6003-25-00-2к/4462
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 7 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор А.Кадылбековтың, аудармашы Е.А.Төкештің,
талап қоюшының өкілі Е.Емілғалиевтің, жауапкер Е.Е. Оразгалиевтің өкілі П.А.Васильевтің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Абай облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жеке кәсіпкер Ерлан Есимханович Оразгалиевке жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы азаматтық істі жауапкер Е.Е.Оразгалиевтің өкілі П.А.Васильевтің Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешіміне және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Жеке кәсіпкер Е.Е.Оразгалиевтің Абай облысы, Березовский кентінде орналасқан жалпы ауданы 121,9 га кадастрлық № 23-252-013-433 жер учаскесі мәжбүрлі түрде алынған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер Е.Е. Оразгалиевтің өкілі П.А.Васильевті, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Е.Емілғалиевті, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор А.Кадылбековтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжатарына қарағанда 2017 жылғы 31 тамыздағы № 1207 сатып алусату шартына сай, Е.Е.Оразгалиевтің жеке меншігінде Абай облысы, Березовский кентінде орналасқан кадастрлық № 23-252-013-433 жалпы алаңы 121,9 га, оның ішінде 87,7 га жайылымдық, 3,9 га егістік, 24,1 га жылыжай кешені және 6,2 га өзге алқаптар шаруа қожалығын жүргізу мақсатындағы жер учаскесі тиесілі.
Е.Е.Оразгалиев 2017 жылғы 30 қарашада жеке кәсіпкер «Smаrt Аgrо Fаrm» шаруа қожалығы ретінде тіркелген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 65бабының 1-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндетті.
Кодекстің 92-бабының 3-тармағына сай, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Жер учаскелерінің меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскелерін осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей мәжбүрлеп алып қою жер учаскесі орналасқан жер бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың талап арызы бойынша сот тәртібімен жүргiзiлетіндігі Кодекстің 94-бабының 1- тармағында көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде Департамент жауапкерге тиесілі жер учаскесі бойынша тексеріс жүргізгендігін, тексеру кезінде жауапкер өзінің меншігіндегі жер учаскесін мақсатына сай пайдаланбағанын, ол үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 338-бабымен «ескерту» түріндегі әкімшілік жазаға тартылғандығын, талап қоюшы жауапкерге 2023 жылғы 19 қыркүйектегі № 223/137 нұсқамасында бұзылған жер заңдылығын 2024 жылдың 19 қыркүйегіне дейін жоюға мерзім бергендігін, бірақ жауапкер берілген ңұсқаманы орындамағандығын, талап қоюшының ңұсқамасы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамында құқық ауыртпалығы ретінде тіркегендігімен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс анықтай отырып, алайда Кодекстің 52-бабының 1-тармағының талаптарын ескермеген.
Кодекстің 52-бабының 1 тармағына сәйкес, осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк заңды тұлғалардың үйге
(құрылысқа, ғимаратқа) шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы көрсетілген объектілер орналасқан жер учаскесiне белгіленген тәртіппен тұрақты жер пайдалану құқығын бiлдiредi.
Көрсетілген құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды.
2017 жылғы 31 тамыздағы № 1207 сатып алу-сату шартында жеке кәсіпкер Е.Оразгалиев Абай облысы, Березовский кентінде орналасқан кадастрлық № 23-252-013-433 жалпы алаңы 121,9 га, оның ішінде: 87,7 га жайылымдық, 3,9 га егістік, 24,1 га жылыжай кешені және 6,2 га өзге алқаптар фермерлік шаруашылық жүргізу мақсатындағы жер учаскесімен қоса онда орналасқан Әкімшілік ғимарат, литер А, жалпы ауданы 1114,4 ш.м.,- гараж, литер З, жалпы ауданы 491,8 ш.м., - көкөніс қоймалары, литер Ц, жалпы ауданы 1006,5 ш.м., - кеңселер, литер Ч, жалпы ауданы 94,0 ш.м., - гараж, литер В, жалпы ауданы 61,0 ш.м., - диспетчерлік, литер Г, жалпы ауданы 85,3 ш.м., - Өткізу пункті, литер Б, жалпы ауданы 24,1 ш.м., - қазандық (котельная) литер Н, Н1, Н2, жалпы ауданы 4405,3 ш.м. - Шеберхана, литер Д, жалпы ауданы 488,5 ш.м., - Су мұнарасы, литер Ф, жалпы алаңы 31,8 шаршы метр, Семей қаласы, Березовский кенті, Фестивальная көшесі 1А мекенжайындағы объектілермен бірге сатып алған және тиісті түрде мемлекеттік мекемеде тіркелген.
Сонымен қатар, жер учаскесіне құқық берілетін құжатта жер учаскесінің бөлінетіндігі туралы мәлімет көрсетілген.
Істің мұндай тұрғысында, объектілер орналасқан жер учаскесі мәжбүрлеп алып қоюға жатпайды.
Аталғандардың негізінде сот актілері өзгертуге, шешімнің Семей қаласы, Березовский кенті, Фестивальная көшесі, 1А мекенжайындағы объектілер орналасқан жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қоюдан бас тартылуға, шешімнің қалған бөлігі күшінде, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Кассациялық шағымдағы басқа уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімі және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
Әкімшілік ғимарат, литер А, жалпы ауданы 1114,4 ш.м.,
гараж, литер З, жалпы ауданы 491,8 ш.м.,
көкөніс қоймалары, литер Ц, жалпы ауданы 1006,5 ш.м.,
кеңселер, литер Ч, жалпы ауданы 94,0 ш.м.,
гараж, литер В, жалпы ауданы 61,0 ш.м.,
диспетчерлік, литер Г, жалпы ауданы 85,3 ш.м.,
Өткізу пункті, литер Б, жалпы ауданы 24,1 ш.м.,
қазандық (котельная) литер Н, Н1, Н2, жалпы ауданы 4405,3 ш.м.
Шеберхана, литер Д, жалпы ауданы 488,5 ш.м.,
Су мұнарасы, литер Ф, жалпы алаңы 31,8 шаршы метр, Семей қаласы, Березовский кенті, Фестивальная көшесі 1А мекенжайындағы объектілер орналасқан жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қоюдан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылсын. Шешімнің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын. Жауапкер Е.Е.Оразгалиевтің өкілі П.А.Васильевтің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.