КСАД РК - Постановление от 16.04.2026 по делу 6003-25-00-4к/2817 (Административное)

ҚАУЛЫ № 6003-25-00-4к/2817

16 сәуір 2026 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, алқалы құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев,

судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы өкілі К.М.Будикованың, жауапкердің өкілдері А.А.Конакбаеваның, А.Кунаеваның, Е.М.Бегалының, мүдделі тұлғалардың өкілдері М.С.Бейсенбаевтың, А.М.Шоқпарованың; Қ.Ж.Нурмановтың қатысуларымен,

ашық сот мәжілісінде Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - талап қоюшы) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - жауапкер), мүдделі тұлғалар ретінде - Қызылорда қаласының әкімін, Қызылорда қаласының прокуратурасын, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесін тарта отырып, жер-кадастрлық істерді ақысыз негізде беруден бас тарту туралы жауапкердің әрекетін заңсыз деп танып, оны осыған міндеттеу жөніндегі талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,

ол бойынша шығарылған Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешіміне, Қызылорда облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 шілдедегі қаулысына жауапкер өкілдерінің берген кассациялық шағымы мен оның қосымшасы бойынша қарап, төмендегені

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа арыз түсіріп, онда жауапкерге қарсы жоғарыдағы талаптармен жүгінген.

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың сол жылғы 10 шілдедегі қаулысымен аталған талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкердің жер-кадастрлық істерді ақысыз негізде талап қоюшыға беруден бас тарту әрекеті заңсыз деп танылып, талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жауапкерге міндеттелген.

Төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келіспеген жауапкер тарапы кассациялық шағым түсіріп және оған қосымша беріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Істі қарауға қатысқан адамдардың пікірін тыңдап, даудың мән-жайын зерттеп, шағымның және оған қарсы бірнеше пікірдің уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК-нің) 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.

ӘРПК-нің 5 бабының екінші бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз еткен.

Туындаған дауды қарау барысында, олар Қазақстан Республикасында қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде бағалаған.

Жергілікті соттармен анықталғанындай, 2025 жылғы 23 қаңтарда, өзінің №01-35/114 хатымен талап қоюшы, қызметтік қажеттілікке байланысты (Қызылорда қаласы құрылыс бөлімінің жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу туралы хатына орай) жауапкердің филиал директорынан - бірнеше жеркадастрлық істердің (10-156-088-142, 10-156-088-139) көшірмесін электрондық поштаға жолдауға ықпал жасауды өтінген.

Алайда жауапкердің филиалы, сол жылғы 28 қаңтарда №03-11-1123/1692 жауап қайтарып, онда мемлекеттiк органдардың жер кадастрының мәлiметтерiн сұратуы заңға сәйкес ақылы түрде жүзеге асырылатынын хабарлап, жер-кадастрлық құжаттардың көшірмелерін ақысыз негізде беруден бас тартқан.

Осыған байланысты, талап қоюшы сотқа жүгініп, жауапкердің бұл әрекетін заңсыз деп танып, қажетті ақпаратты ақысыз негізде беруге оны міндеттеуді сұраған.

Дауды қарау барысында, осы іс бойынша жинақталған құжаттар мен ұсынылған дәлелдемелерді жан-жақты зерделей келе, жергілікті соттар қойылған талаптың қолданыстағы заң талаптарына сәйкес келетінін ескеріп, негізді тұжырым жасаған.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - ЖК) 158-бабының 6-бөлігіне сәйкес, жер кадастрының мемлекеттiк құпия мен өзге де шектеулердi қамтымайтын мәлiметтерi баршаға қолжетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледі. Жер кадастрының мәлiметтерiн мемлекеттiк органдарға беру ақысыз негiзде, осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

Сөйтіп, мемлекеттiк органдарға қажетті жер кадастрымен байланысты мәлiметтер тек ақысыз негiзде, бірақ осы мақсаттарға арнайы арналған бюджеттік қаражаттың есебiнен берілетіндігі ЖК-де анық айтылған.

