ВС РК - Постановление от 14.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3172 (Административное)

6001-24-00-6ап/3172

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 14 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нұрбаев,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Гульнара Адилхановна Утепбергенованың жауапкер жеке сот орындаушысы Эльмира Усенбекқызы Рахметке (бұдан әрі – ЖСО) қайта жалғастыру туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, өтінішхатына қаулы шығармаған әрекетін заңсыз деп тану, қаулы шығаруға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 тамыздағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Г.А. Утепбергенова сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, жауапкер ЖСО жалғастыру туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жоюды, өтінішхатына қаулы шығармаған әрекетін заңсыз деп тануды, қаулы шығаруды міндеттеуді сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 тамыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, ЖСО-нің 2024 жылғы 30 сәуірдегі қаулысымен Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының 2023 жылғы 19 шілдедегі шешімі негізінде Шымкент қаласы, Қаратау ауданы Қайтпас-2 №690, кадастрлық №19-309-061-1140 жер учаскесінде Г.А.Утепбергеноваға тиесілі тұрғын үйді және қоршауды оның есебінен бұзу туралы №411/24-796993 атқарушылық іс қозғалған.

Шымкент қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымымен атқарушылық іс құжаттары сұратылған.

ЖСО 2024 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен жоғарыда аталған соттың ұйғарымының негізінде атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан.

Шымкент қаласынының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюшы Г.А.Утепбергенованың жауапкер ЖСО әрекеттіне дау келтіру туралы талап қоюы ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 15)-тармақшасына сәйкес талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылуына байланысты кері қайтарылған.

ЖСО-ның 2024 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен атқарушылық іс жүргізу қайта жалғастырылған.

Сонымен қатар, талап қоюшы 2024 жылғы 30 шілдеде ЖСО-на берген арызында Г.А.Утепбергенованың жауапкерлер А.Исаханов және Б.Бижановаға келісім шарттын жарамсыз деп тану туралы азаматтық істің қаралуы аяқталғанға дейін атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуды сұраған.

Аталған арызға 2024 жылғы 31 шілдедегі шығыс №106 хатымен ЖСО тоқтатуға негіз жоқ екендігін көрсетіп, жауап берген.

2024 жылғы 30 шілдедегі арызбен талап қоюшы жауапкерге сот шешімінде көрсетілген құрылыстың мөлшері мен бөлігі анық көрсетілмегенін жазып, шешімнің орындалуы мүмкін емес екендігін негізге алып, аталған мән-жайды анықтау үшін сотқа сот шешімін орындау тәсілін тәртібін анықтау үшін ұсыныс жолдауды сұраған. Бірақ, ЖСО 2024 жылғы 31 шілдедегі шығыс №107 хатымен арыз қанағаттандырудан бас тартқан.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 46-бабына сәйкес атқарушылық iс жүргiзу өндiрiп алушының арызы бойынша немесе сот орындаушысының бастамасы бойынша оның тоқтатыла тұруын туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейiн қайта жалғастырылады. ЖСО атқарушылық іс жүргізу соттан қайтып келгеннен кейін негізді түрде оны қайта жалғастырған.

Заңның 47-бабында атқарушылық iс жүргiзудi тоқтатудың негiздерi мен салдары нақты айқындалған және онда азаматтық істің қаралуы аяқталғанға дейін атқарушылық іс жүргізуді тоқтату түріндегі негіз көрсетлімеген.

Мұндай жағдайда, сот алқасы жергілікті соттардың Г.А.Утепбергенованың талап қоюы қанағаттандырылуға жатпайды деген тұжырымдарымен келіседі.

АПК-нің 452-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 тамыздағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.