ВС РК - Постановление от 24.07.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3424 (Административное)

6001-23-00-6ап/3424, (2)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 24 шілде

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нурбаев болып, прокурор Б.И.Саттыбаевтың, жауапкер өкілі А.Т.Тауасаровтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «НұрСтройCom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) жауапкер «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - РММ, Басқарма) 2022 жылғы 27 желтоқсандағы хабарламаны ұсыну жөніндегі әрекетін заңсыз деп тану, 2022 жылғы 27 желтоқсандағы камералдық бақылау тексеру нәтижелері мен хабарламаны заңсыз деп тану және оның күшін жою жөніндегі талап қоюы бойынша қабылданған

Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 10 наурыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысына жауапкер, Түркістан облысының прокуроры келтірілген кассациялық шағым мен өтінішхатпен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 10 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер, прокурор кассациялық шағым мен өтінішхатта жергілікті соттардың сот актілерінің тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Тиісті түрде хабарланған талап қоюшының кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы, жауапкер өкілінің уәждерін, прокурордың кассациялық шағымы мен өтінішхатты қолдаған қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым мен өтінішхат уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша осындай негіздер бар.

Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда Басқармамен «Нұр Строй Соm» ЖШС-не камералдық бақылау тексеруі жүргізіліп, салық есептілігі бойынша анықталған бұзушылықтар нәтижелері бойынша 2022 жылғы 27 желтоқсанда хабарлама берілген.

Камералдық бақылаумен қамтылған кезең: 01.10.2019-30.09.2022 жылдар аралығы. Анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары хабарламаға тіркелген қосымшаларда көрсетілген. Аталған қосымшаларда Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 264-бабының 2-тармақшасына сілтеме жасалып, 495 476, 00 теңгеге заң бұзушылық орын алғандығы көрсетілген.

Салық кодексінің 96-бабының 5-тармағына сәйкес, талап қоюшы тіркеуі (қайта тіркеуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан көрсетілетін қызметті нақты алғанын сотта дәлелдеуге құқылы. АПК-нің 68-бабына сәйкес әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Осыған байланысты сот салық төлеушінің даулы хабарламаларға қарсылығын растау үшін ұсынған дәлелдемелерді қабылдауға және бағалауға міндетті. Жергілікті соттар дауды шешіп, талап қоюды қанағаттандыра отырып, тараптармен ұсынылған дәлелдемелерге мен бастапқы бухалтерлік құжаттарға тиісті құқықтық баға бермеген және зерттемеген. Атап айтқанда соттар бастапқы бухгалтерлік құжаттарды, келісім шарт аясында қандай жұмыстар, қызмет түрлері және көлемде орындалғандығы туралы сұрақтары талқыланбаған және зерттелмеген. Ол өз кезегінде материалдық және процестік нормаларын бұзу болып табылады. Мұндай жағдайларда сот алқасы соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдарын мерзімінен бұрын жасалған және негізсіз деп санайды, өйткені істің оны шешу үшін елеулі маңызы бар нақты мән-жайларына жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілмеген.

Істі жаңадан қарағанда көрсетілген кемшіліктерді жойып, тараптардың ұсынған дәлелдемелерін толық зерттеп, оларға құқықтық баға беріп, анықталған мән-жайларға байланысты заңды шешім қабылдау қажет.

Сонымен қатар, бастапқы Сайрам аудандық сотымен «НұрСтройCom» ЖШС-нің талап қоюы ӘРПК-нің 102-бабының 1- бөлігімен көзделген әкімшілік істердің соттылығы туралы қағидаттарын бұза отырып қабылдағанына орай, осы әкімшілік іс мәні бойынша қарау үшін Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілуге тиіс.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 10 наурыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.

Іс Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына мәні бойынша қарауға жолдансын.

Жауапкер «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің кассациялық шағымы мен Түркістан облыс прокурорының кассациялық өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Б. Нажмиденов Г. Нурбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.