ВС РК - Постановление от 18.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/349 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 18 шілде 6001-24-00-6ап/349 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Г.Б. Дүйсенбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры

М[...],

талап қоюшының өкілі М[...],

жауапкер Шымкент қаласының білім басқармасы «Индустриялықтехникалық колледж» МКҚК-ның (бұдан әрі – К[...]) өкілі А[...],

мүдделі тұлға «ТД[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі А[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер С[...] жауапкерлер К[...], «Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Департамент) 2023 жылғы 24 наурыздағы №790000000-КПТСОПО-32-219559 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны (бұдан әрі – Хабарлама), 2023 жылғы 30 наурыздағы №9158866ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттаманың бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою, 2023 жылғы 3 сәуірдегі №33 мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп танып, күшін жою, тапсырыс беруші/ұйымдастырушыны конкурс нәтижелерін қайта қарауға мәжбүрлеу, Департаменттің 2023 жылғы 30 қазандағы жауап хатын заңсыз деп танып, оған ішкі мемлекеттік аудит комитетінің 2023 жылғы 28 маусымдағы нұсқауын орындауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Ж[...] пен Департаменттің өкілдері істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптар өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) дәлелді деп санамайды. Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер мен мүдделі тұлға өкілдерінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сай сот актісінің күшін жоюға іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Жергілікті соттар талап қоюды қайтаруын талап қоюшы Департаменттің Хабарламасын, 2023 жылғы 30 наурыздағы №9158866ОК1 «Тәрбиеленушілер мен білім алушылардың тамақтануын қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу жөніндегі (Ет өнімдері)» туралы конкурс қорытындыларын және жауапкерлерлердің басқа да әрекеттерін даулап сотқа бірінші рет 2023 жылдың 28 тамызында сотқа жүгінгенін.

Департамент 2023 жылғы 25 сәуірдегі хатымен талап қоюшыға және Комитетке №9158866-1 конкурс, №59278837-КПТСОПО2 лот бойынша «отандық тауар өндірушінің мәртебесін растайтын құжаттың болу критерийі» С[...] қолданылмайтыны, себебі талап қоюшымен шикі сүт өнімі мәлімделген, ал конкурс құжаттарына сәйкес қоюландырылған сүт сатып алынатыны көрсетілгені жөнінде жауап бергенін.

Талап қоюмен жүгіну мерзімі 2023 жылдың 25 сәуірінен басталып, 2023 жылдың 25 мамырында аяқталған, яғни С[...] заңда көзделген сотқа талап қоюдың бір ай мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алғандығымен негіздеген.

Алайда соттардың бұл түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейді.

Талап қоюшы дауды сотқа дейінгі шешудің барлық процессуалдық талаптарын сақтап, адал әрекет жасаған. Дауласушы тараптардың мұндай әрекеттері құпталып, ынталандырылып отыруы тиісті.

Комитет С[...] шағымымен келісіп аталған конкурс бойынша Департаментке бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған.

Департамент бұл нұсқауды орындамай, уәждер келтіріп 2023 жылдың 25 сәуірінде талап қоюшыға және Комитетке хабарлаған.

Сонымен қатар, Департамент 2023 жылғы 30 қазандағы №09-16/4242 шығыс хатымен Комитеттің 2023 жылғы 28 қыркүйектегі №КВ/6967 тапсырмасы бойынша аудиторлық іс-шаралар жүргізіліп жатқаны, қарау мерзімі екі айға ұзартылғаны хабарланған.

Яғни, дауды сотқа дейінгі шешудің түпкілікті нәтижесі аяқталмаған. Тиісінше шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша түпкілікті шешімі арызданушыға табыс етілмеген.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Сондықтан соттардың талап қою мерзімі дәлелсіз себеппен өткізілген деген негізбен талап қоюды қайтаруы заңсыз болып табылады.

Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші саты сотына талап қоюды мәні бойынша қарауға жолдануға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы ұйғарымының, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы ұйғарымының күші жойылсын. Іс Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жаңадан қарауға жолдансын.

Талап қоюшы жеке кәсіпкер С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Г. Дүйсенбаев

Судьялар

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.