ҚАУЛЫ № 6003-25-00-4к/702
11 қараша 2025 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты, құрамындағылар: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева,
талап қоюшының өкілі Н.А.Муратовтың, жауапкердің өкілі Ш.Ж. Бағдалованың, мүдделі тұлғаның («Зигмунд» ЖШС-і) өкілі А.Қайырғалиевтің, жартылай тікелей, жартылай қашықтықта қатысуларымен,
ашық сот отырысында Булат Тауфихович Иманбаевтың (әрі қарай -талап қоюшы) Атырау облысы Махамбет ауданының әкіміне (әрі қарай - жауапкер) 2024 жылғы 28 тамыздағы №1 хаттаманың өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 09 желтоқсандағы шешіміне, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа жүгініп, жауапкерге қатысты жоғарыдағы талапты қойған. Оның пікірінше, төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия мұның өтінішін толық, әрі жан-жақты тексермеген, су тасқынының салдарынан оның үйі суға кетіп, оған едәуір зақым келген, атап айтқанда, ірге тастары опырылып, едендері көтеріліп, есік қысылып, салдарынан тұрғынжайды бұзуға тура келген. Бұдан тыс жазғы асханасы да құлап, жарамсыз қалған, сондықтан комиссияның 2024 жылғы 28 тамыздағы №1 хаттамасының өзіне қатысты бөлігі зансыз деп танылып, оның күші жойылуы қажет.
Бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 09 желтоқсандағы шешімімен, кейіннен оны өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сот алқасының 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысымен, талап қоюшының бұл талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы сот актілерімен келіспеген талап қоюшы кассациялық шағым түсіріп, онда жергілікті соттармен қабылданған сот шешімі мен қаулысының күшін жоюды сұраған.
Істің қарауына қатысқан тараптар өкілдердерінің пікірін тыңдап, даудың мән-жайын зерттеп, шағымның уәждері мен қарсы пікірді бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 69-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталды.
ӘРПК 5 бабының екінші бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Алайда, бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз етпеген, талап қоюшының бұзылған құқығын қалпына келтірмеген, соңғының тарапынан ұсынылған дәлелдерге лайықты құқықтық баға бере алмаған.
Іс бойынша анықталғаны, Атырау облысы әкімінің 2024 жылғы 07 сәуірдегі №3 шешімімен аймақта су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған, осыған байланысты сол жылғы 15 тамызда Атырау облысы Махамбет ауданы әкімдігінің №221 қаулысымен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу бойынша аудандық комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрылған, яғни бұл комиссия су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың өтініштерін қарауы керек болған.
Талап қоюшы, өзінің Талдыкөл ауылы, М.Әуезов көшесі, 18 үйіне су тасқынына байланысты зақым келгенін көрсетіп, 2024 жылғы 11 маусымда аталған комиссияға арызданған.
Бірақ, комиссияның 2024 жылғы 28 тамыздағы №1 хаттамалық шешімімен (әрі қарай - іс бойынша дауланған комиссия шешімі), ашық дауыс беру тәртібімен, Талдыкөл ауылы, М.Әуезов көшесі, 18 үй бойынша техникалық сараптама және бағалау нәтижесі бойынша талап қоюшының үйі ешқандай жөндеуге, әрі апаттық үйге жатпайтыны туралы қорытынды берілуіне байланысты, өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған.
