ВС РК - Постановление от 29.06.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2630 (Административное)

6001-22-00-6ап/2630

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 29 маусым

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар – Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор Д[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Жетісу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – РММ, Басқарма) жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаның және салықтық бұйрығының күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 сәуірдегі шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысына жауапкермен – Басқарма басшысы С[...] келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда жауапкер қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы, шағым қанағаттандырылуға жатпайды деп санайтын прокурордың қорытындысын тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы ескі үй орналасқан және жаңадан салынған жер учаскесіне меншік құқығына іс жүзінде 2000 жылы ие болған, ал, заңдастыру 2007 жылы жүргізілген, құқықтың пайда болуына себеп, мемлекеттік тіркеу – 2016 жылы жүзеге асырылған.

2018 жылғы 9 шілдесі Т[...] сатып алу-сату шарты бойынша тұрғын үйді жер учаскесімен М[...] 11 000 000 теңгеге сатқан.

2019 жылғы 10 маусымда Басқармамен Т[...] атына камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы, 2021 жылғы 1 сәуірде төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан 516 224 теңге сомасындағы жеке табыс салығын, 117 913,87 теңге сомасындағы өсімпұлды төлеу жөнінде жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламалары қабылданған.

2021 жылғы 11 тамызда 516 224 теңге сомасындағы салықты және 117 913,87 теңге сомасындағы өсімпұлды, барлығы 634 137,87 теңге сомасын өндіріп алу туралы салықтық бұйрық қабылданған.

2021 жылғы 22 қыркүйекте салықтық бұйрықтың негізінде атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

2021 жылғы 26 қарашада Т[...] Басқармаға, кейін жоғары тұрған органға шағымдармен жүгініп, олардың 2021 жылғы 22 желтоқсандағы, 2022 жылғы 20 қаңтардағы жауаптарына сәйкес шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі) Кодексінің (бұдан әрі – Салық Кодексі) 331-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті өткізген кезде туындайды: өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері.

Салық Кодексінің 331-бабының 2-тармағында осы баптың 1- тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылатындығы көзделген.

Салық Кодексінің 331-бабының 6-тармағына сай жеке тұрғын үйді өткізетін тұлға салған жеке тұрғын үй, сондай-ақ осы баптың 1- тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген, мұра, қайырымдылық көмек түрінде алынған мүлік өткізілген жағдайларда (осы баптың 5- тармағында көзделген жағдайды қоспағанда), мүлікті өткізу бағасы (құны) мен меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін мүліктің нарықтық құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.

Талап қоюшының меншік құқығы туындаған күніне мүліктің нарықтық құнын анықтау мақсатында сотпен маман ретінде тартылған бағалаушының есебіне сәйкес, Алматы қаласы, Медеу ауданы, Р[...] көшесі, №[...] үй, мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің нарықтық құны, бағалау күнгі жағдай бойынша – 2018 жылғы 9 шілдеде 19 166 424 теңгені құраған.

Ал осы мүлік өз кезегінде 11 000 000 теңгеге сатылғанына байланысты жергілікті соттардың талап қоюшының құн өсімінен табыс алмағандығы туралы тұжырымдары негізді болып табылады.

ӘРПК-нің 2-бабының 1) тармақшасында дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығын – ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтеретіндігі көзделген.

Осы тұрғыда жергілікті соттардың жауапкердің Т[...] хабарламаны және салықтық бұйрықты уақытында жеке өзі алғаны туралы дәлелдері дәлелденбегендігі туралы уәждері де дұрыс, өйткені жауапкермен сотқа оларды талап қоюшыға табыстағаны немесе онымен алғаның растайтың құжаттық дәлелдемелер ұсынылмаған.

Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актілері күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 сәуірдегі шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Жетісу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г. Дуйсенбаев

Ж. Ермагамбетова

Судьялар

Б. Нажмиденов

Көшірмесі дұрыс. Судья

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.