6001-23-00-6ап/2847
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 11 сәуір
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев, талап қоюшыының өкілі А[...], жауапкер Н[...],
мүдделі тұлға өкілі Б[...] қатысуларымен,
талап қоюшы «ТТШ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер Қызылорда облысының Әділет департаментінің Қызылорда қаласының №1 сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Н[...] (бұдан әрі – Сот орындаушысы) автокөлікті алып қою, оны арнайы тұраққа қою әрекеттерін заңсыз деп тану, автокөлікті қайтаруды міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 тамыздағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысына жауапкердің және мүдделі тұлға «НИ[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, уәждерін сот орындаушысы Н[...] тарапынан заң талаптары дұрыс орындалмағанымен негіздеген, атап айтқанда автокөлікті алып қою әрекеті жүргізілетіні туралы борышкерге хабарланбағанын, даулы автокөлік сатып алусату шарты негізінде сатылғандықтан сатып алушы С[...] болғанын, сатып алу-сату келісім шартын ұсыну үшін уақыт бермегенін көрсеткен.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 тамыздағы шешімімен талап қоюшының талабы толық көлемде қанағаттандырылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер және мүдделі тұлға өкілі кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкер Н[...] және мүдделі тұлға өкілі Б[...] кассациялық шағымдарының уәждерін қолдаған түсініктерін, талап қоюшының өкілі А[...] іс бойынша қабылданған сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.
Төмеңгі саты соттары талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушысы заң бұзушылықтарға жол бергенін, яғни жауапкердің автокөлігін алып, оны арнайы тұраққа қою әрекеттері борышкерге хабарланбаған және аталған іс-шаралар мүлік иесінің қатысуынсыз жүргізілген деп тұжырымдаған.
Сот алқасы төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды деп есептейді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76 бабының 3 тармағына сәйкес соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.
«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағының талаптарына сәйкес, шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.
Iс үшiн маңызы бар фактiлер, заң талаптарына сай сот отырысында өндiрiлген осы фактiге қатысты жол берiлген және шынайы дұрыс дәлелдермен құпталса немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайларға сәйкес келсе немесе iс бойынша жинақталған дәлелдемелер дауды шешу үшiн жеткiлiктi болса, ондай шешiм негiздi болып саналады.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, сот орындаушысы Н[...] өндірісіне Серіктестіктен «НИ[...]» шаруа қожалығының пайдасына 25 919 000 теңге берешекті өндіру туралы атқару парағы қабылданып, атқарушылық іс қозғалған.
2023 жылғы 3 мамырда борышкердің атында мемлекеттік тіркеуде тұрған автокөліктеріне, олардің ішінде «Toyota Prado» маркалы, мемлекеттік тіркеу №[...] автокөлігіне тыйым салынған. 2023 жылғы 22 және 24 мамырда Серіктестіктің атына тіркелген 12 автокөлік құралын және 14 ауылшаруашылық техникасын ұстау және арнайы тұраққа қою қаулыларын қабылдап, оны тараптарға уақытылы жолдап, таныстырылған, аталған қаулыны орындау үшін Жаңақорған аудандық полиция бөліміне және Қызылорда облысының Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасына жолдаған.
Ал, атқарушылық іс жүргізудің тараптары борышкер мен өндіріп алушыға мәлімет үшін жолдаған.
2023 жылғы 12 маусымда сот орындаушы Н[...] мүдделі тұлғаның өкілінің және айғақ адамдар О[...], У[...] қатысуларымен борышкердің «Toyota Prado» маркалы, мемлекеттік тіркеу №[...] автокөлігі Қызылорда қаласы, Арай м/а, [...] үй маңының ауласынан табылып, автокөлікті алу үшін ақылы эвакуатор шақырылып, Полиция департаментінің іздестіру тобының, учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен автокөлік алынып, ақылы тұраққа қойылғаны туралы акт жасалған.
Сонымен қатар, автокөлікті арнайы тұраққа қабылдау-тапсыру актісі түзілген.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 27-бабының 1- тармақшасына сәйкес атқарушылық құжат дереу орындалуға жататын жағдайларда, сондай-ақ мүлікке тыйым салу және өзге де қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасауға және атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларды бұл туралы алдын ала хабардар етпей, мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдауға құқылы. Заңның 32-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы жылжымалы мүлкін алып қою атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар болып табылады.
Сот алқасы, сот орындаушының атқару құжатын орындау мақсатында 2023 жылғы 22 мамырда борышкердің тиым салынған даулы автокөлік құралын ұстау және оны арнайы тұраққа қою туралы қаулысы сот актісімен тиісті түрде заңсыз деп танылмаған.
Борышкердің даулап отырған әрекеттері жоғарыда аталған қаулыны орындау мақсатында сот орындаушысы өз күзіреті шегінде заңды әрі негізді жасалған деп санайды.
Мүдделі түлға С.Серікбаевтың даулы автокөлікке меншік құқығы мемлекеттік тіркеуде болмағанын жергілікті соттар мүлдем ескермей, назардан тыс қалдырған.
Сонымен қатар, Заңның 62-бабының 4-тармағына сәйкес егер борышкер мүлкiнiң басқа тұлғаларда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болған жағдайда, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi талап-арыз iсін жүргiзу тәртiбiмен сот шешетінін және Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 23 мамыр 2022 жылғы ұйғарымы негізінде борышкердің барлық жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне жеке сот орындаушысы Д[...] 6 маусым 2022 жылғы қаулысымен тыйым салынғанын жергілікті соттардың назарынан тыс қалған. ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға сәйкес келмейді және материалдық құқық нормаларына қайшы жасалған деп санайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға құқықтық баға бере отырып, жергілікті соттардың сот актілері толығымен жойылуға, ал кассациялық шағым иелерінің өтінішхаттары қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 тамыздағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысы күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңадан шешім қабылдансын.
Жауапкер Н[...] және мүдделі тұлға «НИ[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нажмиденов Б.Т. Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.