ВС РК - Постановление от 09.03.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2074 (Административное)

6001-22-00-6ап/2074

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 9 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев,

талапкер өкілі Б[...], жауапкер Р[...], мүдделі тұлға Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Т[...] жауапкер жеке сот орындаушысы Р[...] тыйым салған мүлікті өткізуге беру туралы іс-әрекеттерін заңсыз деп тану, пәтерді өткізуге беру туралы қаулыны және электрондық аукцион нәтижесі туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызы бойынша,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 шілдедегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 тамыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Талап қоюшы Т[...] (бұдан әрі - талап қоюшы) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 шілдедегі шешімімен талап арыз толығымен қанағаттандырылған.

Сот орындаушысы Р[...] Шымкент қаласы, 17 мөлтек ауданы, №[...] үйдің №[...] пәтерін өткізуге беру туралы іс-әрекеттері заңсыз деп танылған.

Ж[...] Шымкент қаласы, 17 мөлтек ауданы, №[...] үйдің №[...] пәтерін өткізу туралы 2021 жылғы 13 мамырдағы электрондық аукцион нәтижесі туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Сот орындаушысы Р[...] тараптарды бастапқы қалпына келтіру міндеттелген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер жеке сот орындаушысы Р[...] (бұдан әрі - сот оырндаушысы) кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және іс бойынша жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Ж[...] Р[...] кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының өкілі Б[...], мүдделі тұлға Т[...] оған қатысты пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, жеке сот орындаушысы Р[...] өндірісінде борышкер Ж[...] өндіріп алушылар Т[...], А[...], А[...] және У[...] пайдасына барлығы 5 174 700 теңгені өндіру туралы атқарушылық ісі болған.

Атқарушылық іс жүргізу барысында борышкер Ж[...] Т[...] мен А[...] пайдасына өндірілуге тиіс сома ішінара өндіріліп, қалған борыш сомасы 4 250 700 теңгені құраған.

Көрсетілген қарыз сомасы бойынша атқарушылық құжаттарды орындау мақсатында сот орындаушысы борышкер Ж[...] атында тіркеуде тұрған Шымкент қаласы, 17 мөлтек аудан, №[...] үйдің №[...] пәтеріне бағалау жүргізіп, нарықтық құнын анықтап, қарыз сомасын осы мүліктен өндіріп алуды қолдану туралы сотқа ұсыныспен жүгінген.

2021 жылғы 30 наурыздағы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының ұйғарымымен борышкердің меншігіндегі Шымкент қаласы, 17 мөлтек аудан, №[...] үйдің №[...] пәтеріне өндіріп алу қолданылған.

2021 жылғы 22 сәуірде сот орындаушысы тыйым салынған мүлікті өткізу туралы қаулы қабылдаған, ал 2021 жылғы 13 мамырдағы электронды аукцион нәтижесі бойынша аталған мүлік 12 223 838 теңге 90 тиынға Т[...] сатылып, мүлікті сатып алу-сату туралы шарт түзілген.

Сот орындаушысының 2021 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен жоғарыда көрсетілген атқарушылық іс жүргізулер бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Бұл іс-әрекеттерді жасау барысында сот орындаушысына даулы пәтерге қатысты Банктің кепіл шарты тіркеліп тұрғаны белгілі болған, алайда сот орындаушысы оны назарға алмай, тіркеуде тұрған қандай ауыртпалық, қандай шарттың негізінде қойылғанына көз жеткізбеген. ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

2016 жылғы 30 желтоқсандағы кепілпұл шартына сәйкес, борышкер Ж[...] даулы пәтерді талап қоюшы Т[...] 10 216 585 теңгеге сататын болып келісіп, осы міндеттемені орындау мақсатында пәтердің құнынан 5 750 000 теңгені кепілпұл ретінде алған, пәтердің қалған сомасы 4 466 585 теңгені борышкердің Банк алдындағы несие шарты бойынша міндеттемесін орындау үшін ай сайынғы төлем ретінде Банкке төлейтін болып келісілген.

Кепілпұл шарты түзілген кезден бастап, Ж[...] пәтерді Т[...] босатып берген, сол кезден бастап талап қоюшы сол пәтерде отбасымен тұрып, борышкердің Банк алдындағы ай сайынғы міндеттемесін төлеп, 2019 жылғы 12 желтоқсанда соңғы төлемді жасап, Банк өз кезегінде пәтерді кепілден босату туралы сенімхатты берген.

Алайда, сот орындаушысының тарапынан пәтерге тыйым салынуы салдарынан оны кепілден босатып, өз атына рәсімдеуге мүмкіндік болмаған.

Аталған мән-жайлар жергілікті соттармен толық анықталған. Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушысы заң бұзушылықтарға жол беріп, атқарушылық іс жүргізу қозғалғанға дейін борышкерден пәтерді сатып алып, ашық пайдаланып, міндеттемесін толық орындап келген талап қоюшының құқықтарына нұқсан келтірілуі әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарына сай келмейді деген тұжырым жасаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдарын заңды әрі негізді деп табады.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 126-бабының 3- тармағына сай сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті. Жергілікті соттардың Т[...] талап арызын толық қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымын сот алқасы ӘРПК-нің 8-бабына, яғни әділдік қағидатына сай келеді деп санайды. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актісі күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 шілдедегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер жеке сот орындаушысы Р[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б.

Судьялар Нажмиденов Б.Т.

Нурбаев Г.К.

Көшірмесі дұрыс.

Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.