Жауапкерлердің пайымдауынша, «Zigmund» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі талап қоюшының тұрғын үйінің құрылыс конструкцияларының техникалық жағдайына техникалық зерделеу жасаған. Соның қорытындысы бойынша, Талдыкөл ауылы, М.Әуезов көшесі, 18 үйдің қабырғасы, фундаменті оның аралық (көтергіш) қабырғалары қанағаттандырарлық күйде, СН РК 5.0307-2013 талабына сәйкес келеді, тексеру кезінде үй толық суға кетпеген, су тек қана үйдің кіре беріс бөлмесінде болғаны анықталған, зақымданулар мен деформациялар анықталған жоқ, тұрғын үйдің сипаты 1 санат бойынша дұрыс конструкцияға жатады, көрінетін зақымданулар мен деформациялар болған жоқ, тұрғын үйдің аралық (көтергіш) қабырғалары зақымданбаған, қарау кезінде үйді қалпына келтіру жұмыстары анықталмаған. Қабырғаларда зақымданулар анықталмаған, олар тұрғын үйде тұруға және адамдардың болуына, оның сақталуына қауіп төндірмейтінін сипаттайды, СН РК 5.03-072013 «Аралық және қорғаныш конструкциялар» талаптарына сай келеді. Сөйтіп, аталған зерделеушінің сараптама қорытындысы бойынша, негізінде, үйдің құрылысы 1 категориялы, ол жөндеу жұмыстарын қажет етпейді.
Бұл аталған қорытындыға қолдау ретінде, төменгі сот отырысында куәлер Ж.Р.Аруев, Ә.Ж.Губайдуллинаның көрсетпелері алынған, олар талап қоюшының көршісі екендіктерін, өздерінің үйлеріне су кірмегенін айтқан, өйткені үйлерін судан топырақтан жасалған бөгеттер бөліп тұрған.
Оның үстіне, жауапкердің өкілі Ш.Ж.Бағдалованың кассациялық сотқа тікелей келіп, берген түсінігінен туындайтыны, Талдыкөл ауылының тұрғындарын көктемгі су тасқынынан аман алып қалу мақсатында ауылды қоршау, дамба бекіту жұмыстарын жүргізудің арқасында бұл ауылды су баспаған.
Алайда, кассациялық сотта анықталғанындай, төменгі соттар жергілікті әкімдікдің өз еркімен кірістірген «Zigmund» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қорытындысын тиянақты зерттемеген. Әсіресе, осы қорытындының «су тек қана үйдің кіре беріс бөлмесінде болғанын анықтағандығы» туралы бөліміне құқықтық баға бермеген.
Аталған «Зигмунд» ЖШС-нің өкілі А.Қайырғалиевтің кассациялық соттың мәжілісінде берген көрсетпесіне сәйкес, қорытындыда барлығы дұрыс көрсетілген, судың үйдің кіре беріс бөлмесінде болуына себеп жерасты сулары, олар даладағы су тасқынының салдарынан болуы да мүмкін.
Аталған маманның пікірінен, кіре беріс бөлмедегі суд нақты ненің нәтижесінен болғаны түсініксіз, су тасқынынан ба, әлде оған қатысы бар-жоғы белгісіз жер асты суларынан ба.
Осы маңызды мәселені жергілікті соттар мұқият зерттемеген, сөйтіп пайда болған қарама-қайшылықтарды жоймаған.
Тіптен, соттар өз еркімен тәуелсіз сараптама да тағайындамаған, немесе кәсіби маманды сотқа тартып, оның пікірін алмаған. Оның үстіне, іске қатысушы тараптардың ұсынысын ескермей, көшпелі сот отырысын ұйымдастырмаған, болған мән-жайды оқиға басына тікелей барып көріп, бағаламаған.
Жергілікті соттардың шешімдеріндегі тұжырымдар іс құжаттарымен расталмайды, аталған жағдай кассациялық шағымның уәждерін зерделеу барысында, әрі іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді мұқият зерттеу кезінде кассациялық соттың назарына ілікті.
Оның үстіне, талап қоюшы өз еркімен өткізген 2025 жылғы 03 қарашадағы №1407/2025 техникалық қорытындыны кассациялық сатыдағы соттың назарына ұсынды. Анығында, бұл қорытынды кезінде төменгі соттардың зерттеуінде болмаған.
Алайда істегі қорытынды мен талап қоюшы тарапының уәжінде келтірілген қорытындының арасында қарама-қайшылық жоқ емес. Сондықтан, іс бойынша жинақталған барлық дәлелдемелердің тиянақты сараланып, тиісті түрде бағалануына мүмкіндік туғызған жөн. Іс бойынша қазіргі таңда қандай да бір нақты шешім қабылдау ертерек.
