ВС РК - Постановление от 07.12.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1896 (Административное)

6001-23-00-6ап/1896

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 7 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Ү. Қайыпжан,

судьялар Ж.Б. Ермагамбетова, Б.Т. Нажмиденов талап қоюшы Қ[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Қ[...] жауапкер Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Цифрландыру бөлімінің бас маманы Ж[...] әкімшілік актіні қабылдауға мәжбүрлеу туралы талап қоюымен қозғалған әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 мамырдағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшы Қ[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Қ[...] сотқа талап қою арызымен жүгініп, Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаттығына сайлауға қатысуына байланысты «Сот кабинеті» сервисінде техникалық көмек көрсетуге Ж[...] кедергі келтіруіне байланысты сотқа дер кезінде арыз бере алмағанын көрсетіп, техникалық мамандарға қатысты шара қолданбай отырғанына байланысты әкімшілік акт қабылдауға мәжбүрлеуді сұраған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 мамырдағы ұйғарымымен Қ[...] талап қою арызы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасының негізінде қайтарылған.

Талап қоюшы Қ[...] кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Жоғарғы Соттың сот алқасы (бұдар әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

– ӘРПК нің 138 бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, сот (судья) егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Соттармен анықталғандай, талап қоюшы Т.Қ[...] Комиссиясының мүшелерін Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаттығына сайлауға қатысуына байланысты «Сот кабинеті» сервисінде техникалық көмек көрсетуге кедергі келтіруіне байланысты сотқа дер кезінде арыз бере алмағанын көрсетіп, техникалық мамандарға қатысты әкімшілік рәсім қозғау туралы 2023 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағасы, Сот әкімшілігінің Цифрландыру бөлімінің меңгерушісі М[...] атына арыз-жолданым жазған.

Талап қоюшы талабында жауапкерді арыз бойынша шара қабылдаудың орнына, керісінше сот кабинеті сервисінде заңды тұлғалардың мәліметтерін көрсететін бастырманы бұғаттап тастады деп уәждеп, сот кабинетімен жұмыс жасаған кезде орын алған техникалық кедергілердің сканер көшірмелерін тіркеген.

ӘРПК-нің 102-бабы екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларына сәйкес әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).

Мұндай жағдайда талап қоюшы мен жауапкердің арасындағы құқықтық қатынастары жария-құқықтық сипатта болмайды, өйткені жария-құқықтық дауды сипаттайтын белгілер жоқ.

Жауапкер Қ[...] қатысты қандай да бір әкімшілік актіні қабылдауға немесе әкімшілік іс-әрекет жасауға бағытталған әкімшілік орган болып табылмайды. Жауапкер талап қоюшының құқықтарына қатысты ешқандай әкімшілік іс-әрекеттер жасаған жоқ, әкімшілік актілер қабылдаған жоқ, бұл жағдайлар ӘРПК-нің қағидалары бойынша осы істің қаралуын болдырмайды.

Істің бұл тұрғысында жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 мамырдағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Қ[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Қайыпжан

Судьялар Ж. Ермагамбетова

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.