Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 07.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/3707 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 7 сәуір №6003-25-00-2к/3707 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.Е.Кадылбековтың,

талап қоюшының өкілі М.К.Сугурбековтің, жауапкердің өкілі Б.Б.Сералиннің, Н.Д.Сейтбековтың, Х.Р.Тойчибаевтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

талап қоюшы «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару - департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі Департамент) жауапкерлер Манкент ауылдық округінің әкіміне, Сайрам ауданының әкіміне, Гайрат Анарметович Хайитметовқа, Галина Васильевна Ергешоваға, Розмат Ергешовқа, Бунед Атабекович Рахманкуловқа, «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, жеке нотариустар Гульсара Кожантаевна Матоваға, Төрехан Абдрайымұлы Суйеубайға, Айгуль Турехановна Сьюбаеваға Манкент ауыл округі әкімінің шешімдерін, жер телімін сыйға тарту шарттарын, сатып алу-сату келісім шарттарын, Сайрам ауданы әкімдігінің қаулысын және сәйкестендіру актілерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер өкілінің Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент сотқа жоғарыдағы талап қоюмен жүгінген.

Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы соттың осы күнгі ұйғарымымен Департаменттің Манкент ауылы әкімінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 Ирисмат Султанкуловқа жер учаскесін сату туралы шешімін және №19-295-054-105, №19-295-053-9235 сәйкестендіру актілерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюының бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылған.

Сайрам ауданы Манкент ауыл әкімі мен И.Султанкуловтың арасында жасалынған 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 жер учаскесін немесе тұрақты және жер пайдалану құқығын сатып алу-сатудың үлгілік шарты, И.Султанкулов пен Г.А.Хайитметовтың арасында жасалынған 2004 жылғы 23

шілдедегі №2/7-9914 сатып алу-сату келісім шарты, Г.А.Хайитметов пен Г.В.Ергешованың арасында жасалынған 2007 жылғы 24 мамырдағы №13128 сатып алу-сату келісім шарты, Г.В.Ергешова мен Т.Абдижаппарованың арасында жасалынған 2012 жылғы 21 наурыздағы №3589 сатып алу-сату келісім шарттары, Сайрам ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 13 тамыздағы №653 Т.Абдижаппарованың алаңы 0,2360 гектар бөлігінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту және жеке меншік құқығын табыстау туралы қаулысы жарамсыз деп танылған.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер Б.А.Рахманкуловтың өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сот іс бойынша анықталған мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін және прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс. «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 5-тармағына сәйкес шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы және АПК-нің 6- бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.

Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады.

Дауланып отырған сот актісі көрсетілген заң мен Нормативтік қаулының талаптарына сай келмейді.

Іс құжаттарына қарағанда, Сайрам ауданы Манкент ауылдық округі әкімінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 шешімімен Ирисмат Султанкуловқа Манкент ауылы, Жамал апа көшесі бойынан тойхана, шайхана және саябақ құрылысын жүргізу үшін жалпы алаңы 0,2360 га жер учаскесі (бұдан әрі - даулы жер учаскесі) жеке меншікке сатылып берілген. Манкент ауыл округі әкімімен И.Султанкулов арасында 2003 жылы 4 желтоқсанда №270 даулы жер учаскесін немесе тұрақты және жер пайдалану құқығын сатып алу - сатудың үлгі шарты жасаланып, кадастрлық №19-295054-105 сәйкестендіру актісі рәсімделген.

2004 жылғы 23 шілдедегі №2/7-9914 сатып алу-сату келісім шарты негізінде даулы жер учаскесі И.Султанкуловтан Г.А.Хайитметовтың иелігіне өткен.

2007 жылғы 24 мамырдағы №13128 сатып алу-сату келісім шарты негізінде даулы жер учаскесі Г.А.Хайтметовтен Г.В.Ергешованың меншігіне өткен. 2012 жылғы 21 наурыздағы №3589 сатып алу-сату келісім-шарты негізінде даулы жер учаскесі Г.В.Ергешовадан Т.Абдижаппарованың меншігіне өткен.

