6001-22-00-3Г/4542(2)
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 7 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы А.Қ. Ескендіров,
талап қоюшы Б[...] жауапкер Т[...], үшінші тұлға нотариус К[...] алдын ала шарттағы міндеттемелерді, міндеттемені алдын ала шарттағы міндеттемелермен бірге тоқтатылған деп тану, дүкеннен мәжбүрлеп шығару, құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын алдыру туралы, талап қоюмен талап қоюшы Т[...] жауапкерлер Б[...], нотариус К[...] сатып алу-сату мәмілесін жарамды деп тану, негізгі сатып алусату шартын жасау міндетті жүктеу туралы қарсы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының 2022 жылғы 11 мамырдағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 19 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіпппен қайта қарау туралы талап қоюшы Т[...] өкілі С[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Б[...] сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерден қарызға ақша алу үшін оның қойған талаптарына көніп, алдын ала шартқа және міндеттемеге қол қоюға мәжбүр болғанымен, шын мәнінде алдын ала шарты қарыз ақшаны қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында бүркемелеп жасалған кепіл шарты болып табылатынымен негіздеген.
Т[...] өз кезегінде қарсы талап қоюмен жүгініп, онда алдын ала жасалған шарт бойынша сатып алу-сату мәмілесін жарамды деп танып, негізгі сатып алу-сату шартын жасау міндетін жүктеуді сұраған.
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының 2022 жылғы 11 мамырдағы шешімімен Б[...] талап қоюы қанағаттандырылып, Т[...] жасалған 2018 жылғы 3 қарашадағы алдын ала шарт пен 9 қарашадағы міндеттеме бойынша Б[...] атынан жазылған міндеттемелер алдын ала шарттағы міндеттемелермен бірге тоқтатылған деп танылған.
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Жібек жолы даңғылы, 23/3 ғимарат мекенжайында орналасқан дүкенді (бұдан әрі – даулы дүкен) Т[...] барлық заттарымен бірге босату міндетті жүктелген.
Даулы дүкеннің және жер учаскесенің құқық белгілейтін құжаттарын Т[...] Б[...] қайтару міндеттелген.
Т[...] қарсы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арыз беруші жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерімен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материал және процестік құқық нормаларына қайшы келетінін көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, Б[...] талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Өтінішхат иесі мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол берген деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 390-бабының 1-тармағында алдын ала жасалатын шарт бойынша тараптар алдын ала жасалатын шартта көзделген жағдайларда мүлiк беру, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету туралы болашақта шарт (негiзгi шарт) жасасуға мiндеттенетіні қарастырылған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2018 жылғы 3 қарашада тараптар арасында даулы алдын ала шарт жасалып, шарт бойынша Б[...] өзіне тиесілі даулы дүкенді Т[...] 10 000 000 теңгеге сатуға келіскен.
Негізгі шарт аталған алдын ала шарт бойынша 2019 жылғы 3 қарашағаа дейін жасалу керек болса да жасалмаған.
Бұдан бөлек, 2018 жылғы 9 қарашада Т[...] Б[...] 10 000 000 теңгені 2019 жылғы 1 сәуірге дейін қайтару туралы нотариалдық куәландырылған міндеттеме жаздырып алған.
Жергілікті соттар өз тұжырымдарын, іс жүзінде талап қоюшының жауапкерге өзінің дүкенін сатуға ниеті болмағанымен, одан тек 10 000 000 теңге қарыз ақша алғанымен және қарыздың уақытылы қайтаруын қамтамасыз ету мақсатында жауапкердің талабы бойынша дүкенге қатысты алдын ала шарт жасауға мәжбүр болып, құқық белгілейтін құжаттарын бергенімен негіздеген.
Өтінішхат иесі бұл тұжырымдармен келіспей келесідей уәждер келтірген.
2018 жылғы 3 қарашада талап қоюшы мен жауапкер арасында заң талаптарына сәйкес жасалған даулы алдын ала шарты жасалып, оның талаптарына келісіп тараптар өз еріктерімен қол қойған.
Аталған даулы шарт уәкілетті тіркеуші органда мемлекеттік тіркеуден өткен, дүкен ғимаратының сатып алу құны 10 000 000 теңге сатушыға толық төленген, оның құқық белгілейтін құжаттарының түпнұсқалары сатып алушыға берілген.
Алдын ала шарт бойынша негізгі шарттың жасалмау себебі дүкеннің құқық белгілейтін құжаттары дайын болмаған, сондықтан бірден негізгі сатып алу-сату шартын жасаудың орнына даулы алдын ала шарты жасалған.
Алдын ала жасалған шартта тараптар негiзгi шартты 2019 жылдың 3 қарашасына дейін жасасуға мiндеттенетiн мерзiм көрсетiлген.
Алайда аталған мерзімге дейін дүкенге қатысты негізгі сатып алу-сату шарты жасалмаған.
