КСАД РК - Постановление от 17.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/2634 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 17 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Тулеев,

судьялар – Р.М. Айнақұлова, Г.Б. Дуйсенбаев,

жауапкердің өкілі Ж.К.Алтынбаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Сандугаш Файзулаевна Нургазинованың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Әскери бөлім)

2024 жылғы 1 қарашадағы хаттаманы даулау және біржолғы тұрғын үй төлемдерін тағайындау, қолайлы әкімшілік акті қабылдауға мәжбүрлеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағыммымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Нургазинова С.Ф. жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде 2004 жылдан 2024 жыл аралығында Әскери бөлімде түрлі қызмет атқарғанын, алайда жауапкер біржолғы тұрғын үй төлемін төлеуден негіссіз бас тартқанын көрсеткен.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 25 наурыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының процессуальдық заң нормаларын бұзуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған талап қоюшының кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Кассациялық сот, жауапкер өкілі Ж.К.Алтынбаевтың кассациялық шағымға келтірген қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын және шағым уәждерін жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы С.Ф. Нургазинова 2004 жылғы 14 желтоқсаннан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының түрлі әскери бөлімдерінде әскери қызмет атқарған, алайда әскери қызметтегі шекті жасына жетуіне байланысты 2024 жылдың 23 қазанында қызметінен босатылған.

С.Ф. Нургазинова Әскери қызмет атқару барысында, яғни 2012 жылғы 19 қарашада отбасы мүшелерімен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған.

С.Ф. Нургазиноваға тұрғын үй сатып алуына байланысты мұқтаждар тізімінен шығарылып, тұрғын үй төлемдерін жаңартудан бас тартылған.

2024 жылғы 15 қазанда С.Ф.Нургазинова біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындау туралы баянатпен жүгінген, алайда тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 1 қарашадағы шешімімен С.Ф.Нургазиноваға аталған төлемді төлеуден бас тартылған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жауапкер өз өкілеттігі шеңберінде әрекет етіп, талап қоюшының құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол берілмегенін негізге алған.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 101-2-бабының 1-тармағына сәйкес, егер осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде өзгеше көзделмесе, әскери қызметшілердің (мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы, жүзеге асырылады.

Заңның 101-2-бабының 5-тармағына сәйкес, әскери қызметшілер әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқартылуына байланысты, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, өздеріне қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңдері үшін:

  1. бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдері;

  2. бұрын Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе әрбір қызмет өткеру орны бойынша меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдері шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қызметке кірген күннен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй төлемдерін алады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49 қаулысымен бекітілген Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 34-тармағына орай және Заңның 101-2бабының 5-тармағында көзделген негіз бойынша біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындау үшін өздері әскери қызмет өткеретін мемлекеттік мекеменің тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына баянатпен өтініш беретін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қарсы барлау және әскери полиция әскери қызметшілерін қоспағанда, әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органында үздіксіз қызмет өткерген барлық кезеңінде өзінің мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжаймен қамтамасыз етілгенін не қамтамасыз етілмегенін растайтын құжаттармен бірге мемлекеттік мекеме басшысының атына баянатпен өтініш береді.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2018 жылғы 19 маусымдағы №656 сатып алу-сату шартына сәйкес С.Ф. Нургазинова мен оның жұбайы үшін Астана қаласы, Рахымжан Қошқарбаев даңғылы, №50/1 үй, №57 пәтер мекенжайы бойынша тұрғын үйге меншік құқығы тіркелген.

Алайда, 2022 жылғы 20 маусымда аталған мүлік сыйға тарту шарты негізінде иеліктен шығарылған, яғни С.Ф. Нургазинова Заңның 101-2-бабының 5- тармағына сәйкес біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындауға кедергі келтіретін шарттық міндеттемелерді орындаған.

Істің бұндай тұрғысында жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тартуы заңды әрі негізді, себебі жауапкердің даулы ісәрекетінің салдарынан талап қоюшының құқықтары мен бостандықтары бұзылды немесе оларды жүзеге асыруда кедергілер туындады деп бағалауға негіз жоқ деп сот алқасы есептейді.

Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Сандугаш Файзулаевна Нургазинованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е.Б.Тулеев

Р.М.Айнакулова

Судьялар

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.