№6003-25-00-2к/1613
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 қазан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, А.К.Есдаулетов,
талап қоюшы А.З.Бестерекбаевтың, оның өкілі Л.Е.Айтқұлованың, жауапкердің өкілі Б.А.Баймагамбетовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Адил Заутович Бестерекбаевтың жауапкер «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімінің №3 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күшін жойып, бұрыңғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытқа жалақы және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық іс бойынша Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы А.З.Бестерекбаев сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Жамбыл облысы Байзақ аудандық сотының 2025 жылғы 3 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкер «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімінің №3 орта мектебі» КММ-нің (бұдан әрі - Мекеме) 2024 жылғы 6 желтоқсандағы №129 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Талап қоюшы бұрыңғы қызметіне қайта алынған. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына амалсыздан бос жүрген уақытына 744 741 теңге жалақы, 100 000 тенге моральдық зиян және 1 966 тенге мемлекеттік баж өндірілген. Жауапкерден мемлекеттің пайдасына 3 932 теңге мемлекеттік баж өндірілген. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюдың қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың осы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа сот актісі шығарылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы шағымында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) талаптары сақталмауына байланысты апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,
заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
А.З.Бестерекбаев 2007 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Мекемеде әскери және техникалық дайындық пәнінің мұғалімі қызметін атқарған.
2007 жылғы 1 қыркүйектегі №135 еңбек шартының талаптарына сай, талап қоюшы еңбек тәртібін сақтауға міндетті болған.
Мектеп директорымен бекітілген сабақ кестесіне сай, 2024 жылдың 18 қарашасында 11 «а» сыныбында және 2024 жылдың 20 қарашасында 11 «ә» сыныбында алғашқы әскери және техникалық дайындық пәнінен сабақтарды өткізуге міндетті болған.
Алайда А.З.Бестерекбаев 2024 жылдың 18, 19, 20 қарашасында дәлелді себепсіз жұмыста болмаған.
2024 жылғы 5 желтоқсандағы кәсіподақ ұйымының сайланбалы органының дәлелді пікірі бойынша А.З.Бестерекбаевтың бес баланың әкесі және асыраушысы екені ескеріліп, жұмыстан босатуға қарсы екені, бірақ тәртіптік шара қолдану қажеттілігі көрсетілген.
Мектеп директорының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы №129 бұйрығымен А.З.Бестерекбаев Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы негізінде жұмыстан босатылған.
2025 жылғы 9 қаңтардағы жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының шешімі бойынша аталған еңбек дауы қарама-қарсы пікірлердің дауыстары тең болуына байланысты реттелмеген болып есептелінген.
А.З.Бестерекбаев қызметтен шығарылуымен келіспей, сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот жұмыс берушімен талап қоюшыға тәртіптік жаза қолдану тәртібі бұзылған деп талап қоюды ішінара қанағаттандырған.
Алайда бұл сот шешімімен апелляциялық сатыдағы сот келіспей талап қоюды толығымен қанағаттандырудан бас тартқан.
Кассациялық сот апелляциялық соттың бұл тұжырымымен төмендегі негіздермен келіседі.
Іс құжаттарынан анықталғаны А.З.Бестерекбаев үш сағат емес, үш күн қатарынан жұмыстан себепсіз болмаған.
Талап қоюшының 2024 жылғы 18,19 және 20 қараша күндері жұмыс орнында себепсіз болмағаны 2024 жылғы 28 қарашадағы №4 актімен, сондайақ, талап қоюшының 2024 жылғы 29 қарашадағы жазбаша түсініктемесімен расталады.
Талап қоюшының түсініктемесіндегі жұмысқа шықпаған күндері ауырып қалдым деген уәжі негізсіз болып табылады, себебі талап қоюшы еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтаманы ұсынған жоқ.
Талап қоюшының шағымында жұмыс беруші тәртіптік жазаны қолданғанға дейін жұмыскерден жазбаша нысанда түсініктеме талап етпей
Еңбек кодексінің 65-бабының талабын бұзған деген уәжі негізсіз, себебі аталған талап жұмыскер түсініктеме беруден бас тартқан жағдайда ғана қолданылады, ал А.З.Бестерекбаев жұмыста себепсіз болмау жөнінде жазбаша түрде 2024 жылғы 29 қарашада түсініктемесін берген.
Сондықтан кассациялық сот жұмыс беруші өз бастамасымен жұмыскерге тәртіптік шара қолдану кезінде Еңбек кодексінің 65,66,159баптарының, «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы №1 нормативтік қаулысының 8- тармағының талаптарын сақтай отырып, заңды түрде еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын шағарған. Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот апелляциялық сатыдағы сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н.Ормаханов
Судьялар А.Рамазанова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.