6001-19-00-3г/7921
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 20 қаңтар
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Н.Қ.Сұлтанов,
талап қоюшы «Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Маңғыстау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме) дара кәсіпкер «К[...]» (бұдан әрі – дара кәсіпкер К[...]) банкрот деп тану туралы талабымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылыған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 27 шілдедегі шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 5 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы дара кәсіпкер К[...] келтірген өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Мекеме дара кәсіпкер К[...] банкрот деп тану туралы арызымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 27 шілдедегі шешімімен арыз қанағаттандырылған, дара кәсіпкер К[...] банкрот деп танылып, банкроттық рәсімі қозғалған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 5 маусымдағы қаулысымен сот шешімінің өзгеріссіз қалдырылған. Өтінішхатта дара кәсіпкер К[...] жергілікті соттар істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын дұрыс айқындамағанын және анықтамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергендігін көрсете отырып, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып Мекеменің арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Мекеменің сотқа берген арызы бойынша дара кәсіпкер К[...] салық бойынша жалпы қарызы 1 775 408 теңгені құрайды, бұл салық қарызы 2008 жылдың 2, 3 тоқсандарында қосымша салық есептеліктерін тапсыру нәтижесінде пайда болған.
Дара кәсіпкер К[...] аталған салық қарызын өз еркімен төлемегендіктен, оны өтеу тұралы 2009 жылдың 25 желтоқсанында және 2010 жылдың 5 қазанында хабарлама табысталған.
Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу туралы заңда белгіленген барлық шаралар қолданылғандықтан Мекеме аталған арызбен сотқа жүгінген.
Осы азаматтық іс қарау барысындағы редакциясында Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 5-бабының 1- тармағының 2)-тармақшасына сәйкес кредитордың борышкердi банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгiнуi үшін борышкердiң төлем қабiлетсiздiгi негiз болып табылады.
Егер салық берешегі бойынша борышкердің филиалдары мен өкілдіктерінің берешегін қоса алғанда, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап төрт ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз елу айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайтын болса, борышкер төлемге қабілетсіз болып табылады.
Дара кәсіпкер К[...] салық бойынша қарызы бір жүз елу айлық есептеу көрсеткішінен асып тұр, борышкердің меншігінде өзінің отбасымен тұрып жатқан үйінен басқа мүлігі анықталмаған, сондықтан ол қарызын өтеуге мүмкіндігі болмағандықтан, ол төлемге қабілетсіз деген тұжырымға келіп, бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырған.
Апелляциялық сот алқасы, бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, борышкердің дебиторлық берешегі бар екені туралы уәждері негізсіз деп есептеп, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Дара кәсіпкер К[...] өтінішхатында салық бойынша қарызы «Мырзабек-АЛТЫН ТАС групп» АҚ-на (бұдан әрі – Қоғам) 8 098 502 теңгеге қызмет көрсеткеннен пайда болғанын көрсеткен.
Бұл ретте, оның алдында көрсетілген Қоғамның аталған сомаға дебиторлық берешегі бар. Кәзіргі уақытта Қоғамның банкроттық рәсімі өткізілуде, 4-кезектегі кредиторларға берешек төлеу басталды, ал дара кәсіпкер К[...] кредиторлар тізілімінің 5-кезегінде тұр және жақын арада ақша қаражатын алуды күтүде.
Борышкер кредиторлар тізіліміне Қоғамға оңалту рәсімі жүргізілген кезде еңгізілгені Коғамның оңалту басқарушының 2016 жылғы 11 қазандағы хатымен дәлелденеді.
Сонымен қатар, Коғамның банкроттың рәсімінде кредиторлар талаптары тізілімінің 5-кезегінде қарыз мөлшері 8 098 502 теңге көлемінде тұрғандығы банкроттық басқарушының 2019 жылғы 10 шілдедегі хатымен дәлелденеді.
Борышкер осы азаматтық іс бірінші сатыдағы сотта қаралғандығы туралы хабар алмай, қойылған талап бойынша түсініктеме бере алмай, көрсетілген дәлелдемелерді сотқа ұсына алмаған.
Осыған қоса, банкроттық рәсім қозғалғаннан кейін дара кәсіпкер К[...] салық органдары алдындағы берешегін өтеп кәзіргі уақытта
қарызы жоқ екендігі Мекеме берген мәліметтермен және салықты төлеу түбіртегімен дәлелденеді.
Өтінішхатта дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін келтірген негіздер бар болуына орай, өтінішхатты іспен бірге азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін беру қажеттігін ескере отырып,
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облысының мамандандырылыған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 27 шілдедегі шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 5 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарауға берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушыларға жолдансын.
Судья Н.Сұлтанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.