ВС РК - Постановление от 07.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2228 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 7 ақпан 6001-24-00-6ап/2228 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дүйсенбаев,

судьялар – Ш. Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ибраева Лаура Маратовнаның жауапкерлер Алматы облысы Талғар ауданының әкіміне, Алматы облысы Талғар ауданының маслихатына, «Талғар ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне мемлекет мұқтажы үшін алу туралы қаулыны орныдамағанын заңсыз деп тану туралы, Алматы облысы Талғар ауданының маслихатының жер телімін сатып алуға байланысты заңда көрсетілген шараларды орындамай, әрекетсіздік танытып отырғанын заңсыз деп тану туралы, Жер қатынастары бөлімінің жер телімін сатып алуға байланысты заңда көрсетілген шараларды орындамай әрекетсіздік танытып отырғанын заңсыз деп тану туралы, жер телімін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі шеңберінде тиісті шараларды жүргізу, оның ішінде жер телімін бағалау, жер телімін сатып алу туралы шарт жасау, жер теліміне өтем төлеу туралы шараларды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымына, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымымен талап қоюы қайтарылған.

Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа қарауға жолдауды сұраған.

Сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы Алматы облысы, Талғар ауданы, Талғар қаласы, «Жаңа» шағын ауданы, 5 мекенжайы бойынша орналасқан, көлемі 0.0912 га. құрайтын, кадастрлық нөмірі 03-057-004-588, жер телімінің меншік иесі болып табылады.

Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің 20 желтоқсан 2020 жылғы №12-533 қаулысымен және оған өзгерістер енгізу туралы 1 қараша 2022 жылғы №11-551 қаулысымен аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алуға шешім қабылданған.

Алайда қазіргі уақытқа дейін жылжымайтын мүлік мемлекет мұқтажы үшін алынбаған.

Л.М.Ибраева сотқа берген талап қоюында жылжымайтын мүлікін мемлекет мұқтажы үшін алынбаған, сондықтан жауапкерден жер телімін мемлекет мұқтажы үшін іс шараларды қабылдауға мәжбүрлеуді сұраған.

Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

ӘРПК-нің 102-бабы 2-бөлігіне сай, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

Осы Кодекстің 4-бабының 1-бөлігінің 3) тармақшасыны сәйкес ауыртпалық салатын әкімшілік акт – әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт.

Осы батың бірінші бөлігінің 9) тармағына сай әкімшілік талап қою (талап қою) – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап болып саналады.

Бұл ретте даудың мәні іске асырудан бас тартатын, әкімшілік рәсімге қатысушының жария-құқықтарын шектейтін немесе оған белгілі бір міндеттер жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзге де жолмен нашарлататын әрекеттер (әрекетсіздік) болып табылады. Даулы қаулыда, талап қоюшыға көрсеткен шараларды тікелей орындау туралы билік бұйрықтары жоқ, жария-құқықтарды іске асыратын, шектейтін, тоқтататын, міндеттерді жүктейтін немесе тоқтататын немесе талапкердің жағдайын басқаша жағдайын нашарлататын не жақсартатын тұжырымдамалар белгіленбеген.

Талапкердің жер учаскесі оның жеке меншігінде және даулы қаулымен оның жер пайдалану құқығын шектемеген.

Әкімнің тиісті қаулы қабылдауы жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімінің бір бөлігі ғана болып табылады және әкімшілік сотқа даудың дербес нысанасын қамтымайды.

Яғни, талапкердің жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулысы қажетті рәсімнен өтпеу себебінен іске асырылмаған.

Осыған орай, ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымына, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Әлімжан Қайрат Әлімжанұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г. Дүйсенбаев Судьялар

Ш. Даниярова Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.