КӨШІРМЕСІ
6кп-93-19
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 23 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы Қ[...], судьялар Г. Әлмағамбетова, А. Рахметулин, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...],
Қазақстан Республикасы ішкі істер Министрлігі көліктегі полиция департаментінің Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің өкілі М[...] (бұдан әрі-уәкілетті орган),
әкімшілік жауапқа тартылған Р[...] қатысуларымен, кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Жамбыл облысы Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен
Р[...] (R[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Жамбыл облысы Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысымен Р[...] (R[...]) ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Р[...] Өзбекстан Республикасының азаматы болып, Қазақстан Республикасының аумағына келгеннен кейін уақытша тіркеуге тұрмағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы, Р[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, айыппұлға ауыстыру көрсетілген. Алқа уәкілетті органның сот қаулысын күшінде қалдыруды, ұсынуды қолдау жөніндегі прокурордың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді. ӘҚБтК-нің 840-бабының 4-тармағы бойынша тағайындалған әкімшілік жаза жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатына, жеке басына сәйкес келмеген жағдайда сот қаулысын өзгертуге негіз болады.
Әкімшілік іс бойынша Өзбекстан Республикасының азаматы Р[...] 2019 жылғы 30 наурызда Қазақстан Республикасына келіп, уақытша тіркеуге тұрудан жалтарғанын 2019 жылғы 26 қыркүйекте полиция қызметкерлері анықтаған. Осы факт негізінде оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған. Бірінші сатыдағы сот Р[...] кінәсі сот отырысында мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық бекітілген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Сот жаза тағайындағанда заң талаптарын бұзып, қаулыны заң бойынша шығармаған.
Себебі ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мәнжайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Іс материалдары бойынша Р[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған.
Сонымен қатар Р[...] Қазақстан Республикасының аумағында болған кезеңде Қазақстан Республикасының азаматы Қ[...] неке-отбасы қатынастарын ресімдеген.
Неке қию туралы куәлікке сәйкес У.К.Р[...].Кожабековпен Қазақстан Республикасында 2019 жылы 2 қазанда некеге тіркелген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.
ӘҚБтК-нің 517-бабы 2-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзышылыққа қарсы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген. Р[...] көрсетілген жазалардың ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жөнінде сот қатаң жаза тағайындаған. Сондықтан алқа Р[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, жаза ретінде 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды дұрыс деп есептейді.
Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұл мөлшерінің отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабы 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігі бойынша Р[...] (R[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Жамбыл облысы Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.
Р[...] (R[...]) тағайындалған Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасының орнына 26 513 (жиырма алты мың бес жүз он үш) теңге әкімшілік айыппұл салынсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Қ[...]
Төрағалық етуші
Г.Әлмағамбетова
Судьялар
А. Рахметулин Көшірмесі дұрыс: А. Рахметулин
А. Рахметулин
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.