарымен пайдалануына тікелей кедергі келтіретін ақылға қонымсыз әрекеттер болып табылады деген тұжырымға келген.
Сот алқасы апелляциялық сот алқасының тұжырымы негізсіз деп санайды.
ӘРПК-нің 154-бабына сай соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс. Соттың шешімі, егер ол заңның барлық талаптарын сақтай отырып және заңның негізінде шығарылса, заңды болып танылады. Егер шешім сотқа ұсынылған дәлелдемелерді сот отырысында жан-жақты және объективті зерттеу негізінде шығарылса, ол негізді болып танылады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 109-бабына сәйкес, қалалардың, кенттердiң, ауылдық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» №242 Заңының 46-бабына сай, елдi мекеннiң шекарасы (шегi) оның аумағын (қала құрылысы кеңiстiгiн) айқындайды және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен бекiтiлген осы елдi мекеннiң бас жоспары негiзiнде белгiленедi (өзгертiледi).
Елдi мекендер шекаралары (шектерi) жобаларының құрамы, мазмұны мен әзiрлену тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлерге, мемлекеттiк нормативтерге, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның өзге де құжаттарына сәйкес белгiленедi. Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.
Сарыағаш аудандық мәслихатының 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №25-201-V шешімімен Сарыағаш қаласының бас жоспары мен Сарыағаш ауданының кейбір елді мекендерінің дамыту және салу схемалары бекітілген. Соттармен анықталғандай, талап қоюшының жер учаскесінің нысаналы мақсатын ауыстыру туралы өтінішке бас тартуға, Сарыағаш қаласының бас жоспарына сәйкес даулы жер учаскесінің орналасқан аумағында аз қабатты тұрғын алабы қаралғаны негіз болған.
Демек, даулы жер учаскенің орналасқан аумағында бас жоспарға сәйкес аз қабатты тұрғын алабы қаралғаны анықталған.
Бұл жағдайда, бас жоспары өзгертілмей тұрып, талап қоюшының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішін жауапкерлер тарапынан қанағаттандырудан бас тартуы заң талаптарымен сәйкес келеді. Сондықтан бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келеді.
Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысының күші жойылсын.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылсын. Жауапкерлердің кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс.
Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.