ВС РК - Постановление от 23.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/285 (Административное)

6001-24-00-6ап/285

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 23 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,

талап қоюшының өкілі С[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында, өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер жеке сот орындаушы К[...] 2023 жылғы 7 қыркүйектегі берешекті айқындау туралы қаулысының күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының өкілі келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Т[...] жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде сот орындаушысының берешекті анықтау туралы қаулысы атқарушылық заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін, себебі балаларының балабақшасына, мектебіне, спорт гимнастикасына, киімдеріне, тағы басқа қажеттілік шығындарын өндіріп алушының Каспий голд шотына аударып отырғанын, 2022 жылдың 30 маусым - 2023 жылдың 7 қаңтар аралығында 2 919 437 теңге төленгенін, алайда сот орындаушысы бұл түбіртектерді есепке алмағанын көрсеткен.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Талапкер өкілі С[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы талап қоюшының өкілі С[...] кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2022 жылғы 31 мамырдағы сот бұйрығымен талап қоюшыдан С[...] пайдасына кәмелетке толмаған балаларын асырап бағу үшін оның барлық табысының 1/2 бөлігі мөлшерінде 2022 жылдың 31 мамырынан бастап алимент өндірілген.

Жоғарыда аталған сот бұйрығы мен өндіріп алушының арызы негізінде жеке сот орындаушысы К[...] 2023 жылғы 16 маусымда атқарушылық өндіріс қозғалған.

2023 жылғы 7 қыркүйектегі берешекті анықтау туралы қаулыға сәйкес, талап қоюшының 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі борышкердің алимент қарызының сомасы 2 779 466,20 теңгені құрайтыны анықталған.

Қазақстан Республикасының «Сот орындаушысының мәртебесі және атқарушылық іс жүргізу туралы» заңының (бұдан әрі - Заң) 99-бабының 2-бөлігіне сай, алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейтiні көрсетілген.

Іс құжаттарынан, талап қоюшы «И[...]» ЖШС-нің директоры қызметін атқаратыны және 2022 жылдың маусым айынан 2023 жылдың тамыз айына дейінгі кезеңінде 5 558 392,40 теңге еңбекақы алғаны анықталған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 138-бабының 1-бөлімін басшылыққа алып, яғни, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балдарын күтіп бағуға міндеттілігі туралы нормаға сай, талап қоюшының «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы арқылы балаларының балабақшасына, мектебіне, спорттық гимнастикаға, киімдеріне және де басқалай шығындарына жіберілген сомалар, балаларын күтіп бағуға міндеттілігінен туындайтын шара ретінде қабылдануға жатады деп тұжырымдаған.

Сондай-ақ, «Kaspi.kz» мобильді қосымшасынан алынған түбіртектерге сәйкес, онда төлемдердің мақсаты көрсетілмегені және сомалардың келіп түсу кезеңділігі мен тұрақтылығы сақталмағаны, аударылатын сомалардың мөлшері әр-түрлі екені байқалады.

Істің бұндай тұрғысында жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тартуы заңды әрі негізді, себебі жеке сот орындаушысының даулы қаулысы оған берілген өкілеттіктер шеңберінде шығарылған және жауапкердің іс-әрекетінің салдарынан талап қоюшының құқықтары мен бостандықтары бұзылды немесе оларды жүзеге асыруда кедергілер туындады деп бағалауға негіз жоқ деп сот алқасы есептейді. Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты. Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы талапкер өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

С.Ү. Баймаханов Г.К. Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс.

Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.