6001-22-00-3г/342(2)
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 04 сәуір
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов арыз беруші Маңғыстау облысы полиция департаментінің көші-қон қызмет басқармасының шетелдік М[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығару туралы арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы № 2 сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешіміне кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы М[...] өкілі А[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Маңғыстау облысы полиция департаментінің көші-қон қызмет басқармасы (бұдан әрі – Көші-қон қызметі) Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] Қазақстанның заңнамасын бұзғаны үшін Республиканың аумағынан тыс шығару туралы арызымен сотқа жүгінген. Ақтау қаласы № 2 сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен арыз қанағаттандырылып, М[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылып, шешімді орындау үшін оған 2022 жылғы 07 қаңтарға дейін мерзім белгіленген. М[...] мемлекет кірісіне 1 532 теңге өндірілген.
Өтінішхат беруші бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары зерттелген дәлелдемелерге және мән-жайларға сәйкес келмейтінін, істің бір жақты қаралғанын және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актісінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Анықталғандай, Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] Қазақстанның аумағында 2021 жылғы 16 шілдесінен бастап тұрып, Ақтау қаласындағы 12-шағын ауданында орналасқан 11-үйдің [...] тіркелген, уәкілетті органның 2021 жылғы 12 қарашадағы № 12-2021-WP-58967 рұқсаты негізінде жеке тұлғаларда еңбек етуге жалдамалы жұмыстар жасаған.
2021 жылғы 13 желтоқсанда М[...] Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 593-бабының 2-бөлігімен көзделген (қауіпсіздік белбеудің пайдалану қағидаларын сақтамау) әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған бес айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза қолданылған.
Сол күні М[...] қатысты ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігімен көзделген (тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару)
әкімшілік құқық бұзушылықты бір мезгілде жасағаны үшін оған он бес АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.
«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сәйкес егер шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса ол республика шегiнен қуылуы мүмкiн.
Ақтау қаласының № 2 соты Көші-қон қызметінің арызын қанағаттандыру туралы шешімін Өзбекстанның азаматы М[...] Қазақстан аумағында тұру кезінде бір жыл ішінде бірнеше рет әртүрлі қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікке қарсы әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағанымен негіздеген.
А[...] өтінішхатында бірінші сатыдағы сотпен іс бойынша шешім қабылдау барысында М[...] қатысты көлік құралдарын және қауіпсіздік белдігін пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар бір күнде толтырылғанын, оның бір мезгілді әрекеттерімен мемлекетке нұқсан келтірілмегені ескерілмегенін көрсеткен.
Атап айтқанда, өтінішхат иесінің пікірінше М[...] іс-әрекеттері мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келмейді, халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, республика азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн оған Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберу түріндегі қатаң әкімшілік жазаны қолдануды қажет етпейді.
Сонымен қатар, өтінішхатта бірінші сатыдағы соттың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 6-тармағында берілген түсіндірмелері қолданылмағаны көрсетілген. Көші-қон қызметінің арызын қанағаттандыра отырып, бірінші сатыдағы сот М[...] тұрғылықты мекен-жайы мен жұмысы жоқ екенін көрсеткен, алайда соңғының тіркеу бойынша мекен-жайын рұқсатсыз өзгерткені үшін тиісті жауаптылыққа тартылмағаны, оның табыс көзі мен күнкөріс үшін жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болғаны туралы уәждерін ескермеген.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы № 2 сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешімін қайта қарау туралы М[...] өкілі А[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының отырысында кассациялық тәртіппен қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Е.Исмаилов дұрыс.Судья
Көшірмесі
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.