Қ А У Л Ы
2026 жылғы 21 қаңтар №6003-25-00-2к/3879 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.Б.Тоқсанбаев, А.А.Даненова,
прокурор А.Нургалиев, талап қоюшының өкілі Н.С.Сапар, жауапкердің өкілі Б.Қ. Курбанова, Р.С.Пірманов, үшінші тұлғалардың өкілдері: А. Юсупов, Е.С.Қарабаев, қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «Тараз автобус паркі №1», «ӘулиеатаТрансПасс», «Сапар Транс 2012», «ТаразТрансМоторс», «Саяхат-99», «ДамРус», «ArsenTransCompany», «ТаразПассТранс», «Smart City Service», «City-Bus» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктеріне негізсіз төленген субсидия сомасын өндіру туралы талап қоюымен қабылданған Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 сәуірдегі қаулысына жауапкер «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшы жауапкерлерге негізсіз төленген 517 787 100 теңге субсидия сомасын өндіру туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 сәуірдегі қаулысымен Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы шешімінің күші жойылған. Негізсіз төленген субсидия сомасын өндіру туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Жергілікті бюджеттің 206109 бюджет жіктемесіне негізсіз төленген субсидия: «Тараз автобус паркі №1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі - ЖШС) 54 697 300 теңге және жергілікті бюджет кірісіне мемлекеттік баж 1 640 919 теңге; «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-нен 266 339 200 теңге, мемлекеттік баж 7 990 176 теңге; «Сапар Транс 2012» ЖШС-нен 44 238 000 теңге; мемлекеттік баж 1 327 140 теңге; «ТаразТрансМоторс» ЖШС-нен 55 372 600 теңге, мемлекеттік баж 1 661 178 теңге; «Саяхат-99» ЖШС-нен 30 002 800 теңге, мемлекеттік баж 900 084 теңге; «ДамРус» ЖШС-нен 25 156 300 теңге, мемлекеттік баж 754 689 теңге;
«ArsenTransCompany» ЖШС-нен 2 293 900 теңге, мемлекеттік баж 68 817 теңге; «ТаразПассТранс» ЖШС-нен 6 467 000 теңге, мемлекеттік баж 194 010 теңге; «City-Bus» ЖШС-нен 24 390 500 теңге, мемлекеттік баж 731 715 теңге; «Smart City Service» ЖШС-нен 8 829 900 теңге, мемлекеттік баж 264 897 теңге - өндірілген.
Жауапкер «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Курбанова Б.К. кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспей, сот тарапынан материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын және сот қорытындысының істің мәнжайларына сәйкес келмейтіндігін көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіруді сұраған.
Б.К.Курбанованың кассациялық шағымда көрсетілген уәждерін, талап қоюшының, үшінші тараптардың өкілдерінің қарсы пікірлерін, прокурордың апелляциялық алқа сотының қаулысын күшінде, кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, істің құжаттары мен шағымның дәлелдерін зерттеп, сот келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
2020 жылғы 20 сәуірде Тараз қаласы әкімі (ұйымдастырушы), оператор және «Тараз автобус паркі №1» ЖШС-нің арасында қоғамдық жолаушылар көлігінде автоматтандырылған есепке алу және жол ақысын төлеу қызметтерін көрсетуге үш жақты №2 шарт жасалған. Бұған ұқсас шарттар басқа тоғыз тасымалдаушылар жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктер«ӘулиеатаТрансПасс», «Сапар Транс 2012», «ТаразТрансМоторс», «Саяхат99», «ДамРус», «ArsenTransCompany», «ТаразПассТранс», «Smart City Service», «City-Bus» жасалған (бұдан әрі-шарттар).
Шарттардың 2.1 тармағына сай оператор өз қаражаты есебінен тасымалдаушылардың көлік құралдарында жол жүру ақысын есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің жабдықтарымен (тіркеу терминалдарымен) жабдықтайды, тасымалдаушылар тіркеу терминалдарымен жабдықталған жеке көлік құралдарын пайдалана отырып, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыруға міндеттенеді, сол үшін операторға жолаушылардан қаражат жинауды қамтамасыз етуге шараларды қабылдауға өкілеттік береді.
Аталған тасымалдаушылар оператордың қызметтерін төлеуге міндеттенген.
Шарттардың 3.5 тармағына сай, ұйымдастырушы көлік құралдарында жол жүру ақысын есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің қызметтерге төлемнің бір бөлігін жабу үшін субсидия түрінде қаражат бөлуге өзіне міндеттеме алған.
Тараз қаласында жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың және активтердің тиімді пайдалануына Тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит шеңберінде «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-де мемлекеттік аудит жүргізген.
Тексеру комиссиясының 2024 жылғы 4 мамырдағы 07-Н нұсқамасына (бұдан әрі-нұсқама) сай тасымалдаушыларға 2021 жылғы қазан-желтоқсан айларында 156 404 500 теңге, 2022 жылы 282 942 900 теңге, 2023 жылғы қаңтар - наурыз айларында 78 439 700 теңгеге, жалпы сомасы 517 787 100 теңге диспетчерлеу жүйесі операторының қызметтерін ескеретін шығындарға негізсіз төленген субсидия шығындары жергілікті бюджет жіктемесіне өтелуі қамтамасыз етілуі тиістілігі табысталған.