Бюджеттік қаражат бойынша назар аударар жағдай, қабылданған жер ресурстары туралы ақпаратқа қолжетімділікті арттыру туралы «Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру» 100 кіші бағдарламасына қатысты 259-бюджеттік бағдарлама көзделген. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 07 желтоқсандағы №808 қаулысына сәйкес, бұл құжат мемлекеттік бағдарламаларды бекітетін негізгі құқықтық актінің бірі болып табылады. Аталған қаулының қосымшаларында мемлекеттік тапсырмалар мен бюджет көлемі бөлініп көрсетілген, оның ішінде жер кадастры саласындағы функцияларды орындау жауапкерге, яғни, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» жүктелген, яғни, ол жерге қатысты мәліметтерді жинау, өңдеу және ұсыну құзыреттерімен айналысады, әрі 259-бюджеттік бағадарламаның негізгі орындаушысы ретінде танылады.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 01 қазандағы №301 бұйрығының 18-қосымшасындағы «Жер учаскесінің кадастрлық ісінен құжаттардың көшірмелерін ұсыну» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларында да бекітілген.

Талап қоюшының жеке басына келсек, ол коммуналдық мемлекеттік мекеме болғандықтан, тікелей жеке немесе заңды тұлға ретінде қызмет алушы болып табылмайды.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңдылыққа байланысты ( Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі Заңының 1- бабы 3) тармақшасы бойынша), көрсетілетін қызметті алушылар қатарына жеке және заңды тұлғалар жатқызылған, алайда олардың арасына орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері қосылмаған.

Ал, талап қоюшы облыстық маңызы бар Қызылорда қаласының әкімдігінің құзырына енгізілген.

Осы дауды қарау барысында жауапкер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің (бұдан әрі - комитет) түсіндірмесіне сілтеме жасаған, яғни, оның 2020 жылғы 22 маусымдағы №19-3-11/2223 хатына сәйкес, кадастрлық деректерді тегін беру тек бюджет қаржыландыруы көзделген жағдайда ғана мүмкін екендігін, алайда, 259-бюджеттік бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаражаты толық игерілгендіктен, ендігі уақытта тегін қызмет мүмкін емес екендігіне назар аударған.

Сонымен қатар, іске тағы бір түсіндірме тіркелген, ол осы комитеттің жер-кадастрлық істерді ұсынуға қатысты 2025 жылғы 23 қаңтардағы №19-0308/5842 хаты. Онда ЖК-нің 152-бабы 4-бөлігіндегі мемлекеттік жер кадастрының мәліметтері мемлекеттік ақпараттық ресурс болып табылатындығы, ЖК-нің 153-бабының 1-бөлігі 6-тармақшасында мемлекеттік жер кадастрының және оны жүргізуге технологиялық байланысты қызметтің мазмұны - мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесін жүргізу екендігі, мемлекеттік органдарға жер кадастрлық мәліметтер ақысыз негізде берілетіндігі туралы хабарланған.

Қосымша ескерер жағдай, мүдделі тұлға - «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-нің (бұдан әрі - департамент) хабарлауынша, жауапкердің Қызылорда облысы бойынша филиалына жер кадастрлық істердің электрондық тасығышын қалыптастыру мақсатында сканерлеу үшін 2025 жылы республикалық бюджеттен 12 млн. теңгеден астам, ал 2026 жылы - 8,8 млн. теңге қаржы бөлінген.

Сөйтіп, мемлекет жауапкерге осындай қажетті ақпаратпен сұраныс иелерін қамтамасыз ету үшін әр жыл сайын тиісті мөлшерде қаржы бөліп отырады.

Бұдан тыс назар аударар мәселе, комитет пен жауапкер арасында 2025 жылғы 20 наурызда құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы №250199/00 шарт жасалған, онда 001-123-159 жер-кадастр жұмыстары да, әрі Қызылорда облысы да қамтылған. Алайда шарттың 1- қосымшасында сатып алатын жұмыс түріне - осы облыс бойынша жер-кадастр шаралары шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың жер учаскелерінің шекарасын анықтау жұмыстарына мамандарды тарту қарастырылған, ал, жеркадастрлық істердің электронды көшірмесін бергілі бір ақыға сатып алу көзделмеген.