Кассациялық соттың санауынша, дау орын алған жағдайда тұрғын үйдің қаншалықты апаттық жағдайда екендігі, сол үйді мекен еткен адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төну мүмкіндігі құзырлы орындардың өкілдерінің қатысумен сотта мұқият тексерілуі қажет.
Жоғарыда айтылған мән-жайды ескере отырып, кассациялық сот, жергілікті соттардың шығарған, мазмұны бойынша ұқсас шешімдерінің күшін жойып, істі жаңадан қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа жолдау қажет деп табады.
Жаңадан қарау барысында жергілікті апелляциялық сот талап қоюшының уәждерін жан-жақты тексеріп, бойында қарама-қайшылық орын алған «Zigmund» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қорытындысын тиянақты зерттеп, көшпелі сот отырысын өткізу мүмкіншілігін қарастырып, қажеттілік туындаса мән-жайды көзбе-көз анықтап, жылжымайтын мүліктің тіршілікке не мүмкін, не мүмкін еместігін саралап, жылжымайтын мүліктің талап қоюшы мен оның жанұясы үшін жалғыс қоныс орны ма екендігін анықтап, нәтижесінде орын алған қарама-қайшылықтарды жойып, туындаған дауды заңды әрі әділ шешу мақсатында барлық шараларды қолдануы қажет. Кассациялық шағымның уәждері негізді деп танылғандықтан ол қанағаттандырылуға жатады.
Кассациялық сотта талап қоюшының өкілі іс бойынша келтірілген шығындарын жауапкер есебінен өтеуді сұрап, сотқа өтініш өткізген. Оның мазмұнын тексере келе, кассациялық сот бұл өтініш жартылай қанағаттандырылуға жатады деп тапты. Атап айтқанда, өтініш иесі 03.11.2025 жылғы №1407/2025 Техникалық қорытынды үшін 150 000 теңге төлегендігін және Атырау - Астана арасына әуежаймен барып-келуіне 116 927 теңге шығын шығарғанын көрсеткен. Алайда, аталған шығындардың қажетті тиісті құжаттармен расталуын тексере келе, сот кейбір қарама-қайшылықтарды анықтады. Техникалық қорытынды үшін шарт бойынша 150 000 теңге төледім десе, тіркеген фискалдық чектегі сома 151 500 теңгені құрайды, яғни сәйкессіздік орын алған. Оның үстіне алушы мен берушінің жеке деректері белгісіз, сатып алушы Булат И. - деген түсініксіз дерек көрсетілген. Қаржылық құжаттардың түпнұсқасы да ұсынылмаған. Бұдан тыс, аталған Техникалық қорытынды соттардың зерттеуінде болмаған, себебі ол сот актілері шыққан кейін пайда болған құжат. Мұндай жағдайда талап қоюшы тарапы көрсетілген кемшіліктерді түзетіп, аталған қорытындыны сотқа ұсынып, егер ол зерттеуге қабылданса, болашақта аталған мәселемен істі қайта қарайтын апелляциялық сотқа жүгінуге құқылы.
Ал, талап қоюшы өкілінің Атырау - Астана арасына әуежаймен барыпкелуіне жұмсалған 116 927 теңге шығын жауапкерден талап қоюшының пайдасына өндірілуге жатады. Оны растайтын әуежайдың электронды билеттері өтінішке тіркелген. Бұл тұста сот АПК-нің 108-бабының 7) тармақшасының талабын ескереді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 108 бабын, 451бабының екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша шығарылған Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 09 желтоқсандағы шешімінің, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын.
Аталған іс жаңадан қарау үшін апелляциялық сатыдағы соттың - Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының өзге құрамында қарауына жолдансын.
Талап қоюшы Булат Тауфихович Иманбаевтың пайдасына жауапкер Атырау облысы Махамбет ауданы әкімдігінен 116 927 (бір жүз он алты мың тоғыз жүз жиырма жеті) теңге сот шығындары өндірілсін.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.