ҚАУЛЫ
2025 жылғы 26 тамыз № 6003-25-00-4к/1733 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья М.Туғанбаев, судьялар Н.Нуралыева, Ж.Оспанова болып,
талап қоюшының өкілі Н.Каусбековтің, жауапкер өкілі Ә.Сейданованың қатысуымен
ашық сот отырысында
талап қоюшы «OrdaBuilding Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі-Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Басқарма)
хабарламаға дау айту туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 5 ақпандағы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы ұйғарымдарына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 5 ақпандағы ұйғарымымен талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес, яғни сотқа талаппен жүгіну мерзімінің дәлелді себепсіз өткізіліп алынуына және соттың мерзімді қалпына келтіруден бас тартуына байланысты қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, олардың күшін жоюды сұрап, талап қоюшы кассациялық шағым берген.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің – (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Іс материалдарына қарағанда, Басқарма Серіктестікке 2024 жылғы 11 қарашада камералдық бақылау нәтижелері бойынша тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы №5820VW600001 хабарлама (бұдан әріХабарлама) берген. Хабарламаға 2024 жылғы 31 қыркүйектегі Шымкент қалалық сотының апелляциялық сотының үкімі негіз болған
Хабарлама талап қоюшыға 2024 жылы 11 қарашада жеткізілген, 14 қарашада оқып танысқан. Сотқа талап қоюмен талап қоюшы 2024 жылғы 23 желтоқсанда жүгінген. Жауапкердің жоғары тұрған органына шағымданбаған. Демек, Серіктестік хабарламаны даулап сотқа жүгінуге арналған ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген бірайлық мерзімді өткізіп алған.
ӘРПК-нің 136-бабының жетінші бөлігінде дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін екені көрсетілген. Сәйкесінше мерзімді қалпына келтіруге қатысты қағидалар АПК-нің 126-бабында қамтылған. Аталған баптың екінші бөлігінде мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, оларды қалпына келтіруі мүмкін екені көзделген. Осы баптың үшінші бөлігінде сот заңды бұзған жағдайда сот актілеріне шағым жасау, прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруі не процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндігін шектейтін (іске қатысатын адамға сот актісінің көшірмелерін уақтылы жібермеу; егер сот актісі осы тұлға білетін тілге аударылмаса, сот ісін жүргізу тілін білмеу; құқық мирасқорлығын дұрыс ресімдемеу) сот актілеріне шағым жасау үшін, сондай-ақ уақтылы шағым беруге прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруіне кедергі болған өзге де мән-жайлар болған кезде сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге міндетті екені көрсетілген.
Яғни жоғарыда келтірілген 126-баптың үшінші бөлігінде мерзім міндетті түрде қалпына келтірілуге жататын жағдайлар келтірілген. Өзге жағдайларда мерзімнің қалпына келтірілуі дәлелді себептердің болуына байланысты.
Талап қоюшының мерзімді өткізіп алуы жоғарыда аталған 126-баптың үшінші бөлігінде келтірілген жағдайлармен байланысты емес.
Ал мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алғанын бекітетін дәлелдерін талап қоюшы сотқа ұсынбаған.
ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес, талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Сондықтан соттардың талап қоюды қайтаруы негізді болып табылады.
Істің бұл тұрғысында шағымдалып отырған ұйғарымдар өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛ Ы ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 5 ақпандағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «OrdaBuilding Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші М.Туғанбаев
Судьялар Н.Нуралыева
Ж. Оспанова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.