6001-22-00-6ап/570
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 21 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов,
судьялар Н.Ү.Қайыпжан, Д.А.Токмурзина болып, талап қоюшының өкілі К[...], жауапкердің өкілі Қ[...],
мүдделі тұлға «Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі Т[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкер Алматы қаласы әкімінің қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қазандағы шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 ақпандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж[...] сотқа жауапкер Алматы қаласы әкімінің 2021 жылғы 9 маусымдағы № 2/205-530 қаулысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап арызбен жүгінген.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 ақпандағы қаулысымен күшінде қалдырылған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.
Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 9 маусымдағы Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Дархан» шағын ауданы, Ташенов көшесі, №[...] үй мекенжайында орналасқан Ж[...] жалға берілген жер телімін жеке меншікке беруден бас тарту туралы № 2/205-530 қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Алматы қаласының әкімдігі талап қоюшыға қатысты бұзылған құқықтары мен еркіндіктерін қалпына келтіру міндеттелген.
Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы, мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағыммен келіскен пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Алматы қаласы әкімінің (бұдан әрі – әкім) 2009 жылғы 11 тамыздағы № 4/477-318 қаулысымен, Ж[...] пайдалану мақсаты - тұрғын үйді пайдалану және қызмет көрсету үшін, аумағы - 0,0524 га жер учаскесі (кадастрлық номері [...]) уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен он жылға берілген.
Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2019 жылы 18 шілдедегі шешімімен талапкердің 2009 жылы Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Дархан» шағын ауданы, Ташенов көшесі, №[...] үй (бұдан әрі – тұрғын үй) мекенжайында өз бетімен салған жалпы көлемі 136,3 шаршы метр үй құрылысына меншік құқығы танылып, ол Алматы қаласы Әділет басқармасында тіркелген.
Әкімнің 2020 жылғы 30 қаңтардағы №1/1-67 қаулысымен, Ж[...] пайдалану мақсаты – тұрғын үйді пайдалану және қызмет көрсету үшін жоғарыда аталған жер учаскесі уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен бес жылға берілген.
Осыған байланысты 2020 жылғы 3 наурызда жалға беруші «Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы» КММ мен жалға алушы Ж[...] арасында жер учаскесін жалға беру туралы шарт жасалған.
2020 жылғы 17 наурызда Ж[...] жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін Акті берілген.
Ж[...] осы жер учаскесін жеке меншікке рәсімдеп беруін сұрап әкімге арызданған.
Әкімнің 2021 жылғы 9 маусымдағы № 2/205-530 даулы қаулысымен жер телімін Ж[...] жеке меншікке беруден бас тартылған. О[...] Бас жоспар мен Алматы қаласы мәслихатының 2006 жылғы 20 қарашада № 284 шешімімен бекітілген Алматы қаласы аумақтарының функционалдық аймақтарында құрылыс жүргізудің қалақұрылысы регламенттерін жүзеге асыру жоспарына сәйкес сұратылып отырған жер учаскесі көшенің «қызыл сызықтары» шегінде орналасуы негіз болған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырғанда Ж[...] тұрғын үйі сот шешімімен талапкердің меншігі болып танылғанын ескерген.
Соттардың бұл тұжырымдары заңға сәйкес болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 52-бабының 1-тармағына сай осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншік құқығы көрсетілген үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне заңнамада белгiленген тәртiппен меншiк құқығын бiлдiредi. Көрсетілген құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды.
Жоғарыда айтылғандай даулы жер учаскесіндегі жылжымайтын мүлік – үйге Ж[...] жеке меншік құқығы танылған. Сондықтан ол үйдің орналасқан жер учаскесiне де оның меншiк құқығы болуы тиіс.
Даулы жер учаскесі көшенің «қызыл сызықтары» шегінде орналасуы оны Ж[...] меншігіне рәсімдеуге кедергі бола алмайды. Бұл жағдайда жауапкердің даулы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алу құқығын пайдалану мүмкіндігі жойылмайды.
Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актілерін күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қазандағы шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Алматы қаласы әкімдігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Н. Қайыпжан
Д. Токмурзина
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.