КСАД РК - Постановление от 26.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/1397 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 26 тамыз №6003-25-00-4к/1397 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д. Абдуғалиев, судьялар Д. Нұрлыбаева, Ә. Назарова болып,

талап қоюшының өкілі М. Мухтарованың,

жауапкер өкілі Д. Нығметтің қатысумен ашық сот отырысында

талап қоюшы Светлана Сарсенгалиевна Сагиндикованың Атырау қаласы әкіміне

жер уческесінің нысаналы мақсатын ішінара өзгертуден бас тарту жөніндегі 2024 жылғы 18 наурыздағы №516 қаулыны заңсыз деп тану туралы талабы бойынша қабылданған

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 тамыздағы шешіміне және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

С. Сагиндикова жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 тамыздағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі істің мән-жайлары дұрыс анықталмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Бұл іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің сотта анықталған мән-жайларына қарағанда, Атырау қаласы әкімінің 2017 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен Атырау қаласы, Самал шағын ауданы, №1 көшесінің бойында орналасқан 0,1 гектар жер учаскесі Н.Жакуповаға тұрғын үй құрылысын салу үшін уақытша өтеулі 3 жыл мерзімге берілген.

2019 жылғы 5 желтоқсандағы қаулымен Н.Жакуповаға аталған жер учаскесіне меншік құқығы табысталған.

2022 жылғы 14 қарашадағы сатып алу - сату шарты негізінде жоғарыда көрсетілген жер учаскесіне тұрғызылған тұрғын үйді С. Сагиндикова сатып алған. Жылжымайтын мүлік талап қоюшының атына тіркелген.

Жалпы ауданы 0,1000 га жер учаскесінде үш объект тұрғызылған, олар: тұрғын үй, жалпы ауданы 231,7 шаршы метр; жазғы асхана-көлікжай, жалпы ауданы 115,0 шаршы метр; жазғы асхана, жалпы ауданы 105,9 шаршы метр.

2024 жылғы 6 наурызда С. Сагиндикова өз жер телімінде орналасқан жалпы ауданы 105,9 шаршы метр жазғы асхана құрылысын дүкенге өзгерту үшін Атырау қаласы әкіміне жер учаскесінің нысанасын ішінара өзгертуге өтініш білдірген.

«Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 12 наурыздағы №45 қорытындысы негізінде Атырау қаласы әкімінің 2024 жылғы 18 наурыздағы №516 жер учаскесінің нысаналы мақсатын ішінара өзгертудан бас тарту туралы қаулысы қабылданған. Осы қаулымен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген. Жергілікті соттар талапты қанағаттандырудан бас тартқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 қарашадағы №749 қаулысымен бекітілген Атырау қаласының Бас жоспарына сәйкес талап қоюшының жер учаскесі қызыл сызық бойында орналасқаны және оның бір бөлігі жалпы пайдаланудағы жасыл желекті аумақ үшін қарастырылғаны негіз болған.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 49-1бабына сәйкес жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі жүзеге асырады. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

Жер кодексінің 109-бабының 1-тармағына сәйкес елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылуы қажет. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызмет туралы» Заңының 47-бабының 1 және 2 - тармақтарында елді мекендердің аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарлар негізінде жүзеге асырылатыны көрсетілген. Елді мекендердің бас жоспарлары қаланы дамытуды кешенді жоспарлауды айқындайтын және негізгі қала құрылысы құжаты болып табылатыны айқындалған.

Осы заң талаптарына сәйкес Атырау қаласының Бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 қарашадағы №749 қаулысымен бекітілген.

Осы бас жоспармен тексергенде С. Сагиндикованың жер учаскесі қызыл сызық бойында орналасқаны, учаскесінің бір бөлігі жалпы пайдаланудағы жасыл желекті аумақпен қабаттасқаны анықталған.

Бұл жағдайда жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі заңды және негізді болып табылады.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне шағымдалған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 тамыздағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының Светлана Сарсенгалиевна Сагиндикованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Д. Абдуғалиев

Д. Нұрлыбаева

Судьялар

Ә. Назарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.