ҚАУЛЫ
2026 жылғы 17 маусым 6003-26-00-4к/1012 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,
талап қоюшы өкілі Ж[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкерлер Сайрам ауданы Манкент ауыл округінің әкіміне (бұдан әрі - Әкім), «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастары бөлімі), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) әкімнің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі №70 шешімін, жер комиссиясының 2011 жылғы 18 тамыздағы №26 қорытындысының 2-бөлігінің 6-тармағын, жер учаскесін көшіру (орналастыру) әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 тамыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының өкілі берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 тамыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды, толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкер Манкент ауылдық округі әкімінен Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы туралы өтініш келіп түсті.
Алайда, бұл өтінішхаттар қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы тұлғалар алдын-ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының кассациялық шағымымен іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Төмен тұрған саты соттарымен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Сайрам ауданының мүлікті жария ету туралы комиссиясының 2007 жылғы 15 мамырдағы №36605 шешімімен Т[...] атына Сайрам ауданы, Манкент ауылы, Алматы [...] мен жер учаскесі жария етілген.
2007 жылғы 11 қазанда көлемі 0,08 га жер учаскесіне кадастрлық №19295-053-4512 сәйкестендіру актісі рәсімделген.
2020 жылғы 23 желтоқсанда объектіні пайдалануға қабылдау актісі қабылданып, Манкент ауылы, Алматы көшесі, [...] үй мекенжайы берілген.
2025 жылғы 24 ақпандағы сыйға тарту келісім шартына сәйкес жылжымайтын мүлікке меншік құқығы талап қоюшы Т[...] өткен. Талап қоюшының құқықтары 2025 жылғы 25 ақпанда тіркелген.
Сайрам аудандық жер комиссиясының 2011 жылғы 18 тамыздағы №26 қорытындысының 2-бөлігі 6-тармағына сәйкес Х[...] тұрғын үй және қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жеке меншікке жер учаскесін беру келісілген.
Әкімнің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі №70 шешімімен Манкент ауылы, Алматы көшесі, н/з үйдің тұрғыны Х[...] пайдаланыстағы жалпы көлемі 0,18 га жер учаскесі тұрғын үй және жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жеке меншікке берілген. 2011 жылғы 27 қыркүйекте көлемі 0,18 га жер учаскесіне кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі рәсімделген, кейін Алматы көшесі, [...] үй мекенжайы берілген.
2018 жылғы 4 сәуірдегі сатып алу-сату келісім шартына сәйкес меншік құқығы С[...], А[...] өткен. 2024 жылғы 8 маусымдағы сыйға тарту келісім шартына сәйкес үлеске меншік құқығы С[...] өткен. Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен талап қоюшы С[...] жауапкерлер Т[...], Т[...] заңсыз салынған құрылысты бұзу туралы талап қою арызы қанағаттандырылған.
Сайрам ауданы, Манкент ауылы, Алматы көшесі, №1/1 мекенжайда орналасқан кадастрлық №[...] жер учаскесіне салынған құрылыс жауапкерлер Т[...] пен Т[...] есебінен шығарылған.
Түркістан облыстық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Аталған сот актілеріне сәйкес кадастрлық №[...] жер учаскесінің 0,08235 га бөлігіне Т[...] тұрғын үй құрылысын жүргізіп, бетон қоршаумен қоршап пайдаланған. Жер-кадастрлық істе көрсетілген мәліметтерге қарағанда, №[...] жер учаскесінің межелік шекаралары анықталған, ал №[...] жер учаскесінің межелік шекаралары анықталмаған, себебі нақты орналасқан жеріне барып өлшеу жүргізілмеген, шекара белгілері анықталмай, сәйкестендіру құжаты рәсімделген.
Сонымен бірге, Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің жауапкерлер Х[...], С[...], Әкімге, Жер қатынастары бөліміне, Түркістан облысының нотариаттық палатасына Әкімнің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі №70 шешімін, 2018 жылғы 4 сәуірдегі сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Аталған талап қоюда Департамент Х[...] елді мекен шекарасынан тыс жердегі жер учаскесіне құқық берілгенін даулаған.