Сонымен қатар, 2018 жылғы 9 қарашадағы реестр № 732 міндеттемеге сәйкес талап қоюшы жауапкермен алдын ала шарт жасасуына байланысты 2019 жылғы 1 сәуірге дейін дүкеннің құқық белгілейтін құжаттарын толық дайындауға әрі рәсімдеуге, ал егер алған 10 000 000 теңге ақшаны қайтара алмаған жағдайда, дүкенді жер учаскесімен Т[...] сатуға міндеттемелер алған.
Талап қоюшы негізгі шартты қасақана жасамау мақсатын көздеп, әдейі кедергі келтіріп отыр.
Осындай әрекеттерімен талап қоюшы алдын ала шартын емес, толыққанды негізгі шартты жасаған деп есептейді.
Бұдан бөлек, жауапкер 2018 жылдан бері аталған даулы дүкенге күрделі жөндеулер жүргізіп, көп қаражат жұмсаған.
Осы дәлелдемелер Б[...] даулы дүкен ғимаратын сату ниеті болғанын анықтап, даулы мәміледе шарт жасау еркіндігі қағидасы бұзылмағаны жөнінде тұжырым жасауға негіз болады. Даулы мәміле орын алғанға дейінгі дау тараптарының қарым қатынасы ол жасалғаннан кейінгі олардың мінез-құлқы, іс-әрекеттері даулы дүкенге қатысты Б[...] нақты сатып алу-сату шартын жасау еркі болғанын айғақтайды.
АК-нің 147-бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады.
Аталған баптың мазмұны бойынша, мәмілелер – заңнама талаптарына сәйкес келетін және белгілі бір құқықтық нәтижеге қол жеткізуге бағытталған әрекеттер болып табылады.
АК-нің 160-бабының 2-тармағы талабына сай егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.
Бұл норманың мағынасына сәйкес талап қоюдың мәлімделген негізі шегінде заңды маңызға иә және дәлелденуге жататын мәселе тараптардың шартты жасасу кезінде шын мәнінде меңзеген белгілі бір құқықтық нәтижеге қол жеткізуге бағытталған нақты еркін анықтау болып табылады.
Мәмілені бүркемеленген деп дәрежелеу үшін тараптардың нақты еркін анықтап, оны шартта белгіленген ерік білдірумен салыстыру қажет.
Аталған норманың мазмұнына сондай-ақ «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6 Нормативтік қаулысының 21-тармағында қамтылған
түсіндірмелерге сәйкес бүркемеленген мәмілені жарамсыз деп тану үшін сот мәміленің барлық тараптарының нақты еркі өзге (бүркемеленген) мәміле жасасуға бағытталғанын анықтауы қажет.
Азаматтық заңнама нормалары бойынша кез келген мәміле әрекет ретінде ішкі және сыртқы ерік бірлігін білдіреді. Ал бұл элементтердің болмауы немесе олардың арасындағы сәйкессіздік мәмілені заңды күшінен айырады.
АК-нің 393-бабының 1-тармағында тараптар арасында шарттың барлық елеулi ережелерi бойынша тиiстi жағдайларда талап етiлетiн нысанда келiсiмге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептелетіндігі көзделген.
Аталған Кодекстің 154-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген жағдайларда жазбаша мәмiлелер оларды нотариат куәландырғаннан кейiн ғана жасалды деп есептеледі. Егер нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе тараптардың бiрi iс жүзiнде орындаған болса, ол өзiнiң мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшiншi жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделi тараптың арызы бойынша мәмiленi жарамды деп тануға құқылы. Бұл ретте мәмiленi кейiннен нотариаттың куәландыруы талап етiлмейтіндігі қарастырылған.
Сотта анықталғандай, тараптардың арасында орын алған алдына ала сатып алу-сату шарты, кейінгіде олардың арасында негізгі шартты жасау міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ететін шарт ретінде жасалған, себебі АК-нің 406-бабыныз 1-тармағы талаптарына сәйкес даулы шарт талаптары бойынша сатқан тарап даулы дүкен үшін келісілген қаражатты алған, ал сатып алушы тарап оны қабылдап алған, яғни тараптардың арасында мәміле бойынша іс жүзінде алыс-беріс болған.
АК-нің 8-бабының 4,6 тармақтарына сай азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.
Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.
Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.
Істің мән-жайларын талдау Б[...] әрекеттерінде құқықты өзге нысандарда теріс пайдалану және теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алудың белгілері бар екенін көрсетеді.
Жоғарыда көрсетілген уәждер мен іс үшін маңызы бар мән-жайлар дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға жататын негіздердің бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының 2022 жылғы 11 мамырдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 19 шілдедегі қаулысына Т[...] өкілі С[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сатыдағы сот алқасына берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья А.Ескендіров
Көшірмесі дұрыс Судья А.Ескендіров
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.