№6003-25-00-2к/5082
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 16 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Д.Д.Махметова, Н.Б.Ормаханов, прокурор Л.Е.Жоламанованың, талап қоюшының өкілі Н.С.Қолғанатовтың, жауапкердің өкілдері К.Б.Абашева мен Н.К.Әбіләкімовтың, үшінші тұлғалар:
«Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б.Б.Нұрмахановтың,
«Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің «Оңтүстікқазжерқойнауы» Оңтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Г.А.Нургалиеваның қатысуларымен
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Сарман Тастақ Жаңақорған» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен залалды өндіру туралы талап қоюы бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы «Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі сотқа талап қоюмен жүгініп, онда жауапкер «Сарман Тастақ Жаңақорған» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2019 жылғы 29 наурыз бен 2023 жылғы 3 сәуір аралығында Жаңақорған ауданында орналасқан «Тастақ» кен орнында 565 826,496 тонна көлемінде саз топырағын заңсыз өндіріп, оны «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сату арқылы мемлекетке 4 015 392 192 теңге мөлшерінде залал келтіргенін көрсетіп, аталған соманы мемлекет пайдасына өндіруді сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот өз шешімінде жауапкердің «Тастақ» кен орнында саз топырағын өндіріп, оны сатқаны туралы талап қоюшының уәждері тиісті және жеткілікті дәлелдемелермен расталмағанын, жүргізілген зертханалық талдаулар нәтижесінде алынған топырақ үлгілері сазға жатпайтынын, сондай-ақ аталған кен орнында саз пайдалы қазбасының қоры мемлекеттік теңгерімде бекітілмегенін көрсеткен.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың дәлелдемелерге берген бағасымен келісіп, талап қоюшы өз талаптарын растайтын жеткілікті дәлелдемелер ұсынбаған деген қорытындыға келген.
Кассациялық шағымда талап қоюшы жауапкердің саз топырағын сатқаны электронды шот-фактуралармен (бұдан әрі - ЭШФ), тараптар арасындағы шарттармен және жауапкердің жазбаша хатымен расталатынын, соттардың бұл дәлелдемелерге тиісті баға бермегенін, сондай-ақ топырақтың түрін анықтау мәселесінде мамандардың қорытындысына негізсіз сүйенгенін көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, тараптардың түсініктерін және прокурордың кассациялық шағымды қанағаттандырып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2012 жылғы 5 қаңтарда талап қоюшы мен жауапкер арасында Жаңақорған ауданында орналасқан «Тастақ» кен орнында құм-қиыршық тас қоспасын өндіруге арналған №121 жер қойнауын пайдалану туралы келісім шарты жасалған.
Аталған келісім шартқа сәйкес жауапкерге тек құм-қиыршық тас қоспасын өндіруге құқық берілген.
Жауапкер мен «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-гі арасында 2019 жылғы 29 сәуірде және 2021 жылғы 1 сәуірде тауар жеткізу туралы шарттар жасалып, ЭШФ толтырылған.
Қызылорда облысы прокуратурасының 2023 жылғы 21 қарашадағы ұсынуында жауапкердің ЭШФ зерделеумен 2019-2023 жылдары аралығында үшінші тұлға «Компания Гежуба-Шиелі Цемент» ЖШС-не 573 674 тонна саз топырағын 140 553 081 теңгеге сатқаны белгілі болғандығы көрсетілген.
Экология департаментінің 2024 жылғы 2 ақпандағы тексеру нәтижелері туралы актісіне сәйкес, Шарт негізінде 2035 жылға дейін белгіленген 337 гектар жер учаскесінің 90,3 гектар аумағында құм-қиыршық тасты қоспаны өндіруге арналған рұқсат құжаты негізінде жұмыс жасап жатқаны анықталғандығы, сонымен қатар, жауапкерге тиесілі 337 гектар жер учаскесінің аумағында қосымша 24,94 гектар жерлерге саз топырақты қазу үшін барлау жұмыстары жүргізіліп, топырақ өндіру үшін лицензия алуға
тиісті құжаттар рәсімделіп жатқандығы, аталған аумақта ешқандай қазба, өндіру жұмыстары жүргізілмегендігі анықталған.
Азаматтық істі қарау барысында жауапкер 2025 жылдың 8 қаңтарында Мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолдап, 2019-2023 жылдар аралығында «Компания Гежуба-Шиелі Цемент» ЖШС-на жазылған ЭШФ «суглинка» «глинозем» атауынан «вскрыша» атауына өзгертулер енгізгенін хабарлаған.
Қазақстан Республикасы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексінің 20-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығы лицензияның немесе жер қойнауын пайдалану туралы келісім шарттың негізінде туындайды.
Талап қоюшы жауапкердің саз топырағын заңсыз өндіріп, сатқаны туралы уәждерін негізінен ЭШФ-ға, тараптар арасындағы шарттарға және жауапкердің жазбаша хатына сүйене отырып дәлелдеуге тырысқан.
Алайда соттар бұл дәлелдемелерді жан-жақты зерттеп, олардың жауапкердің саз топырағын өндіргенін және сатқаны туралы нақты қорытынды жасауға жеткіліксіз екенін дұрыс анықтаған.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 48-бабына сәйкес салық төлеуші белгіленген мерзімдер шегінде ЭШФ-ға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы. Іс құжаттарынан жауапкердің даулы ЭШФ-ғы тауар атауына түзетулер енгізгені анықталған.
Бұдан басқа пайдалы қазбаның өндірілгенін дәлелдейтін құжаттар сотқа ұсынылмаған. Сондай-ақ, соттар даулы кен орнындағы топырақ құрамын анықтау мақсатында арнайы мамандардың қатысуымен зертханалық талдау жүргізілгенін негізге алған. АПК-нің 91-бабына сәйкес сот арнайы білімді талап ететін мәселелерді анықтау үшін мамандарды тартуға құқылы.
Жүргізілген зертханалық зерттеулер нәтижесінде алынған топырақ үлгілерінің сазға жатпайтыны анықталған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің «Оңтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық геология департаментінің 2024 жылғы 21 мамырдағы мәліметіне сай «Тастақ» кен орнында саз пайдалы қазбасының қоры мемлекеттік теңгерімде бекітілмеген.
АПК-нің 72-бабына сәйкес әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негізіне сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге міндетті.
Алайда талап қоюшы жауапкердің нақты саз топырағын өндіргенін және сатқаны туралы анық әрі сенімді дәлелдемелер ұсынбаған.
Кассациялық шағымда көрсетілген уәждер бірінші және апелляциялық саты соттары зерттеген дәлелдемелерге қайта баға беруге бағытталғанымен, соттардың тұжырымдарының қате екендігін көрсетпейді.
АПК-нің 76 және 77-баптарына сәйкес сот дәлелдемелерді жан-жақты, толық және объективті зерттеу негізінде бағалайды.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс бойынша ұсынылған барлық дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берген.
Қабылданған шешімдердің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасала отырып көрсетілген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. Сол себепті сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Д.Махметова
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.