Сәйкесінше, сот осы талап бойынша шешім қабылдау барысында 2011 жылы №[...] жер учаскесінің 0,0692 га бөлігі Манкент ауылдық округінің елді мекен шегінде болғанын, қалған 0,1108 га бөлігі елді мекен шегіне кірмегенін, Сайрам ауданы әкімінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №1 қаулысымен аталған жер учаскесі Манкент ауылдық округінің елді мекен шегіне толық енгізілгенін анықтап Әкімнің шешімін заңға қайшы қабылданған деп санауға болмайды деген тұжырымға келген.
2025 жылғы 23 сәуірде талап қоюшы Ш.Т[...] корпорацияға жүгініп, түсірілген топографиялық өлшемдерге сәйкес №19295-053-4512 жер учаскесіне сәйкестендіру актісін беруді сұраған.
Алайда, Мемлекеттік корпорацияның Түркістан облысы бойынша филиалының Сайрам аудандық тіркеу және жер кадастрының 2025 жылғы 24 сәуірдегі №10/197 хатымен жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуге
мүмкіндік жоқтығы, кадастрлық №[...] және №[...] жер учаскелерінің беттесіп орналасатынын хабарлап, өтінішті кері қайтарған. Сонымен қатар, бірінші саты соты өз ұйғарымымен іс бойынша мамандар қызметіне жүгініп, қорытындысымен төмендегідей мән-жайларды анықталған, атап айтқанда:
талап қоюшыға тиесілі кадастрлық №[...], көлемі 0,08 га жер учаскесінің нақты орналасқан жеріне барып өлшеу жұмыстары жүргізілмей, шекара белгілері (координат нүктелері) анықталмай, сәйкестендіру құжаты рәсімделген;
мүдделі тұлғаларға тиесілі кадастрлық №[...], алаңы 0,18 га жер учаскесі жер-кадастрлық істе көрсетілген координат нүктелеріне сәйкес орналасқан, ауытқулар және өзге сәйкестендіру құжаттарымен беттесулер жоқ;
талап қоюшының 2025 жылғы 23 сәуірдегі өтінішімен жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуге өтініш берілген, пайдаланып отырған жер учаскесіне топографиялық түсірілім түсірілген, топографиялық түсірілімде көрсетілген өлшемдерге сәйкес кадастрлық №[...] жер учаскесінің 0,08 га бөлігінде беттесіп орналасатыны анықталып, өтініші орындалмай кері қайтарылған.
Осы көрсетілгендерді қорыта келгенде, бірінші саты соты төмендегідей мән-жайларға дұрыс құқықтық баға берген. Яғни, талап қоюшы Т[...] мүдделі тұлға Х[...] жер учаскесіне құқық беру туралы Әкімнің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі шешімін, Жер комиссиясының 2011 жылғы 18 тамыздағы қорытындысының бөлігін және Мемлекеттік корпорацияның сол кездегі жерге орналастыру әрекетін даулаған. Алайда, талап қоюшының құқықтары даулы жер теліміне 2025 жылғы 24 ақпандағы сыйға тарту келісім шарты негізінде туындаған және ол ағымдағы жылдың 25 ақпанында мемлекеттік тіркеуден өткен.
Сондықтан, осы 3 талап қоюмен (Әкімнің шешімі, Жер комиссиясы қорытындысы, жерге орналастыру әрекеті) талап қоюшының құқықтары бұзылмаған.
Одан бөлек, бірінші саты сотымен АПК-нің 76-бабы 2-бөлігіне, яғни соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мәнжайлар, тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейтіндігі жөніндегі қағидаттарына дұрыс сілтеме жасаған.
Кассациялық сот, талап қоюшының даулы жер теліміне иелік ету құқығы туындамай жатып, осы талап қоюдың мәні бойынша талап қоюшының құқықтарына зиян келтірілмеген деген төмен тұрған соттардың тұжырымдарымен келіседі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот, сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 тамыздағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілі Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.