15 қаңтардағы №4 шешімімен Х.Байменоваға Манкент ауылы, Жамал апа көшесі бойынан жалпы алаңы 509 ш.м. жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскесі жеке меншік құқығымен беріліп, кадастрлық №19-295-0541341 сәйкестендіру актісі рәсімделінген.

Осы жер учаскесі 2014 жылғы 3 шілдедегі №1315 сыйға тарту шарты негізінде Т.Абдижаппарованың меншігіне өткен.

Одан кейін, Сайрам ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 13 тамыздағы №653 қаулысымен Манкент ауылы, Жамал апа көшесі бойында орналасқан Т.Абдижаппарованың пайдалануындағы жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін кадастрлық №19-295-0541341 және тойхана, шайхана және саябақ құрылысы үшін жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін кадастрлық №19-295-054-105 актілері бойынша жалпы көлемі 0,2869 га жер учаскесінің нысаналы мақсаты медициналық, спорттық демалыс орталығы, дәмхана құрылысы үшін деп өзгертілген.

2015 жылғы 12 қазанда Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мен Т.А.Абдижаппарованың арасында №334 жер учаскесін сатып алу-сатудың келісім шарты жасалынған.

2017 жылғы 15 маусымда №2178 жер учаскесін сыйға тарту келісім шарты негізінде кадастрлық №19-295-053-9235 жер учаскесі Б.А. Рахманкуловтың иелігіне өткен.

Талап қоюшы жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгініп, жер телімін табыстау туралы шешімге өкілеттігі бар тұлғалар қол қоймағанын көрсетіп, Манкент ауыл әкімінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 И.Султанкуловқа жер учаскесін сату туралы шешімін, Манкент ауыл әкімімен И.Султанкуловтың арасында жасалынған 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 жер учаскесін немесе тұрақты және жер пайдалану құқығын сатып алу сатудың үлгілік шартын, И.Султанкулов пен Г.Хайитметовтың арасында 2004 жылғы 23 шілде жасалынған №2/7-9914 сатып алу-сату келісім шартын, Г.Хайтметов пен Г.Ергешованың арасында 2007 жылғы 24 мамырда жасалынған №13128 сатып алу-сату келісім шартын, Г.Ергешова мен Т.Абдижаппарованың арасында 2012 жылғы 21 наурызда жасалынған №3589 сатып алу-сату келісім шартын, Сайрам ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 13 тамыздағы №653 Т.Абдижаппарованың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту және жеке меншік құқығын табыстау туралы қаулысын және кадастрлық №№19-295-054-105, 19-295-053-9235 сәйкестендіру актілерін жарамсыз деп тануды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот бұрын қаралынған азаматтық іс бойынша Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 29 тамыздағы шешімінде 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 жер учаскесін немесе тұрақты және жер пайдалану құқығын сатып алу-сатудың үлгілік шартын, И.Султанкулов пен Г.Хайитметовтың арасында 2004 жылғы 23 шілде жасалынған №2/7-9914 сатып алу-сату келісім шартын, Г.Хайтметов пен Г.Ергешованың арасында 2007 жылғы 24 мамырда жасалынған №13128 сатып алу-сату келісім шартын, Г.Ергешова мен Т.Абдижаппарованың арасында 2012 жылғы 21 наурызда жасалынған №3589 сатып алу-сату келісім шартын, Сайрам ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 13 тамыздағы №653 Т.Абдижаппарованың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту және жеке меншік құқығын табыстау туралы қаулысының күшін жоюға негіз жоқ деген қорытындыға келгенін назарға алып, АПК-тің 76-бабының 2-бөлігінің талаптарына сай, талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымға келген.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келіспей, шешімнің күшін жойып, мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талаптарды қанағаттандыру туралы түйінін Сайрам аудандық полиция басқармасымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 385-бабының 1-бөлігімен қозғалған №245152031000243 қылмыстық іс аясында тағайындалған сот сараптамасының 2024 жылғы 18 маусымдағы №1984 қорытындысымен (бұдан әрі - сот сараптамасы) Манкент ауыл әкімінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 шешіміне қойылған қолтаңба Б.Эгамбердиев (ауыл әкімі) пен А.Сайдалиевтікі (әкім орынбасары) емес екені анықталғанымен негіздеген.

