6001-24-00-6ап/1449
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,
талап қоюшы Бердияр Оразбекович Оспановтың жауапкер жеке сот орындаушы Ғалымжан Калибекович Садыковқа 2024 жылғы 13 наурыздағы берешекті анықтау туралы қаулысын заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Б.О. Оспанов аталған талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде өндіріп алушымен тек 2024 жылдың қаңтар айынан бастап жанұясы бөлек тұратынын, сол кезге дейін өндіріп алушы мен балалары өзінің асырауында болғанын көрсеткен.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 наурыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі Е.А.Емешев кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жеке сот орындаушысының тарапынан борышкердің алимент берешегін анықтау туралы қаулысын шығару барысында ешқандай заң бұзушылық фактілері орын алмаған деп тұжырым жасаған.
Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 169-бабының 1-тармағына сай, алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.
Іс құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 3 шілдедегі сот бұйрығымен Б.О.Оспановтан өндіріп алушы Ұ.Б.Нұржігіттің пайдасына кәмелет жасына толмаған төрт балаларына 18 жасқа толғанша асырап бағу үшін ай сайын жалақысынан және өзгеде табысынан 1/2 мөлшерінде алимент өндірілген.
2024 жылы 7 ақпанда жеке сот орындаушы Ғ.К.Садыковпен өндіріп алушының арызы негізінде борышкерден өндіріп алушының пайдасына ай сайын табысының немесе өзге де кірісінің 50 пайыз мөлшерінде алимент өндіру туралы атқарушылық өндірісі қозғалған.
2024 жылы 13 ақпандағы борышкердің алимент берешегін анықтау туралы даулы қаулы 2023 жылдың шілде айынан 2024 жылдың қаңтар айы аралығында борышкер жұмыс атқаратыны туралы анықтамалар негізінде 1 134 353 теңгеге есептелген.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның (әрі қарай – Заң) 99-бабы 1,2-тармақтарына сай алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады.
Алимент бойынша берешекті сот орындаушысы тоқсан сайын айқындайды.
Алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
Заңның 102-бабына сәйкес сот орындаушысы өндіріп алушының (заңды өкілінің) өтініші бойынша кез келген уақытта, бірақ көп дегенде тоқсанына бір рет борышкердің жалақысы мен басқа да табыстарынан ұстап қалудың және ұсталған сомаларды өндіріп алушыға жіберудің дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады.
Талап қоюшының өндіріп алушының Каспий банктегі есеп шотына алимент берешегі үшін аударымдар жасадым деген уәждеріне жергілікті соттар тиісті құқықтық баға берген, яғни аударымдар басқа тұлға М.Усибалиевтің атынан аударылғанын ескерген.
Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 наурыздағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Ержан Амирбекович Емешевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б.
Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.