Жауапкер тарапының пайымдауынша, осындай мазмұндағы мемлекеттік сатып алу шарты басқа өңірлерде де жасалған және олар тек ақылы ақпарат алуды меңзейді.

Бірақ, кассациялық сот, сол шарттармен таныса отырып, жауапкердің мұндай көз-қарасымен келісе алмайды. Себебі, жоғарыда айтылған шарттағы көзделген жұмыс түрі нақты, әрі басқаша бағытта.

Жалпы мемлекеттік органдар арасында, оның ішінде осы әкімшілік іске қатысушылар арасында, туындаған мәселеге қатысты бірнеше мәрте әрі түрлі мазмұндағы сауал-жауап алмасу шаралары орын алған, барлығының дерлік мазмұнынан көрінетіндігі, жауапкер тарапынан көрсетілер қызмет ақысыз негізде, осы мақсаттарға көзделген мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жоғарыдағылардан туындайтыны, мемлекеттік органдардың жүйелі және сапалы жұмыс жасауы үшін жер кадастрлық мәліметтер уақтылы, әрі ақысыз негізде, бюджет қаражаты есебiнен берілуі тиіс. Аталған мәліметтер тек қағаз тасығышта ғана емес, сонымен қатар сканерленген, электрондық түрде де ұсыныла алады.

Алайда, жауапкер мән-жайларды дұрыс сараламай, талап қоюшының мемлекеттік орган болып табылатынын, оның жер кадастр құжаттарын сұратуы өзінің функционалдық қызметін жүзеге асыруға тікелей байланысты болатындығын ескермей, соңғының мемлекеттік қызмет алушы болып табылмайтынына қарамастан, жер кадастрлық істерді ақысыз беруден негізсіз бас тартқан, филиалының мұрағатындағы жер-кадастрлық істердің дайын сканерленген электрондық көшірмелерін «Документолог» жүйесі арқылы немесе тиісті электронды мекен-жайға жолдауды қамтамасыз етпеген.

Сөйтіп, жауапкердің талап қоюшының сауалын орындамауы қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді, мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимылдың белгіленген (қалыптасқан) тәртібін бұзады, жер қатынастар саласындағы уәкілетті органның (талап қоюшының) функцияларын тиісті түрде жүзеге асыруына кедергі келтіреді. Жалпы, қаралып отырған жағдайда, төменгі сатыдағы соттар өздерінің осы іспен шығарған актілерінде, талап қоюшы мен жауапкердің кейбір уәждеріне қатысты тиісті құқықтық баға бере білген және ол бағамен кассациялық сот та келіседі, сондықтан олар туралы қазіргі қаулыда қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.

Баяндалғандардың негізінде, кассациялық сот іс бойынша шығарылған шешімдер ӘРПК-нің 155-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес келеді, оның үстіне бұл сот актілері нақты мән-жайлар мен әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған деп санайды.

Айтылған мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды және негізді деп тауып, оларды бұзуға немесе өзгертуге ешбір дәлелдемелер анықтамады.

Жауапкер тарапының кассациялық шағымы мен оның қосымшасының уәждері тексерілді, олар бұрын да төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болғаны анықталды. Оның үстіне кассаторлар келтірген дәйектер оған берілген бірнеше қарсы пікірлермен жоққа шығарылған және соңғының тұжырымдары негізді деп табылады.

Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иелерінен кассациялық сотқа қазіргі кезде ұсынылмады. Осы себепті, іс бойынша шығарылған сот актілері - күшінде, ал жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымы мен қосымшасы - қанағаттандырыусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімі, Қызылорда облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 шілдедегі қаулысы - күшінде, жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымы мен қосымшасы - қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е.М. Нұралиев

Судьялар

Л.С. Кудекова

Ш.С. Манжуева

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.