Көрсетілген нұсқаманы орындау мақсатында талап қоюшы диспетчерлеу жүйесі операторының қызметтерін ескеретін шығындарға негізсіз төленген 517 787 100 теңге субсидия шығындарын өндіру туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымын операторға төленген субсидияны Жамбыл облысы әкімінің төрағалығымен өткен 2020 жылғы 16 наурыз №39, 25 наурыз №45, 7 сәуірдегі №50, 29 шілдедегі №129 аппараттық кеңестердің шешімдерін жүзеге асырылуымен және жоғарыда аталған шарттарды орындау мақсатында болғанымен негіздеген.
Осы ретте, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 тамыздағы №883 бұйрығымен бекітілген «Әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қағидалары» (бұдан әрі - қағидалар) және Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 13 қазандағы №614 бұйрығымен «Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге тарифтер есептеу әдістеме» (бұдан әрі - әдістеме) бекітілген.
Істі қарау барысында бірінші сатыдағы сот тарапынан іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберінің дұрыс анықталмауы және дұрыс айқындалмауы, материалдық нормалардың дұрыс қолданылмауы, істегі дәлелдемелерге дұрыс құқықтық баға берілмеуі орын алғаны апелляциялық сот алқамен дұрыс анықталған. Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың операторға төленген
субсидия шарттар негізінде заңды бөлінген деген тұжырымы негізсіз деп дұрыс қорытындыға келген.
Бірінші сатыдағы сот көрсетілген қағидаларда және әдістемеде диспетчерлеу жүйесі операторының қызметтерін ескеретін шығындарға субсидиялау қарастырылмағанын назарынан тыс қалдырып, заңсыз шешім шығарған деген апелляциялық алқаның тұжырымы негізді.
Диспетчерлеу жүйесі операторының қызметін ескеретін шығындарды субсидиялау Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрымдылық даму министрінің 2023 жылғы 30 қаңтардағы №58 бұйрығымен енгізілген және осы жылдың сәуір айынан бастап қолданысқа енген.
Жамбыл облысы әкімімен өткен ақпараттық кеңестердің хаттамаларында облыс орталығының қоғамдық көліктерде электрондық билеттендіруді ендіру мәселелері, заң талаптарына сәйкес өзге өңірлердің оң тәжірибесін ескере отырып, жетілдірілген электронды билеттендіру жүйесін орнатуды толық аяқтау қарастырылған.
Белгілі бір кезеңге арналған маршруттардың құнын есептеу үшін немесе жұмыстардың көлемін орындау үшін қағидалардың 26-тармағында көрсетілген экономикалық-математикалық модель пайдаланылған. Алайда көрсетілген модельде диспетчерлеу жүйесі операторының қызметін ескеретін шығындар көзделмеген. Диспетчерлеу жүйесі операторының қызметіне ақы төлеу бойынша шығындар қағидалардың 2023 жылғы 10 сәуірдегі нұсқасында ғана қарастырылған.
Кассациялық сот облыстық соттың Тексеру комиссиясымен бюджет қаражатын есептеу 2023 жылдың сәуірге дейінгі кезеңге негізді жүргізілген деген тұжырымын дұрыс деп санайды.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 31-бабы 1- тармағының 9-тармақшасына сай аудандық (облыстық маңызы бар қала) әкімдіктің құзыретіне Қазақстан Республикасының көлік саласындағы заңнамасына сәйкес жолаушылар тасымалын ұйымдастыру кіреді.
Субсидия алу үшін есеп айырысу сомасына енгізілетін шығындардың баптарын айқындау Көлік және коммуникация министрлігінің құзыретіне жатады.
2020 жылы ұйымдастырушы, тасымалдаушылар және оператор арасында жасалған үш жақты шарттарда талап қоюшы «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-сі тарап болып табылмайды және шарттармен қандай да бір құқтар мен міндеттер жүктелмеген.
Сонымен қатар, сот алқасының диспетчерлеу жүйесі операторының қызметін ескеретін шығындарды субсидиялау туралы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрымдылық даму Министрінің 2023 жылғы 30 қаңтардағы №58 бұйрығында заңды күшіне енгенге дейінгі азаматтық
қатынастарға тікелей қолданылатыны көрсетілмеген деген тұжырымы да заң нұсқамаларымен негізделген.
Жоғырада көрсетілген мән-жайларға байланысты сот алқасының талап қоюшының талап қоюын толық қанағаттандыруға негіздер жеткілікті деген тұжырымымен кассациялық сот келісіп, апелляциялық алқа соты істің мәнжайын толық анықтап, заң нормаларын дұрыс қолданып, құқықтық баға беріп, негізді сот қаулысын қабылдаған. Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуын, шағымда көрсетілген уәждер растамайды. Жауапкердің кассациялық шағымдағы уәждері сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан жауапкер «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 сәуірдегі қаулысы осы іс бойынша күшінде, жауапкер «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья Судьялар А.Б.Тоқсанбаев
А.А.Даненова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.