АПК-нің 76-бабының 3-бөлігіне сәйкес, соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі

өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.

Азаматтық іске тіркелінген Сайрам аудандық полиция бөлімінің анықтаушысының 2024 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттерді жасаған тұлғаның анықталмауына байланысты жоғарыда аталған қылмыстық іс бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 45-бабы 7-бөлігі 1-тармағының негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі үзілген, яғни қазіргі кезге дейін бұл қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылмаған.

Нормативтік қаулының 12 тармағына сәйкес, сарапшының қорытындысы басқа дәлелдемелерге қарағанда басымдыққа ие болмайды және сот үшiн мiндеттi болып табылмайды. Ол басқа дәлелдемелердiң жиынтығымен бірге бағалануға тиiс. Сарапшы қорытындысын бағалау шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде көрсетілуге тиiс. Бұл ретте сот сарапшының түйіндері неге негiзделетінін, сараптамаға ұсынылған материалдардың толық зерделенген-зерделенбегенін және оның тиісті талдау жасаған-жасамағанын көрсетуге тиiс. Сот өз шешiмiнде сарапшының қорытындысымен келiспейтiндiгiн уәждеуге мiндеттi.

Алайда, апелляциялық сот Нормативтік қаулының аталған талаптарын орындамаған, Манкент ауылы әкімінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 шешімінің жалғандығына қатысты заңды күшіне енген сот үкімі болмағанына қарамастан, қылмыстық іс бойынша жүргізілген сот сараптамасының қорытындысын осы қаралынып жатқан азаматтық іс бойынша талап қоюды қанағаттандыруға дәлелдеме ретінде қабылдап, оған басымдылық берген.

АПК-нің 65-бабына сай, егер дәлелдеме осы Кодексте көзделген тәртіппен алынса, сот оны жарамды деп таниды.

Апелляциялық сот азаматтық істі қарағанда талап қоюшы табыстаған сот сараптамасы азаматтық процестік кодексте көзделген тәртіппен алынбағанына назар аудармай, сот сараптамасын жарамды дәлелдеме ретінде қабылдаған.

Жергілікті соттар істің мән-жайын толық, жан-жақты анықтау мақсатында дауланып отырған мәмілелерді жарамсыз деп тануға негіз болған Манкент ауылы әкімінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 шешімінің жалғандығын анықтау мақсатында сот сараптамасын тағайындамаған және де қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген сот үкімі болмағандықтан тергеу органымен жүргізілген сот сараптамасы азаматтық іс бойынша міндетті болып табылмайтынын ескермеген.

Бірінші сатыдағы сот 2025 жылғы 21 сәуірдегі Департаменттің Манкент ауылы әкімінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 Ирисмат Султанкуловқа жер телімін сату туралы шешімін және №19-295-054-105, №19-295-053-9235 сәйкестендіру актілерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюының бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтату туралы ұйғарымында Манкент ауылы әкімінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы №270 шешіміне ауыл округі әкімінің міндетін атқарушы А.Сайдалиев қол қойған деген тұжырым жасаған.

Апелляциялық сот істі қарағанда бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымына тиісті бағасын бермеген. Қазіргі кезде бірінші сатыдағы сот пен апелляциялық соттың бұл тұжырымдарында қайшылық орын алған.

Сонымен қатар, апелляциялық сот дауланып отырған мәмілелер бойынша тараптар болып табылатын И.Султанкулов, Т.Абдижапарова жауапкерлер ретінде іске тартылмағанына қарамастан, олардың қатысумен жасалынған мәмілелерді жарамсыз деп танып, іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен.

АПК-нің 427-бабының 4-бөлігінің 4) тармақшасына сай, егер сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешсе сот шешімінің күші жойылуға жатады.

Аталған негіздерге байланысты апелляциялық соттың қаулысын заңды және негізді деп тануға болмайды.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот апелляциялық соттың қаулысының күші жойылуға, азаматтық іс апелляциялық сотқа жаңадан қарауға жіберілуге жатады деген тұжырымға келеді.

Апелляциялық сот істі жаңадан қараған кезде жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданып, заңды және негізді шешім қабылдауы қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 3) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына өзге құрамда жаңадан қарауға жолдансын.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.