ВС РК - Постановление от 14.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/854 (Административное)

6001-24-00-6ап/854

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 14 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Г.К. Нурбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Канат Шамкенович Кафизовтың жауапкер жеке сот орындаушысы Ермек Серикбаевич Алибековке қаулыны даулау, жаңа қаулы қабылдағанда соммаларды есепке алуды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы шешіміне, Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 қаңтардағы қаулысына талап қоюшы К.Ш.Кафизовтың кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы К.Ш. Кафизов жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, негіздемесінде сот орындаушысы Е.С.Алибековтың атқару өндірісі бойынша 2023 жылдың 1 кыркүйегінде қабылдаған қаулысы заң талаптарына қайшы қабылдағанын негіздеген.

Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.

Жеке сот орындаушы Е.С.Алибековтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап арыздың басқа бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы К.Ш.Кафизов кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын толық көлемде қанағаттандыруды сұраған.

Сотқа қатысушылар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Ақмола облысының Есіл аудандық сотының 2012 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен К.Ш.Кафизовтан А.К.Есмагамбетованың пайдасына оның кәмелет жасқа толмаған балаларына ай сайынғы еңбек ақысының және (немесе) өзге де кірістерінің үштен бір бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген.

2018 жылғы 4 маусымда атқарушылық іс жүргізу қозғалған, 2023 жылғы 1 қарашада сот орындаушысы талап қоюшымен берілген салық декларациялар негізінде оның берешегін анықтау туралы қаулы қабылданған: 2020 жыл үшін – 3 042 600 теңге, 2021 жыл – 5 027 950 теңге, 2022 жыл – 8 428 630 теңге, барлығы 16 498 580 теңге.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасы Заңының» (әрі қарай - Заң) 127-бабына сай, өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi шешiмiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкiн. Шағым сотқа Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен берiледi.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 169-бабының 1,3-тармақтарына сай, алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.

Осы Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды.

Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген. Жеке сот орындаушы Е.С.Алибеков дауланып отырған қаулыны қабылдағанда борышкердің кірісін ол берген салық декларациялары негізінде есептеген.

Қаулыға сәйкес, борышкердің кірісі мынадай сомаларды құраған: 2020 жыл – 3 042 600 теңге, 2021 жыл – 5 027 950 теңге, 2022 жыл – 8 428 630 теңге. Барлығы 16 498 580 теңге.

Алайда «Көкшетау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің сотқа ұсынған мәліметіне сәйкес, борышкердің кірісі: 2020 жыл – 6 945 916 теңге, 2021 жыл – 5 027 950 теңге, 2022 жыл – 8 428 630 теңге деп көрсетілген.

Демек, дауланып отырған қаулыны қабылдау барысында жауапкер тарапынан талап қоюшының 2020 жылғы кірісі толығымен назарға алынбаған, тиісінше Заң талаптары бұзылған.

Сонымен қатар, жергілікті соттардың талап қоюшының жеке сот орындаушы берешекті анықтау туралы қаулы қабылдағанда өзінің барлық шығыстарын және балаларын қамтамасыз етуге бағытталған сомаларды ескеруді міндеттеу туралы талабы қанағаттандырусыз қалдырылғаны заңды әрі негізді, себебі, бұл сұрақтар тек сот орындаушының құзыретіне жатады.

ӘРПК 84-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Сондықтан, сот алқасы талапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы шешімі, Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Канат Шамкенович Кафизовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар Г.К. Нурбаев

Е.Ж. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.