ВС РК - Постановление от 01.06.2017 по делу 6001-17-00-6АП/24 (Об административном правонарушении)

6ап-24-17 көшірме

2017 жылғы 1 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева,

судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],

кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 27 ақпандағы қаулысына келтірген наразылықпен түскен

Д[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 490бабының 2-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес Д[...] 2016 жылғы 30 желтоқсанда сағат 18:05 шамасында Жаңаөзен қаласының мешітінде «Ақшам» намазы жамағатқа оқылған уақытта «Әмин» дұғасын дауыстап, айқайлап айтып, заңды діни қызметке кедергі келтірген.

Бұл факті бойынша Д[...] әрекетін Маңғыстау облыстық дін істері басқармасы ӘҚБтК-нің 490-бабының 2-бөлігімен саралаған.

Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 2 ақпандағы қаулысымен Д[...] аталған баптың 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 106 050 теңге айыппұл салынған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 27 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы бұзылып, Д[...] әрекетінде ӘҚБтК-нің 490-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша өндіріс қысқартылған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылықта апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оны бұзып, іс бойынша қабылдаған бірінші сатыдағы соттың қаулысын күшінде қалдыруды сұраған.

Наразылықты қуаттаған прокурорды тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.

Апелляциялық сатыдағы сот істі қысқарта отырып, Д[...] «Ақшам» намазында мешіттің имамы «Әмин» сөзін іштерінен айту керектігін ескерткенін, бірақ сол кезде оны байқамай, барлық жиналған жұрт сияқты «Әмин» дұғасын дауыстап айтқанын, имамға кедергі келтірмегенін, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда (бұдан әрі - Заң) мұндай шектеу көзделмегені жөнінде түсінігін назарға алған.

Соттың пікірінше, Маңғыстау облысының діни істері басқармасы ӘҚБтК-нің 490-бабының 2-тармағында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша хаттама толтыруға құқылы емес. Алайда, апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымы заң талаптарына сәйкес келмейтініне байланысты негізсіз.

ӘҚБтК-нің 804-бабы 1-тармағының 50) тармақшасына сәйкес осы кодекстің 490-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтыруға атқарушы органдарының тұлғалары құқылы.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 1-бабының 4) тармақшасында жергілікті атқарушы орган болып облыстың, ауданның әкімі басқаратын өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы орган.

Маңғыстау облысы әкімдігінің 2015 жылғы 1 маусымдағы қаулысына сәйкес «Маңғыстау облысының дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің құрылтайшысы Маңғыстау облысының әкімдігі.

Демек, аталған басқарма Маңғыстау облысы әкімдігінің құрылымдық бөлімшесі болғандықтан ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша тиісті хаттамаларды толтыруға уәкілетті.

Расында, ӘҚБтК-нің 806-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама құқық бұзушылық фактісі анықталғаннан кейін дереу жасалатыны көрсетілген. Лауазымды тұлғамен әкімшілік хаттама жиырма күннен кейін толтырылған. Бұл факті бойынша апелляциялық сатыдағы сотпен жеке қаулы шығарылған.

Алайда, аталған жайт Д[...] қатысты әкімшілік істі қысқартуға негіз бола алмайды, өйткені бұл оның ӘҚБтК-нің 490-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасаған әрекетін жоққа шығармайды.

Оның үстіне Д[...] құқық бұзушылық жасағаннан бастап, ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігінде көзделген нормаға сәйкес екі айлық мерзімде жауапкершілікке тартылған. Яғни, жауапкершілікке тарту мерзімі сақталған.

Бұдан бөлек, оған қатысты толтырылған хаттама заңсыз деп танылмаған және лауазымды тұлғаның әрекеттері ешкіммен дауланбаған.

Сондай-ақ, іс құжаттарынан белгілі болғандай, Д[...] сотта істегі жазбаша түсініктемесін толық қуаттап, 2016 жылғы 30 желтоқсанда сағат 18:05 шамасында Жаңаөзен қаласының мешітінде «Ақшам» намазында, сол мешіттің имамы «Әмин» сөзін іштерінен айту керектігін ауызша ескерткеніне қарамастан, оны дауыстап, айқайлап айтқанын мойындаған.

Куә ретінде сұралған Қ[...] сол күні мешітте, мешіттің имамы «Әмин» дұғасын дауыстап айтуға болмайтынын бірнеше рет ескерткеніне қарамай, Д[...] оған кедергі келтіріп, «Әмин» дұғасын дауыстап айтқанын, бүкіл жиналған жамағатқа кедергі келтіргенін көрсеткен.

2016 жылғы 16 қарашада өткен Ғұламалар кеңесінің XIV мәжілісінде бекітілген «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республикалық ислами діни бірлестігі мешіттерінің ішкі тәртіп Ережесінің 1.4., 3.1., 3.4., 3.5.тармақтарына сәйкес мешітке келуші: «Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жарғысы мен мешіт ережесінде бекітілген міндеттерді орындауға, мешітке келушілер ханафи мәзхабына сай құлшылық жасауға, намаздағы «Әмин» дұғасын іштей айтуға, мешітке келушілер мешіт қызметкерлерін және басқаларды құрметтеуге, жамағат тыныштығын сақтауға, алауыздық тудырмауға міндетті делінген».

Мұндай жағдайда, Д[...] мешіттердің ішкі тәртіп ережесінің талаптарын сақтамай, яғни «Әмин» сөзін дауыстап айтып, мешітке келуші жамағаттың намаз оқуларына және мешіт имамының діни қызметіне кедергі келтіріп, тыныштықты бұзғаны нақты көрінеді.

Сонымен қатар, Заңның 3-бабының 5-тармағына сәйкес занды діни қызметке кедергі келтіруге жол берілмейді.

Апелляциялық сатыдағы сот істі қысқарта отырып, заңды діни қызметке кедергі келтіру – діни бірлестікті тіркеуге рұқсат беруге кедергі келтіру, діни жораларды мәжбүрлеп жүзеге асыру, адамдардың еркіне қарсы діни жораларды өткізуге тыйым салу, ғибадат үйлерінде мүліктерді жою деп түсінген. Алайда, Заңның 1-бабының 2-тармағына сай діни қызмет – діндарлардың діни қажеттігін қанағаттандыруға бағытталған қызмет.

Яғни, намаз оқу, дін ілімін алу, діни сауатын ашу, жүргізіліп жатқан уағыз бен дәріс кезінде имамға не мешітке келген жамағатқа кедергі келтіру, діни бірлестіктердің Заңмен бекітілген қызметін тиісті түрде жүзеге асыруға бөгет келтіреді.

Осыған орай, мешіт жамағаты Заңмен шектеу қойылған құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін мешіттің ішкі тәртібінде көрсетілген барлық міндеттемелерді сақтауы қажет.

Аталған іс бойынша Д[...] оған ауызша түрде имаммен ескерту берілсе де, «Әмин» дұғасын қатты дауыстап айтып, бүкіл жамағатқа кедергі келтірген. Оны сотта сұралған куәлар да растаған.

Сол себепті мамандандырылған сот алқасы Д[...] қатысты әкімшілік істі қысқарту туралы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы бұзылуға жатады деген наразылықтың уәждерімен толықтай келіседі.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 1)-тармақшасына сай судьяның әкімшілік іс бойынша қаулыда жазылған істің нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840-бабының 1)-тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Д[...] қатысты қабылданған Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 27 ақпандағы қаулысын бұзып, Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 2 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Судьялар

Н. Жолдасбеков Б. Шермұхаметов

Көшірмесі дұрыс. Судья

Н. Жолдасбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.